Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Жергілікті өзін-өзі басқару мәселелеріне, қоғамдық кеңестердің, пәтер иелері кооперативтері мен мүлік иелері бірлестіктерінің қызметін өзгертуге айрықша назар аудару қажет. Тұрғын-үйлер мен қала инфрақұрылымын абаттандыру мәселесін қолға алу керек, деп айтып өткен болатын.
Осы орайда, Ордабасыда аудандық маңызы бар жолдардың қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 39,1%-дан 73,6%-ға жетсе, ал топырақ жолдардың үлесі 41,2%-дан 35,6%-ға төмендеген.
Сондай-ақ, аудандық бюджет есебінен биыл 23 көше және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 27 көше орташа жөндеуден өтеді. Нәтижесінде елдімекендердегі ішкі көшелердің қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 60%-ға жетпек. Атап айтқанда, биыл ауданда «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Теспе, Бөген, Жамбыл, Бірлік, Берген, Ынталы, Тоқсансай, Береке, Елшібек батыр, Ынтымақ, Қайнар, Қызылжар, Бейсен, Мақташы ауылдарындағы ішкі көшелер жөндеуден өтеді.
Бұдан бөлек, Ынтымақ, Жеңіс, Қарақұм, Ақсары, Шұбарсу, Бадам, Ұялыжар, Жеңіс, Қарақұм, Мақташы, Темірлан, Көктөбе, Қызылсеңгір, Қажымұқан, Амангелді, Ынталы, Спатаев ауылдарындағы топырақ жолдарға тас төселмек.
Ауданда жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 29 көше жарықтандырылды. Нәтижесінде аудандағы 140 көшенің жарықтандырылуы 20,6%-ға жетті. 2023 жылы 10 көшені толық жарықтандыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ, былтыр аймақта автомобиль жолдары бойында 26 бейнебақылау камерасы орнатылса, биыл 18 «Сергек» камерасы орнатылады.