Жаңалықтар

Уәде — орындалуымен құнды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзі көптен бері көкейде жүрген біраз мәселелерге қозғау салды. Әсіресе, ұзақмерзімді стратегияларды қайта қарау керек деген сөзі елең еткізді. Неге? Өйткені, осыдан жиырма-отыз жыл бұрын қабылданған жоспарлар мен жобалар бүгінгі заман талабына жауап бере алмайды. 

Иә, Президенттің саяси және қоғамдық өзгерістер жасауға мықтап бел буғанын әрбір баяндамасынан, әрбір сөзінен аңғаруға болады. Айталық, осыдан бір жыл бұрынғы Жолдауында біраз мәселелерді ашық айтып, оны оңтайлы шешу жолдарын көрсеткен болатын. Сол айтылған мәселелер қаншалықты жүзеге асты деген сұрақ елдің ертеңіне бей-жай қарай алмайтын кез келген адамды ойландыратыны анық. Саралап көрсек, сөзден іске көшкеніміз де аңғарыла бастағандай. Мысалы, конституциялық реформа арқылы бүкіл жүйені өзгертетін қадамдар жасалып жатқаны рас. Президент жеті жылға бір рет қана сайланатын болды. Сондай-ақ, Парламенттің құзыреті мен қызметі қайта қаралды. Депутаттардың рөлі едәуір күшейді. Конституциялық сот құрылды. Бүкіл сот жүйесіне түбегейлі реформа жасау басталды. Міне, осындай маңызды міндеттерді одан әрі жалғастыру үшін қандай қадамдарға бару керек екенін ел Президенті кешегі Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде айқындап берді. «Алдымызда айрықша маңызды міндеттер тұр. Біз жан-жақты жаңғырту жұмысын күшейтуіміз қажет. Сондай-ақ, әлеуметтік- экономикалық даму барысына тың серпін беруіміз керек» деген Қасым-Жомарт Кемелұлы кейбір көкейтесті мәселелерді де ашық айтып, оны шешу жолдарын қарастыруды тапсырды. «Жасыратыны жоқ, қарапайым халықтың тұрмыс жағдайы әлі күнге дейін жақсы емес. Құқықтық әділетсіздік белең алды. Бай мен кедейдің арасы алшақтай түсті. Алдағы бес жылда Үкімет және Парламент осы негізгі мәселелердің шешімін табуы қажет» деді.  

Айтса айтқандай, елімізде экономика және әлеуметтік салада жылдар бойы қордаланған проблемалар бар. Оның барлығын ретке келтіру үшін кейде жұрттың бәріне бірдей жаға бермейтін, бірақ, тиімді әрі қажетті шешімдер қабылдау керек болатыны да түсінікті. 

Сондай-ақ, мемлекеттік жоспарлау жүйесін жаңғырту мәселесіне жеке тоқталған Президент соңғы жылдары әлемде теңдессіз геосаяси, экономикалық және технологиялық өзгерістер орын алып жатқанын, осыған байланысты біздің кейбір стратегиялық құжаттарымыз өзектілігін жоғалтқанын айта келе: «Қазақстан – 2050» стратегиясын» түбегейлі қайта қарау қажет. Яғни бұл құжатты қазіргі жаһандық үдерістерді ескере отырып, ел дамуының ұзақ мерзімге арналған басымдықтарын айқындайтын стратегияға айналдыру керек» деді.

Жалпы, алда атқарылатын кез келген жұмыс мұқият жоспарлануы керек. Сонда мемлекеттік саясат стратегиялық сипатқа ие болады және тұрақты жүзеге асырылады. Сонымен бірге еліміз кез келген сын-қатерге төтеп бере алады.

Сөз соңында мемлекеттік басқарудың тиімділігі мен стратегиялық жоспарлаудың сапасын көтеру қажет екеніне тоқталған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңадан сайланған депутаттарға қарата сайлау алдында берілген уәде орындалуымен құнды екенін де ескертіп қойды. Шынында да уәде орындалып жатса, азаматтардың билікке және шынайы өзгеріске деген сенімі арта түсетіні анық. 

Жеңіс БАЙЖАНОВ, Мақтаарал ауданының құрметті азаматы

Қатысты жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: АРЫСТА КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ ҮШІН ҚАЙТАРЫМСЫЗ ГРАНТТАР БАҒДАРЛАМАСЫ ЕНГІЗІЛДІ

azatmedia

САПАЛЫ БАЙЛАНЫСТЫ СҰРАЙТЫНДАР КӨП

azatmedia

Сарыағаштағы шу: сатушылар неге наразы?!

azatmedia