Президент Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Үкіметке коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуды тапсырды, «Жергілікті өзін-өзі басқару мәселелеріне, қоғамдық кеңестердің, пәтер иелері кооперативтері мен мүлік иелері бірлестіктерінің қызметін өзгертуге айрықша назар аудару қажет. Тұрғын-үйлер мен қала инфрақұрылымын абаттандыру мәселесін қолға алу керек. Сонымен бірге, Жолдауда «Автожол құрылысына, соның ішінде жергілікті жолдардың сапасына баса мән беру керек. Бюджеттен қыруар қаржы бөлінсе де, бұл мәселе әлі шешімін таппай отыр. Мен 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде тапсырма бердім. Үкімет бұл мәселені тікелей бақылауға алсын. Жол құрылысындағы заңсыздықтарды анықтау қажет. Бұл жұмыстан нақты нәтиже шығару керек», деп атап өткен болатын.
Бүгін Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен Созақ ауданында баспасөз-туры өтті, деп хабарлайды anyqtimes.kz ақпараттық агенттігі.
Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері алдымен Шолаққорған-Түркістан бағытындағы «Жасыл белдеу» аймағына аялдады. Аудан әкімінің бастамасымен демеушілер есебінен жол бойындағы 3 гектар жерге өткен жылы көктем айында 3500 түп көшет, ал биыл 2 мыңнан аса көшет отырғызылған. Оның ішінде 2500 түп қара тал, 1000 түп гүжім талы. Мұнда бүгінге дейін 6 мыңға жуық тал егілген. Тал көшеттері отырғызылған аумақ шарбақтармен қоршалған. Бүгінде өткен жылы отырғызылған тал көшеттері толықтай өніп тұр. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Дәулет Құдайбергеновтың айтуынша, «Жасыл белдеу» аумағы 1,8 гектарға артып отыр. Аталған жұмыстар биыл да жалғасады. Алдағы уақытта бұл жерге қосымша бақша дақылдарын егу жоспарланған.
Жолсапар барысында журналистер қауымы Жеңістің 78 жылдығы мен Созақ ауданының 95 жылдығына орай, бокстан Созақ ауданы әкімінің жүлдесі үшін өтіп жатқан халықаралық турнирдің ашылу салтанатына қатысты. Сайысқа Өзбекстанмен қоса, еліміздің бірнеше өңірінен келген 300-ге тарта спортшы кіл мықтының ішінен кім мықтыны анықтайды. Турнирдің ашылуында сөз алған аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков салауатты өмірді ұстанудың маңыздылығына тоқталып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Бұдан соң БАҚ өкілдері мемлекеттік бағдарламалар арқылы кәсіп ашқан азаматтардың жұмысымен танысты. Шолаққорғандық Талшын Сатыбалды өткен жылы 1 млн 225 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант алған. Осы қаржыға массаж салонын ашқан. Онда әйелдер мен балаларға емдік массаж, маникюр қызметтері көрсетіледі. Кәсіпкер мұнда 6 адамды жұмыспен қамтып отыр. Қайтарымсыз грант алып, кәсібін өркендетіп отырған жанның бірі – Зәуре Аманбекова. Ол үйінің іргесінен шағын наубайхана ашқан. Бүгінде мұнда дәмі тіл үйіретін түрлі бөлішке, кекс сынды әртүрлі кондитерлік тағамдар дайындалады. 5 адам еңбек етеді. Кәсібінен береке тапқан еңбекқор жандар болашақта сұранысқа сай бастаған істерін одан әрі кеңейтуді көздейді.
Сапар аясында БАҚ өкілдері С.Қожанов атындағы Созақ аудандық тарихи өлкетану музейінде болды. 2021 жылы ашылған музейде тарихи мұраларды сақтау үшін барлық жағдай жасалған. Орта ғасырдан жеткен жәдігерлер, қазан төңкерісіне дейінгі жергілікті халықтың тұтынған заттар мен балбал тастар қойылған. Жергілікті күйші, ақын-жазушылар, спортшылар тұтынған құнды дүниелер бар. Мәселен, Төлеген Момбековтің, Дина Нұрпейсованың ұстаған қара домбырасы, ел Тәуелсіздігінен, аудан тарихынан сыр шертетін мұралар орналасқан. Қазіргі таңда музей қорында 2800-ге жуық жәдігер сақталған. Алдағы жылдары құнды жәдігердің санын 5000-ға жеткізу жоспарланып отыр. Жалпы жыл басынан бері музейде 96 экскурсия, 15 лекция, 15 көрме ұйымдастырылды, ал музей қорына жаңадан 55 жәдігер қабылданған.
Журналистер Созаққа жасаған сапарында «КХ-2» Ұланбел-Созақ-Екпінді» бағытындағы облыстық маңызы бар тас жолының құрылыс жұмыстарын бақылап көрді. Созақ ауданын кесіп өтетін автомобиль жолдарын жөндеу жұмыстары бүгінде қарқын алған. Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының 152 шақырымына асфальт салу жұмыстары өткен жылы басталған. Бұл орайда, «КХ-2 Ұланбел-Созақ-Екпінді» бағытындағы автомобиль жолының Шолаққорғаннан Ыбырайға дейінгі 83 шақырымы, «КХ-57 Созақ-Қарағұр-Бақырлы» автомобиль жолының Созақтан Қарағұрға дейінгі 30 шақырымы және «КХ-56 Жамбыл облысының шекарасынан Құмкент-Шолаққорған-Ащысай» Шолаққорғаннан Құмкентке дейінгі автомобиль жолының 39 шақырымы бойынша асфальт жабындысын төсеу жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Нысандар 2024 жылға өтпелі.
Созақ ауданында шаруа қожалықтарының жұмысы жанданып келеді. Шолаққорғанда орналасқан «Қанжарбек» шаруа қожалығы 2005 жылы құрылған. Қожалығының негізгі бағыты – мал басын көбейту (ұсақ мал, жылқы, мүйізді ірі қара). Шаруаларға мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдауларды тиімді пайдалана білген қожалық төрайымы Айгүл Ашетова 2020 жылы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы10 млн теңге несие алып, 400 бас қой сатып алған. Бүгінде 1130 бас уақ мал, 50 бас мүйізді ірі қара, 75 бас жылқысы бар. Мұнда 8 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Орташа жалақы мөлшері – 120-150 мың теңге.
Бүгінде ауыл шаруашылық саласында толайым табысқа жетіп жүрген Созақ ауданында бірнеше шаруа қожалық жаңбырлатып суғару әдісіне көшкен. Соның бірі – «Дәмен» шаруа қожалығы. Биыл құны 52 млн теңге тұратын жобаны іске асырып, 40 гектарға жуық аумақты жаңбырлатып суғару әдісіне көшуді жоспарлап отыр. Шаруа қожалығының мүшесі Талғат Сейдахметұлының айтуынша, жобаның 50 пайызын мемлекет қаржыландырған. Жалпы ауданда азық-түлік, мал азығы белдеуін қалыптастыру, жаңбырлатып суғару әдісін насихаттау бағытында жұмыстар жүйелі жүргізіліп, нәтижесінде аудан шаруалары жаңа технологияны меңгеріп келеді.
Айта кетсек, былтыр Созақ ауданында өнеркәсіп өнім көлемі 519 млрд. теңгені құрап, 2021 жылмен салыстырғанда 100 млрд. теңгеге артты. Инвестиция көлемі 61,2 млрд. теңгені құрады. Алдағы екі жылда 7 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр.