Соңғы жаңалықтар

Қазақстандағы діни жағдай

Елімізде әртүрлі діндер мен конфессия өкілдерінің бейбіт қатар өмір сүруі және өзара тиімді іс-әрекет етуі үшін қолайлы жағдайлар жасалған. Мұсылмандар, христиандар және басқа діни сенім өкілдері біздің көпконфессиялы және көпұлтты ортақ үйімізде қоян-қолтық араласа өмір сүріп жатыр. Қазақстандағы конфессияаралық қатынастар әлемдегі көптеген елдер үшін үлгі болып отыр. Жалпы, дін қоғам мен мемлекет дамуының қажетті және сөзсіз жағымды факторына айнала бастады.

Ислам дінінің Қазақстанға та­рауы, дін мен ұлттық салт-дәстүріміздің үйлесімі мен ерекшеліктері, Әбу Ханифа мазхабы туралы мазмұнды, терең насихат жүр­гізілуде. Мемлекет пен дін бірлігі, халықтың мемлекетке де, дінге де сенімі діни ахуалды тұрақтандырады. Қазақстандағы қазіргі діни ахуал күрделі әрі сан-салалы.

Қазіргі таңда елімізде 18 конфессияға тиесілі 3834 діни бірлестік тіркелген. 2695 ислам, 345 православ, 88 католик, 591 протестант, 60 Ехоба куәгері, 24 жаңа апостолдық шіркеу, 11 Кришна санасы қоғамы, 7 иудаизм, 6 Бахаи қоғамы, 2 буддистік, 2 Иса Мәсіхтің соңғы күнгі әулиелер шіркеуі (мормондар), 1 Бірігу шіркеуі (муниттер) жұмыс істеуде.

Қазақстан қоғамының рухани тұрғыдан жаңаруында дәстүрлі діндер маңызды рөл атқарады. Ислам және христиандық діндерінің жалпы адамзаттық және гуманистік құндылықтары ұлтаралық және конфессияаралық келісім мен татулықты орнықтырудағы маңызы ерекше. Олар қоғамымызда достықты, өзара құрмет пен түсінісушілікті нығайтуға қызмет етеді. Қазақ халқының мәдениеті мен руханиаты ислам өркениеті мен дүниесінің ажырамас бөлшегі. Елімізге ислам діні күшпен емес, бейбіт жолмен енді.

Экстремизм мен терроризм идеологтары дінді пайдаланып, діни риториканың ерекше әдістерін қолдана отырып, халықтың белгілі бір топтарының ой-санасына теріс ықпал ете білді. Көп жағдайда әлеуметтік белсенділігімен ерекшеленетін, идеологиялық ықпалға тез түсетін қоғамның ерекше тобы саналатын жастар теріс пиғылды діни насихаттық қызмет үшін ыңғайлы нысанаға айналды. Жас ерекшеліктеріне қарай ізденгіш және білуге құмар болып келетін жастар қылмыс әлемінің, соның ішінде шетелдік және халықаралық субъектілердің тарапынан айлакерлікпен жасалған идеологиялық тұзаққа жиі түсетін болды.

Бұл орайда қазіргі уақытта мемлекеттің құзырлы мекемелері экстремистік ұйымдардың және олардың идеологтарының қызметін айқындап, тыйым салу бағытында ықпалды шаралар қабылдауда. Сонымен бір мезгілде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізу, әртүрлі діндер өкілдері арасында сұхбат орнату қажет. Рухани-ағарту және тәрбие жұмыстарының сапасын көтеріп, тиімділігін арттыру үшін біз қазақ халқының рухани құндылықтары мен дәстүрлерін, қазіргі жастардың еліктеуіне лайықты қаһарман тұлғаларды белсендірек насихаттауға тиіспіз.

Елімізде конфессияаралық қатынастар саласындағы және діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мақсатындағы саясатын іске асыру барысында көптеген іс-шаралар барлық өңірлерде өткізіліп жатыр.

Қазақстанның зайырлы мемлекет болуына байланысты, ресми идеология дінге мейлінше бейтарап қарайды: ол діншіл де, дінге қарсы да сипатқа ие емес. Қазіргі Қазақстандағы діннің жағдайы авторитарлық, тоталитарлық және теократиялық басқару жүйесі бар мемлекеттерден түбірінен өзгеше.

Конфессияаралық бейбітшілік пен келісім көпұлтты, көптілді және көпконфессиялы Қазақстан үшін күрделі мәселе. Бүгінде Қазақстан әлемге бүкіләлемдік діни-рухани форумның орталығы есебінде де таныс. Оған әлемдік және дәстүрлі діндердің басшылары анағұрлым маңызды заманауи діни мәселелерді шешу үшін жиналады. Олар: толеранттылық, өзара құрметтеу мен түсінісу, ұлтаралық келісім мен діни төзімділік. Бұл қағидалар Қазақстандағы конфессияаралық қатынастардың да негізін құрайды.

Қазақстан Республикасында қоғам негізінен екі дәстүрлі дінге тарихи және мәдени тұрғыда бағдарланған: сүнниттік Ислам (Ханафи мазхабы) және православиелік Христиан діні.

Халықтың ұлттық құрамы мен діни сенімі тығыз байланысты. Олар саяси және әлеуметтік өмірге, тұрмысқа, адамдардың мәдениеті мен әдет-ғұрпына, демографиялық және этнографиялық процестерге әсерін тигізеді.

Ислам қазақ халқының тарихында, өмірінде ерекше маңызы бар, өнегелік ағарту мен тәрбиенің факторына айналған дін. ҚМДБ Қазақстандағы Ислам дінін қайта жаңғыртуды жүзеге асырудың маңызды тетіктерінің бірі болып отыр. Отандық мұсылман қоғамының дамуын қамтамасыз ете отырып, біздің қоғамның рухани негізін қалпына келтіруге Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Нұр-Сұлтан қаласында өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін өткізу мен ұйымдастыру жұмыстарына белсенді қатысып, жұмыс атқарғанын атап өтуге болады. Мүфтият дінаралық диалог мәселесі бойынша ғылыми конференциялар мен семинарлар  өткізіп, үлкен ағартушылық және тәрбиелік қызмет жүргізуде, газеттер мен журналдар шығаруда, интернетте діни басқарманың www.muftyat.kz веб-сайты жұмыс істейді.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев 2012 жылдың мамырында өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің IV Съезінің ашылуында сөйлеген сөзінде: «Ислам – бұл адамзаттың мәдени және материалдық мұраларының орасан зор және өсіп келе жатқан қатпары. Қазіргі заманғы және болашақтағы жаһандық қоғамдастықты Ислам әлемінсіз көзге елестету мүмкін емес. Оған тосқауыл қоюдың кез келген түрі көрегенділік емес, тіпті қатерлі де. Үлкен де көп бейнелі әлемнің осынау бөлігінде болып жатқан оқиғаларға түсіністікпен қарау қажет. Қазақстан – мұсылман тұрғындары басымдыққа ие ел. Ислам діні – біздің халқымыздың рухани тіректерінің бірі.

«Біз олардың қандай дінге және этномәдениетке жататынына қарамастан барлық қазақстандықтардың жалпыұлттық бірлігі мен келісімінің ерекше формуласын қалыптастырдық», – деп атап өтті.

Діни ахуалды тұрақты етіп қалыптастырудағы маңызды факторлардың бірі ретінде тұрғындардың, соның ішінде жастардың дәстүрлі және дәстүрлі емес діндерге деген қызығушылығының күн санап артып келе жатқандығынан көреміз.

Кезінде дінге қызығушылық танытқан жастарымыз шетел асып, діни білімді араб елдерінен алып, елге оралған соң қарапайым халықтың атадан балаға мирас болып келген ұлттық құндылықтарын жоққа шығаруға тырысты.

Өздерінің соқыр сенімдерінің соңынан қаншама қандастарымызды тура жолдан адастырды. Рухани және діни тұрғыда шөліркіген қаншама жастардың сеніміне селкеу түсіріп, қаншасын темір тордың құрбаны етті.

 «Жусан» арнайы гуманитарлық операциясымен елге оралған әйелдерге бейбіт өмір жағдайларына тезірек бейімделуге көмектесу үшін олар үшін оқыту курстары ұйымдастырылады, жұмысқа орналастыруға көмек және басқа да әлеуметтік қолдау көрсетіледі.

Қазіргі таңда республика көлеміндегі барлық білім беру мекемелерінде Конституция негізінде жасалған ҚР «Білім туралы заңында» белгіленген білім берудегі зайырлылық қағидаттарын басшылыққа, ҚР Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 бұйрығын негізге ала отырып мектеп қабырғасында діни атрибутикаларды пайдалануды тоқтатып, бұл мәселеде бір ізділік жолға қойылды. Мұның бәрі әрине, ата-аналармен дұрыс түсіндірме жұмыстарын жүргізудің нәтижесінде деп айтуға болады.

 Б.Өтеген,теолог маман, Түркістан қаласы.   

Қатысты жаңалықтар

46 196 теңге. Әлеуметтік жәрдемақыға қанша қаражат жұмсалды?

azatmedia

В ШЫМКЕНТЕ ПРИ СОДЕЙСТВИИ СПОНСОРА ОТКРЫЛИСЬ СРАЗУ ДВЕ СПОРТИВНЫЕ ПЛОЩАДКИ

azatmedia

ТЕМІРДІ ТҮЙІНДЕГЕН АЗАМАТ

azatmedia