Жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БОЙЫНША ІРІ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСАДЫ

Мемлекет басшысының Жолдауында елімізге инвестиция тарту мәселесіне де ерекше тоқталды. Елдегі экономикалық жағдай соған тікелей байланысты. Демек, бұл өңір басшыларының да тікелей міндетіне кірмек. Жолдау жүктеген міндеттерді іске асыру бағытында Түркістан өңірлік инвестициялық штабының кезекті отырысында бірнеше жаңа жоба талқыланды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен жиында кәсіпкерлер тарапынан инвестциялық жобалар ұсынылды. Оларды жүзеге асыру және мемлекеттік қолдау көрсету мәселесі талқыланды.«Бес Қара» ЖШС Сарыағаш ауданында 4 ірі жобаны жүзеге асыруға ниетті. Құс етін дайындау және сою бекеті жобасының құны – 700 млн. теңге. 25 адам жұмыспен қамтылады. Жоба басталып кетті. Қазіргі таңда жаңа құрылғыларды сынақтан өткізіп жатыр. Ал ірі қара мал үшін бордақылау алаңын 2500 басқа кеңейту жобасы биыл күзде жүзеге аспақ. Жоба бойынша жер анықталып, құрылысы басталған. Аталған инвестор мұнымен тоқтамай, 20 мың бас ұсақ малға арналған бордақылау алаңын да салмақ. Жоба құны – 500 млн. теңге. Жоба 2024 жылға қарай жүзеге асады. Сонымен бірге «Бес Қара» ЖШС арнайы мал сою бекетін ашып, етті шетелге экспорттамақ.Инвестштаб отырысында Өзбекстанның «GLOBAL TEXTILE» компаниясының басшылығының да ұсыныстары мен пікірлері тыңдалды. Өңір басшысы жобаны жылдамырақ жүзеге асыру қажет екенін жеткізді.– Бізге әрбір инвестициялық жоба маңызды. Аудан, қала әкімдері, жауапты басқармалар бұл бағытта жұмысты тоқтатпауы керек. Бүгін ұсынылған жобаларға қолдау көрсетіледі. Бюрократиялық кедергілерге жол жоқ. Кәсіпорын ашатын арнайы орындарды табу, келісімшарттар жасауда барынша қолдау көрсетілуі тиіс. Тоқыма кластері бойынша жұмысты жылдамдатқан жөн. Ешқандай кедергі жоқ, мәселелер болса, талқылауға дайынбыз, – деді Дархан Сатыбалды.Биыл Мақтаарал ауданында «Global Textile Turkistan» ЖШС кеңсесінің ресми ашылуы жоспарлануда. Бүгінгі таңда Мақтаарал ауданының фермерлерімен 15 гектарға «Наманган-77» шитін егу туралы уағдаластыққа қол жеткізілген. Ал «Ет Агро Манкент» компаниясы Сайрам ауданынан 5000 басқа арналған бордақылау алаңын, етті терең өңдеу кешенін, сою бекетін салмақ. Жобаның құны – 6 000 млн. теңге. 100 жұмыс орны ашылмақ. Жер, несие және газбен қамту мәселесі бар. Бұл мәселелер бақылауға алынды.Түркістан облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Н.Мырзахметов Инвестициялық штабта берілген хаттамалық тапсырмалардың орындалу барысы туралы есеп берді. Облыс әкімі осы салада міндетін дұрыс атқара алмай отырған бірнеше әкімге сын-ескертпе айтып, жұмысты ширатуды тапсырды.Инвестициялық штаб отырысында өңірдегі 9 индустриалды аймақтың жай-күйі сарапталып, мәселелері тыңдалды. Облыстағы арнайы экономикалық аймақты кеңейту және инфрақұрылым желісін жақсарту құрылысының жағдайы сарапталды. Сондай-ақ «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы сүйемелдеуіндегі жобалардың жағдайы мәлімделді. Осы салаларға жауапты басшылардың есептері тыңдалып, кемшіліктер екшелді. Кентау қаласының әкімі Ж.Тасовтың инвестициялық жобалар іске бойынша мәліметтері де талқыланды.– Облыстағы индустриалды аймақтардың бәріне ревизия жасалып, мәселелері түгел зерделенсін. Бұл түйткілді шешу керек. Индустриалды аймақтарға жанашырлықпен және жауапкершілікпен қараған жөн. Әрбіріңіз әртүрлі сылтау айтасыздар. Инвесторларға жағдай жасап, кәсіпорындарды көбейту – ортақ міндет. Жаңа жобалар, ізденістер аз. Жұмысты ширатыңыздар. «Ауыл аманаты» жобасы бойынша халыққа нақты көмек көрсетіп, сүйемелдеу керек, – деген Дархан Сатыбалды жауапты басшылар мен аудан, қала әкімдеріне тапсырмалар берді.Инвестициялық штаб отырысында ұсынылған жобалар мен тапсырмалардың орындалуы бойынша әр аптада есеп беріліп тұрады. Хаттамалық тапсырмалардың орындалуы облыс әкімінің тікелей қадағалауына алынған.  

Қатысты жаңалықтар

ДАРХАН САТЫБАЛДЫ ҚЫТАЙДЫҢ БАС КОНСУЛЫМЕН КЕЗДЕСТІ

azatmedia

БҰЛ — МЕНІҢ АЛҒАШҚЫ САЙЛАУЫМ

azatmedia

ДАРХАН САТЫБАЛДЫ ҚХА ЖАНЫНДАҒЫ ҚҰРЫЛЫМДАР МЕН ЭТНОМӘДЕНИ БІРЛЕСТІКТЕРДІҢ ЖЕТЕКШІЛЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

azatmedia