Соңғы жаңалықтар

М.ӘЙТЕНОВ: ИНФЕКЦИЯНЫҢ ҚАЙТА ТАРАЛУЫНА ЖОЛ БЕРМЕУІМІЗ КЕРЕК

Шымкент қаласының санитарлық-эпидемиологиялық жағдайын пысықтау мақсатында қала әкімінің төрағалығымен кезекті штаб отырысы өтті. Алдымен әлем елдеріне шолу жасалып, еліміздің және қаланың бүгінгі ахуалы талқыланды.

Жиында баяндама жасаған денсаулық сақтау басқармасының басшысы соңғы тәулікте Ресей мен АҚШ-та коронавирус инфекциясын жұқтыру жайты тез өсім алғанын айтты. Ал, елімізде Нұр-Сұлтан қаласы қызыл аймақта болса, Алматы қаласы мен облысы қызыл мен сары аймақ шекарасында тұр. Шымкент соңғы аптада сары аймаққа енді. Өткен тәулікте covid-19 инфекциясын жұқтырған 50 жағдай тіркелген. Оның ішінде 17 адам инфекциялық стационарға жатқызылып, 33 адам үй бақылауына алынды.

Сонымен бірге, бір тәулік ішінде қалада 6220 адам вакцина алды (I компонент-3831, II компонент-2389). Егу науқаны басталғалы барлығы 243 390 адам вакцинацияланды. Оның ішінде 143 729 адам вакцинаның екі компонентін алған.

Бас дәрігер қаладағы емханалар мен дәріханаларда дәрі-дәрмек қорының және вакцинаның жеткілікті екенін айтып өтті. Мониторингтік топ карантин талаптарын сақтау бойынша күнделікті тексеру жұмыстарын жүргізіп жатқандығын, алайда тойханаларда мерейтойлардың тоқтамай жатқандығын жеткізді.

Төраға аудан әкімдеріне тойхана иелерімен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

«Елімізде коронавирустың Үнді штаммы анықталды. Демек, босаңсуға болмайды. Инфекцияның қайта таралуын болдырмау үшін дайындықты күшейтуіміз керек. Тұрғындарға вакцинаның жеткілікті, бүгінде жалғыз тиімді шешім екпе салдыру екенін дұрыс түсіндіру маңызды. Қазір қаладағы вакциналануға жататын тұрғындардың 44 пайызы екпе салдырған. Осыны толық көлемде жүзеге асырсақ, қайта қалыпты өмір салтына оралар едік. Мониторингтік топтың жұмысы күшейтілсін. Баршаңызды жауапкершілікпен жұмыс жасауға шақырамын» – деп сөзін түйіндеді қала әкімі М.Әйтенов.

Қатысты жаңалықтар

ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫЛАРЫ АЛДЫНДАҒЫ ЕСЕП

azatmedia

Алмаз Шарман: «Қазақстанда коронавирустың екінші толқыны басталып кетті»

azatmedia

Митинг. Экс-президент босатылды

azatmedia