Бүгін Қаратау ауданы әкімі Абзал Әліқұлов қала әкіміні тапсырмасына сәйкес «Нұрсәт» шағынауданындағы көп қабатты үйлердің жылу маусымына дайындық жұмыстарымен танысты.
Аудан басшысы шағынаудандағы көп қабатты үйлердің жертөлелеріне және жылу қазандығы орталығына барып, жылыту жағдайларын бағамдай келе, бірқатар мәселелерге уақытылы мән беріп, жұмысты тез арада реттеуді тапсырды.
Жалпы Қаратау аудан аумағында 471 көпқабатты тұрғын үй бар. Оның ішінде 384 көпқабатты тұрғын үй орталық жылу жүйесімен жылытылады. Ал 63 көп қабатты үй автономды жылу тұтынады. Жоспар бойынша аудан әкімі аппараты тарапынан «Қуат жылу орталық-3 » МКК бірлесіп, 384 үйдің құбырын сығымдау жұмыстарын жүргізуге іс-шара жоспары бекітілген.
Жоспарға сәйкес барлық 384 көп қабатты тұрғын үй қысқы дайындық жұмыстарынан өткізілетін болады. Қазіргі таңда, 40 көп қабатты үй кестеге сәйкес сығымдау жұмыстарынан өтті.
Жалпы аудан бойынша көп қабатты үйлерді 6 қызмет көрсетуші мекеме қысқы жылыту маусымына дайындайды. Дайындық барысында құбырлардың ақаулары тексеріліп, тік құбырларға 6-7 атмосфералық қысым беріліп, ақаулар анықталған жағдайда жарамсыз бұрандалар ауыстырылып, ысырма жапқыштар майланып дайындалады. Дайындалған үйлер дайындық актілерімен «Қуат жылу орталық-3» МКК тарапынан қабылданады.
Жұмыс жоспарына сәйкес аудан аумағындағы орталық жылу жүйесінен жылу алатын 384 барлық көп қабатты үй 2021 жылғы қыркүйек айында толық қысқы маусымға дайындықтан өткізіледі.
Сонымен бірге, қысқы жылу маусымына 5 жылу қазандығы дайындық жұмыстарынан өткізілуде.