Бүгін Түркістан облысы, Мақтаарал ауданына «Nur Otan» партиясының 40 тоннадан астам гуманитарлық көмегі келіп жетті. Бұл көмек «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің бастамасымен «Біз біргеміз» акциясы бойынша жолданып отыр, деп жазады Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған AZATMEDIA.kz.
Тұрғындарға бірінші кезектегі қажет заттар мен азық-түлік Мақтаарал ауданындағы апатқа байланысты құрылған штабтың орталық қоймасына жеткізілді. Партия ұсынған 40 тонна азық-түлік 1500 отбасыға 30 келіден теңдей үлестіріліп беріледі деп жоспарланған.
Түркістан облысының әкімі, партияның облыстық филиалының төрағасы Өмірзақ Шөкеев гуманитарлық көмекті жеткізген азаматтарға ризашылығын білдіріп, апат салдарын бірігіп жою керектігін айтты.
«Елбасы, «Nur Otan» партиясы әрдайым қиындықта елдің жанынан табылып, көмек көрсетіп келеді. Міне,Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы көмек жолдап отыр. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Мақтааралды қалпына келтіруді назарда ұстап, қолдау көрсетіп жатқанын да білесіздер. Қазір бізге қол күші, сендердің жәрдемдерің қажет. Біреше бағыт бойынша жұмыс айқындалып жатыр. Эвакуациялық орталықтарда, азық-түлік қоймаларында тұрғындарға жағдай жасалуы тиіс. Осы ретте «жасотандықтар» жастарды, еріктілерді ұйымдастырып, ортақ іске жұмылдыруы керек», – деген облыс әкімі бұл жұмыстарды үйлестіруді«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Тәжібаевқа тапсырды.
«Birgemiz» қоры арқылы бірнеше жүк көлігіне тиелген бірнеше жүк көлігін бастап келген республикалық «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы Елнұр Бейсенбаев көмекке дайын екенін жеткізді.
«Партияның гуманитарлық керуенін алып келдік. Жігіттер жұмыс істеп жатыр. Біз өздеріңізбен, осындағы азаматтармен ақылдасып, қандай көмек керек екенін бағдарлап жатырмыз. Сыр өңірінен, Шымкенттен де «жасотандықтар» келді», – деді ол.
Мақтааралдық тұрғындар қиын кезеңде елдің қасынан табыла білген жетекші партия өкілдеріне алғысын жеткізді.Су тасқынына байланысты штаб құрылған күннен бастап «Nur Otan» партиясының өкілдері мен «Жас Отан» жастар қанатының жастары Мырзашөлге шұғыл аттанып, қызмет етіп жатыр. Олар еріктілерді штабын құрып, гуманитарлық көмекті үйлестіруге және өзге де жұмыстарға тартылған.