Бұл жазып отырған әңгімеміз, бір жағынан, естелік, екінші жағынан өзгелерге ой салу. Осы сияқты естеліктерден, әрине, шындық туады. Әлі де болса, Қажекеңнің өмірі, қызметі жөнінде мағлұматтар сарқылған жоқ. Бір жолы «Алатау» демалыс үйінде жатқанымда «Пионер жазы» киножурналының 4-ші нөмірінен («Пионерское лето», киножурнал, №4) И.Поддубныйдың туған еліндегі пионер лагерінде балалардың қалай демалып жатқанын көріп отырсам: бір топ палуандар (Петербургте түсірілген болар), арасында И.Поддубныйдың өзі, біздің Қажымұқан және қаз-қатар тұрған палуандар бар. Бұл көрініс бұрын көріп жүрген киноленталарда кездеспеген. Іле-шала Ә.Таразиға телефон шалдым. Ол кезде Ә.Тарази Қазақстан Кинематографистер одағын басқаратын. Тапты ма, жоқ па, білмеймін. Бір зерттеушілер Қажекең ресми чемпионатқа қатыспаған, цирктің маңайында ғана жүрген деседі… Ал мен 1939-40 жылдары үйіне барып жүргенде мойынға салып жүретін (сол уақыттағы мода) жеңіл жібек шарфты көргенмін. Сондағы: «Чемпиону мира, Ташкент» деген алтындатып жазған әріптер әлі көз алдымда. Ал осы мақалада жарияланып отырған фотосуреттерді көргеннен кейін Қажекең ресми жарыстарға қатыспады, цирктің маңайында ғана жүріпті деп кім айта алады екен?
Медальдарымен түскен фотосурет Қазақстан Республикасының халық әртісі, белгілі биші Шара Жиенқұлованың мұрағатынан алынған.
Осы кезге дейінгі естеліктерде, Қажымұқанмен кездесіп, өздерінің көрген-білгендерін жазғандардың ішінде Ә.Тәжібаев, С.Мұқанов, Ш.Жиенқұлова, Д.Әбілев, тағы басқалар болды. Бұлардың бәрі – қуғын-сүргіннен аман қалғандар. Сол 30-40-ж.ж. айдауға ұшыраған белгілі зиялы қазақ азаматтарының Қажекеңмен дос болғандығын ешкім жоққа шығара алмайды. М.Дулатовтың Омбы жағындағы мадияр-қыпшақтардың арасына Қажекеңнің келіп қоныстануына себеп болғанын айттық. Сол кезде Омбының дәл өзінде жүрген А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Жұмабаев, тағы басқаларының естеліктері болуы тиіс. Бір кезде олардың аузын аштыртпадық. Қазір мүмкіншілік мол, ізденсек көп деректер шығып қалатындығына сенімдіміз. Қажекең хақында қазақ зиялыларының естеліктерімен бірге қазақстандық орыс азаматтарының мұрағаттарын, жазып кеткен мақалаларын, очерктерін іздеген жөн деп ойлаймын. «Простор» журналында (2005 ж. №9) Қазақстанның тумасы, Ресейдің белгілі жазушысы Леонид Мартынов «Дуэльный кодекс» деген әңгімесінде 1919 жылы Қажымұқанмен Омбыдан Семейге дейін пароходпен екі орындық каютада болғанын, ол кісінің кішіпейілдігін, қамқоршылдығын айта келіп: «В этой поездке на борца несправедливо обрушилась досада пассажиров, когда пароход сел на мель» дейді. Пароходтың үстіндегі халық естері шығып, не істерін білмей, жәбірленіп, тектен-тек Қажымұқанға: «Что вы тут стоите! Из-за вас и сели на мель» деп ренжиді. Одан әрі жазушы әңгімесін былай жалғастырады: «Великан повел себя достойно. Взглянув с презрением на кричавшего он неторопливо обернулся и медленно зашагал по палубе по направлению корма. Сделав несколько шагов он обернулся и молча, но властью махнув рукой, явно приглашая всех остальных последовать за собой. Вся орава хлынула вслед. И, что самое забавное, к тому моменту как чемпион мира достиг кормы, пароход бешено заработав колесами, задним ходом снялся с мели». Әр уақытта халық арасында аты кеңінен тараған жазушы өзінің аузынан шыққан, жазған сөзіне өте жауапты қарайтыны белгілі. Соны еске салсақ, Л.Мартыновтың: «…Как чемпион мира достиг кормы…» дегенінен сол 1919 жылы Қажекеңнің әлем батыры атағына ие болып жүргені байқалып-ақ тұр. Осы әңгімесінде «чемпион мира» деген сөзін бес рет қайталайды. Өкінішке орай, Қазақ Автономиялы Республикасы сегіз жыл өткізіп, 1927 жылы ғана, оның өзінде «Әлем батыры» емес, «Қазақ даласының батыры» атағын әрең берген сияқты.
Л.Мартынов сияқты аяулы азаматтар, Ертіс бойында туып-өскен, сол кезде өмір сүрген Павел Васильевтің, Антон Сорокиннің, Всеволод Ивановтың, тағы басқаларының Қажекең жөнінде жазғандары болуы мүмкін.
Төменгі Новгород, Петербург, Қазан, Мәскеу, Орынбор, Ресейдің басқа қалаларындағы мұрағаттар деректерге өте бай. 1935-36 жылдары сол жерлерде шыққан газеттерден Қажекеңнің портретімен жарияланған мақалаларды да өз көзіммен көргенмін. Одан қалды, сол жылдары Новосибирскіде қазақ тілінде шығып тұрған («Сибкрай» қазақтарына арналған) газет жергілікті халықтың өмірін, келешекке деген талпынысын, тарихи уақиғаларды, белгілі азаматтардың өмірін көрсетуге атсалысқан. Ұмытпасам, сол газеттің аты «Қызыл ту» деп аталатын. Ұйымдастырушысы, бірінші редакторы белгілі қазақ жазушысы Ғабиден Мұстафин болған. Дихан Әбілев Баянауылынан Алматыға көшіп бара жатып Ғабиденнің сұрауымен жолшыбай Новосибирскіге қалып, бір жыл сонда газет қызметкері болып жұмыс істеген. Ақырғы редакторы Әбдірашит Шалабаев деген азамат болатын.
Қажымұқан туралы аз айтылған жоқ, оны елі танып отыр. Бірақ палуанның толық тұлғасын, бейнесін, өмірін әлі жете білмейміз. Бұл ұрпаққа керек өнеге ғой. Сол себепті осыны ел болып қолға алса, жаңа кітаптар жазылып, С.Қожықовтың фильмінің жалғасы түсірілсе болар еді. Бізде толыққанды өмірбаяндық («ЖЗЛ» сияқты) кітаптар да жоқ. Өз ұлтымызды өзіміз толық танымай отырмыз. Біз Қажымұқанды осы уақытқа дейін 1871 жылы туған деп келдік. Тіпті энциклопедияда да солай жазылған. Кейін анықталғандай, көзі тірі куәлардың растағанындай, ол кісі 1883 жылы туған.
1983 жылы Қажекеңнің туғанына 100 жыл толды. Бүкіл Қазақстан болып аузымызды ләм деп ашпадық. 1993 жылы да үн-түнсіз қалды. Зиялы азаматтар осы мәселені көтеріп, 2013 жылы Қажымұқанның 130 жылдығын тойласақ, қазақ халқы үшін үлкен мақтаныш қана емес, ұрпақтар үшін өнеге болар еді.
Қалиәкпар Әміржанов,
Қазақстанға еңбегі сіңген дербес зейнеткер,
мәдениеттанушы, ҚР мәдениет қайраткері