Күллі әлем бүгінде бейбітшілікке ұмтылуда. Бірінші кезекте соның дәлелі ретінде біздің елімізді айтуға болады. Кез келген қоғамда, соның ішінде қазақстандық қоғамда діннің маңызы ерекше екенін және жастар өмірінде оның белгілі орны бар екенін ескерген жөн.
Қазақстанда теріс діни ағымдар жоқ емес. Қоғам мейірімділік пен татулық, моралдық нормаларына жауап беретін дұрыс бағыттағы діни ағымдарды танып, айыра білуіне ықпалды жұмыстарды күшейтуіміз керек. Қазіргі кезде жастарға тоталитарлық секталар үлкен қауіп төндіріп отыр.
Қазақстанның соңғы онжылдықтағы және азаматтық қоғам негіздерінің қалыптасу процесіндегі саяси өміріне келсек, елдегі саяси ахуал динамикасы демократиялы қоғамның бүкіләлемдік заңдылықтарына сәйкес дамыды, дегенмен тоталитаризмнен жаңа жүйеге ауысқан кездегі туындаған шарасыз айрықша ерекшеліктер де орын алды. Еліміздің Тәуелсізді калғанына көпуақыт өтпей-ақ, талай іргелі істер атқарылды, біз алдыға нық қадам басып келеміз.
Бүгінгі шақта азаматтардың түрлі бағыттағы ақпараттарды, оның ішінде діни сипаттағы ақпараттарды алуға да мүмкіндіктері зор. Дін мәселесіне байланысты мәліметтер негізінен адамды иландыруға қатысты болғандықтан, ондай мәліметтермен танысқанда неғұрлым сақ болу керек. Біз тыйым салынған кітаптардың жасырын таратылуына тосқауыл қоюымыз керек. Себебі барлық осы экстремистік қозғалыстар мемлекетіміздің іргесін сөгіп, әсіресе балаларымыздың психикасына орасан зор зиянын тигізеді.
Әртүрлі радикалды діни ағымдардағы жастардың психологиялық тәуелділігі феноменінің кең таралуы бүгінгі әлемде қауіпті үрдіске айналып барады. Мұндай деструктивті діни ұйымдар адамдардың ең құнды байлығын – ғұмырындағы уақыты мен денсаулық қуатын тартып алады, дамуына кедергі келтіреді, асыл армандарын жүзеге асыру жолына кесе-көлденең тұрады. Көптеген зерттеушілер мұндай тәуелділіктің алғашқы себебін қолданыстағы білім беру мен тәрбиенің мәдени дәстүрінен іздеу керек деген пікірге тоқтайды.
Сондықтан мектептегі, жоғары оқу орындарындағы білім беру жүйесі жастардың дінтану негіздерінен толыққанды хабардар болуымен сабақтасуы керек.
Қазақстанда бүгінгі күні діни сенім бостандығы жарияланған. Әркім қай дінге сенемін десе де, өзі таңдайды. Бірақ ең бастысы – ол адамдарды психологиялық жағынан жарымжан етпеуі, адамдардың тағдырын жарға жықпауы керек, оларды елдің мемлекеттік саясатына қарсы қоймауы тиіс.
XXI ғасыр жастарының жаны мен рухы арасына үлкен жарықшақ түсті. Дәл қазір жаппай технологияланған және интернетке оңай қолжетімді кезеңде адам санасы шыңдалмаған субстанция ретінде көрінді де, сол ысылмаған санасына жүгінген жастар теріс жолға түсіп жатады. Ал жан бізге дұрыс бағытты, биік құндылықты, рухани жолды нұсқайтын ішкі дауысымызды тыңдату үшін аса қажет екенін естен шығармау қажет-ақ.
Ұ.Маймақова.