Соңғы жаңалықтар

Исламдағы бала тәрбиесі

Тәрбие деген не? Ата-бабаларымыз «тәрбие тал бесіктен» деп әу бастан-ақ баса назар аударған. Бұл жерде «бесіктен» дегені бала кезінен емес, құрсаққа біткен сәттен басталатындығын байқай аламыз. Бала ананың құрсағына біткен сәттен бастап тәрбие берілуі тиіс. «Өзін тәрбиелей білмеген, өзгеге өнеге көрсете алмайды» - деп бекер айтпаған Абай Құнанбайұлы.
  Пайғамбар (с.а.с) «Әкесінің баласына жасаған жақсылықтарының ең бағалысы – жақсы тәрбие» - деген. Яғни, баланы тәрбиелеу ата-анаға жүктелген үлкен жауапкершілік. Балам жақсы болмасын дейтін ата-ана жоқ, бірақ сол «жақсы бала» тәрбиелеп шығару көп ата-ананың қолынан келе бермейді. Баланы дәстүрді дәріптеп, Пайғамбардың сүннетімен тәрбиелейтіндер аз. Абай атамыз бекер айтпаған «Адам ата-анадан туғанда есті болып тумайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады» - деп. Білімді ұрпақты тәрбиелеу қазірде үлкен жауапкершілік десек қателеспейтініміз анық.

   Ислам дінінде - «балаға бір мәрте көңіл бөліп, тәрбие беру – бір сағ (2120 граммға тең) көлемінде садақа бергеннен де жақсы» - деу арқылы жақсы тәрбиенің қаншалықты маңызды екенін жеткізген. Әке мен шешеге тең дәрежеде жүктелген осы міндетті дұрыс атқару үшін ислам дінінде рөлі орасан зор. Бұл жайында хадистерде «әр қайсыларыңыз жауаптысыздар. Қарамағыңыздағыдан қиямет күні есеп бересіздер... Отағасы отбасынан сұралады» деп ескерткен. Ал, Алла Елшісінің (с.а.с) «Әйелдің төрт сипатына қарап үйленеді» деп басталатын хадисінде «діндарын таңда» дегені бекерден-бекер болмаса керек. Салихалы, тақуа жар тапсаң, балаңды да солай тәрбиелейді дегені. Ендеше, асыл шариғатта бала тәрбиесі арыдан, отбасы болмастан бұрын басталмақ. Тәрбие бұлағы болған анасын дұрыс таңдау да маңызды. Бұдан байқайтынымыз үйленгенге дейін де дайындық болуы керек, сауат болуы керек, білім болуы керек! Мектепте, не жоғарғы оқу орнында берілетін білім емес, адам ретінде болашақ өміріне деген жауапкершілікті сезіндіретін білім қалыптасуы қажет! Қазіргі таңда көп ата-аналар саналарында «мінсіз бала» образын құрастырып еуропалықтарға еліктеуде. Барлық сұрағымыздың жауабы бар шариғатта, өнегелілікке толы салт-дәстүріміз тұрғанда «мінсіздікті» қалыптастырудың қажеті де жоқ.

     Абай: «Біреулер құдайдан бала тілейді. Ол баланы не қылады?» - дей келіп, «Артымнан құран оқысын деп тілейді» - дейді. «Артымнан балам құран оқысын десең, тірлікте өзіңнің жақсылық қылған кісің көп болса, кім құран оқымайды? Егер жаманшылықты көп қылған болсаң, балаңның оқыған құраны сені неге жеткізеді? Тірлікте өзіңе-өзің қылмаған істі өлген соң саған балаң кәсіп қылып бере ала ма?» - дейді. Демек, алдымен өзің жақсы болуың керек. Сонда балаң өзі-ақ жақсы болады. Бірінші өзіңді тәрбиеле. Міне,              Абайдың бала тәрбиесіндегі әуелгі ұстанымы – осы. Сол үшін де «балаң жақсы болсын десең алдымен ата-ана өзіңді тәрбиеле» - деп бекер айтпаған дана.

  Қазірде Абай секілді бала қоғамда неге тәрбиелей алмаймыз? Себебі біз баланы қалай ғылым білімге ынтықтыруды білмейміз! Бар талпындыратын  мақсатымыз  «сабағыңды беспен оқы!», «жоғарғы оқу орнына грантқа түс!», одан қалса «бастық бол!» - деп тәрбиелейміз. «Ғалым бол», «молда бол» - деп тәрбиелейтін ата-аналар аз. Сол себепті де қазірде әлеуметтік желіге байланған, саналары уланған ұрпақ өсуде.

  «Бала тәрбиесінің ең үлкені – оны еңбекке баулу. Еңбекшіл жас қана ең үздік азамат болып қалыптасады» - деген Әзілхан Нұршайықов. Сол себептіде баланы ең алдымен еңбекке баулып өсіру керек.

Б.Абдрахман, теолог маман, Түркістан қаласы.

Қатысты жаңалықтар

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ ОНЛАЙН РЕЖИМДЕ АЗАМАТТАРДЫҢ МӘСЕЛЕЛЕРІН ТЫҢДАДЫ

azatmedia

ІPhone 12 Pro. Жаңа функция смартфон қолданушыларын таңғалдырды

azatmedia

ШЫМКЕНТ: АСАР-2 ЕЛДІ МЕКЕНІНДЕ АУЫЗ СУ ЖҮЙЕСІНІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ АЯҚТАЛДЫ

azatmedia