Соңғы жаңалықтар

Мейрамханада ұсталған министр қызметінен кетті

Шілдеде ғана Прагада «Қош бол, COVID-19» деп бес жүз метр фуршет жайған чехиялықтар пандемияға байланысты қазір қиын кезеңді бастан кешіп жатыр. Көктемдегі коронавирус салдарынан ес жимастан, екінші толқын да, міне, келіп қалды. 22 қазанда Чехияда екінші рет локдаун енгізілді. Карантин шектеулері одан да қатаңдай түсті. Оған не себеп? Халық неге наразы? Митинг ұйымдастырғаннан не өзгерді? Неліктен ЧР ДСМ басшысы отставкаға кетті? Чех еліндегі қазақстандықтардың «Аманат» қауымдастығы төрағасы Дәулет Түймебай Tengrinews.kz тілшісіне ел астанасы Прагадағы жағдайды айтып берді.

Еуропада алғашқы болып елді жауып, содан кейін шекарасын бірінші ашып, жаппай карантинді жеңілдеткен Чехияда 1 қыркүйектен бері шектеу шаралары қатаңдап жатыр. Алдымен көлікте және қоғамдық орындарда маска тағу міндеттелді. Тамақтану орындары мен түнгі клубтар түн ортасынан таңғы 6-ға дейін жабылды. Сол кездегі елдің денсаулық сақтау министрі Адам Войтех бұл тек ескерту шарасы екенін мәлімдеген. Себебі күзде, адамдар бір-бірімен тығыз араласа бастағанда жағдай оңайға соқпасын болжаған болатын. Сол уақытта Чехияда күніне 800 адамдай коронавирус жұқтыратын. Ал қазіргі статистика бойынша күніне 8 мың мен 15 мыңның арасында анықталады. 

Коронавирустан қайтыс болғандар саны бойынша антирейтинг жаңарды

Үкімет 2020 жылдың 5 қазанынан бастап 30 күнге төтенше жағдай режимін жариялады. Себебі жан басына шаққандағы коронавирустың таралу деңгейі бойынша Чехия екінші орында тұр. ЧР ДСМ соңғы мәліметінше, елде пандемия басталғалы 335 мыңнан аса адамнан вирус анықталған және 3251 науқас қайтыс болған. 

Қазір Чехияда коронавирусқа байланысты 3 қарашаға дейін қатаң шектеулер енгізілді. Тек супермаркет, дәріхана, жанармай құю бекеттері мен химиялық тазарту орындағы жұмыс істеп тұр. Ел билігі тұрғындарға қажет болмаса үйден шықпауға кеңес берді.

Чехияда аурудың екінші толқыны қалай басталды?

«Үкімет жаз бойы чехтерге елдің коронавирусты жеңгенін, оларда жағдай Еуропадағы ең жақсы екенін, сондықтан тұрғындарға вирустан қорқудың керегі жоғын айтып келді. Премьер-министр Андрей Бабиш те қатаң шаралар енгізуге қарсылығын жиі білдірген еді. Ол адамдарды қажетсіз «қорқытудың» керегі жоғын айтатын», – дейді Дәулет Түймебай.

Сол кезде эволюционер биолог Ярослав Флегр бұған қарсы пікірде болған екен, оның айтуынша, адамның қорқынышы мен «жиіркеніші» коронавирустың таралу жылдамдығын төмендетуі мүмкін.

«Осылай ғана адамдар қолын жиі жуып, масканы саналы түрде тағады. Бірақ жазда чехтер мінез-құлыққа байланысты иммунитеттерін жоғалтты. Сондықтан олар сақ болуды ұмытып, қолдарын жиі зарарсыздандырмай, бетперде тағуды доғарды, деген болатын ол», – дейді Даулет Түймебай.

Флегрдің айтуынша, жазда халық күн сәулесінен D дәруменін алғандықтан, вирус онша тарала қоймаған. Ал күз келісімен жағдай қиындаған. 

«Карантин ережесін бұзғаның үшін үш жылға сотталуың мүмкін»

Ел полициясы тәртіпбұзушылықтың ауырлығына қарай айыппұл салады. Оның бағасы кейбір жағдайда әкімшілік істерде үш миллион кронға (55 миллион теңге шамасында) дейін барады. Ал міндетті карантин ережелерін сақтамаған адамдар тіпті түрмеге қамалуы мүмкін немесе шартты жаза алады. 

«Мысалы, Прагада полиция қызметкерлері алты мыңнан аса құқықбұзушылықты, негізінен қоғамдық көліктерде тіркеген. Олардың 181-іне айыппұл салынды. Алайда көп жағдайда полиция қызметкерлері жағдайды келісіммен шешуге тырысады. «Ал заң бойынша тәртіпбұзушыға ұсталған жерінде 10 000 кронға дейін айыппұл салынады», – дейді ол.

Карантиннің сақталуын полициядан бөлек, гигиена қызметі де қадағалайды. Бұл шараларды өрескел бұзған адам үш жылға сотталуы да мүмкін, өйткені карантинді бұзу елеулі дене жарақаттарын салу немесе тіпті кісі өлтірумен теңдеседі екен.

Локдаунға қарсы митинг

Ел астанасы Прагада 18 қазанда үкімет енгізген карантин шектеулеріне қарсы митинг өткен. Алаңға шыққандар арасында елдің түкпір-түкпірінен келген футбол және хоккей жанкүйерлері басым болған. Акция полициямен төбелеске ұласса керек, тәртіп сақшылары көзден жас ағызатын газ қолданған.

«Эпидемияға қарамастан билік акция өткізуге тыйым сала алмады, өйткені бұл жиын өткізудің конституциялық бостандығына қайшы. Білуімше, ұйымдастырушылар мэрияға «Коронакризис кезеңіндегі азаматтардың құқықтары мен бостандықтары үшін демонстрация» атты іс-шара өтетінін хабарлаған, тіпті қай жерден келіп, тарайтын көшесіне дейін келіскен. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін полициядан 1000-ға жуық қадам тартылды.

Көп ұзамай алаңда хабарламада көрсетілген 500 адамнан әлдеқайда көп жиналғаны белгілі болды. Қолданыстағы карантин шараларының талабына сәйкес, 500 адамнан артық жиналуға болмайды және олар 20 адамнан топтасуы керек. Алайда наразылық білдірушілер әлеуметтік қашықтық сақтаған жоқ және көбі бетперде тақпады», – дейді қазақстандық.

Ал трибунаға шыққан спикерлер үкіметтің пандемияға қарсы әрекетін өрескел және тиімсіз деген екен. Атап айтқанда, оларға футбол мен хоккей матчтерін өткізуге тыйым ұнамаған, өйткені клубтар жанкүйерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін көп күш жұмсаған және бұл шаралар қауіпсіздікті қамтамасыз еткен. 

«Митинг түсте аяқталып, жұрт тарай бастады. Бірақ полиция мәліметінше, 400-ге жуық радикал ойдағы жанкүйер алаңнан кетуден бас тартып, пиротехника жағып, кезекші полицейлерге себепсіз шабуыл жасаған. Оларға тас төсеуіштер мен бөтелкелер лақтырған. Сөйтіп тәртіп сақшылары 100-ге жуық адамды ұстап әкетті. Алайда кей шеруші бұл оқиғаға полицияның өзін кінәлап отыр, олар алаңнан шығатын барлық жолды жауып, жанкүйерлерді заңсыз ұстаған», – дейді Дәулет Түймебай.

Чехияда ДСМ басшысы неге ауыса берді?

Чехияда қыркүйек пен қазанда екі денсаулық сақтау министрі қызметінен кетті. Біріншісі – Адам Войтех өзі отставкаға өтініш жазған. Ол министр қызметін үш жыл атқарған. Орнын босатарда Адам Войтех кейінгі жаңа министр республикадағы эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауымен жақсырақ күреседі деген сенім білдірген.

Алайда оның «ізбасары» үмітін ақтай алмады. Қызметке тағайындалғанына бір ай өтер-өтпестен жаңа министр Роман Примула пандемияға байланысты елде енгізілген қатаң әлеуметтік шектеулерді өзі бұзғаны үшін отставкаға кетті. 

«Молния» газетінде Прымуланың қатаң әлеуметтік шектеулерді өрескел бұзғаны туралы ақпарат жариялағаннан кейін оның басы дауға қалды. Министр кешке Прагадағы ең қымбат мейрамханалардың бірінде камераға түсіп қалған және жүргізушісімен бірге маскасыз тұрған. Бұл уақытта елде қоғамдық тамақтану орындарының жұмысына уақытша тыйым салынған болатын», – дейді ол.

Чехияның қазіргі денсаулық сақтау министрі – Ян Блатны. Ол 29 қазанда қызметке келді. Ол Брно университетінің аурухана директорының орынбасары болған. 

Елде коронавирусқа байланысты дүрбелең бар ма?

Дәулет Түймебайдың айтуынша, Чехияда локдаунға байланысты тағы бірнеше митинг болған. Осы жолы олар биліктің қабылдап отырған шараларына наразы екенін жеткізген. 

«ЧР үкіметі біздің өмірімізді, құқығымызды және елімізді құртып жатыр. Үкімет адамдарға және кәсіпкерлерге дағдарыстан шығуға көмектеспейді», – деген екен шара ұйымдастырушысы.

Себебі оларға бірінші толқыннан кейінгі үлкен шығындар өтелмеген. Ал қазір тағы – жаңа шектеулер енгізілді.

Қазақстандық жалпы чехтер карантинге бағынатынын айтады. 

«Чехтер үкіметтің барлық нұсқауына мойынсұнып отыр. Прагада, жалпы Чехияда коронавирус таралуына қатысты дүрбелең жоқ. Бұл мәселе бойынша ешкім алыпсатарлыққа бара бермейді. Егде жастағы адамдар арасында коронавирус әңгіме мен талқыға салынатын сүйікті тақырып. Ал жастар ұстамды», – дейді ол.

Қатысты жаңалықтар

«Күйеу баланың еден жуғаны дұрыс па?» – Имам даулы сұраққа жауап берді

azatmedia

БАУЫРМАЛДЫҚ ПЕН ЖОМАРТТЫҚ ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНАН ДАРЫҒАН

azatmedia

ШЫМКЕНТТЕ «ШӘМШІ АЛЛЕЯСЫ» ЖАҢАРЫП ЖАТЫР

azatmedia

Пікір қалдыру