Шымкентте ерлі-зайыптылар арасында ажырасу саны азайып отыр. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мәліметінше, 2020 жылдың 1 тоқсаны бойынша 530 неке бұзу хал-актілері тіркелген. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда биыл 185 жұп ажырасқан. Яғни, шаңырағы шайқалған отбасылар саны үш есеге кеміген. Шымкент қаласында есесіне некелесу көрсеткіші артқан. Мәліметке сүйенсек, былтыр 1 тоқсанда 1756 неке қию актілері тіркелсе, биыл сәуір айына дейін 2088 жұп некесін қиған. – Шымкент қаласы бойынша бүгінгі күнге жыл басынан бері 306 неке бұзылған. Неке бұзу саны едәуір азайған. Қуантарлығы, туу көрсеткіші артып отыр. Жыл басынан бері Шыментте 13 500 бала дүние есігін ашты. Бұл жақсы жаңалық, – дейді қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Ақбота Қарнақбаева. Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты АХАТ бөлімінде бүгінде азаматтарға 8 түрлі мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Қызметтерді үйден шықпай-ақ, онлайн түрде алуға жағдай жасалған. Цифрлық жүйе арқылы некеге тұруға өтініш берген жұп АХАТ бөліміне бір айдан кейін құжаттарын алуға ғана келеді.
Алдынғы жаңалық
Келесі жаңалық