Жаңалықтар

ЕҢБЕК АДАМЫ: БІРНЕШЕ КӘСІПТІ МЕҢГЕРГЕН НАҚЫП АҒА

Қазақстан халқы Ассамблеясы, Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Қоғамдық келісім» РММ ұйымдастыруымен өтетін этножурналистика саласында «ШАҢЫРАҚ» шығармашылық байқауы жарияланды.

Байқаудың мақсаты – еліміздегі қоғамдық келісім және бірлік, этносаралық қатынастарды нығайту тақырыбында материалдар жариялап жүрген журналистерді ынталандыру және отандық этножурналистиканың дамуына ықпал ету.»Шаңырақ» байқауының бүгінгі кейіпкері Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің кәсіби фотографы, қырағы кадрлар иесі – Нақып Шынтеміров. Тіршілігі қызу қайнап жатқан жоғары оқу орнының бүкіл іс-шаралары, жиналыстары, форумдары, конференциялары әлбетте Нақып ағайсыз өтпейді.

Күнделікті барлық жиынның маңызды сәттерін уақытылы әрі сапалы жеткізіп отырған Нақып ағай бұл ісімен қарап қалмай, үйінде де ерекше табыс көзін жүргізіп отырғанын бірі білсе, бірі білмес. «Не екен?» деп ағайдың шаруасына шыдамсыздық танытып білгіңіз келсе, онда айтайын.Фотограф ағайымыз асыл тұқымды занин ақ ешкі түрін өсіріп, көбейтіп отырған еңбекқор шаруа.

«Бұрынғы үйіміз осы университет алдында, яғни Саттарханов даңғылының бойында болатын. Кейін жол бойындағы ескі үйлер бұзылып, тиісті қаражатымызды қолға бергеннен кейін, 2021 жылдың қаңтар айында біз өзімізге ұнайтын кең жерден жаңа үй алдық. Сөйтіп ауласы үлкен, зәулім үйге қоныстандық. Негізі жаңа жерге көшсең, жаңа өмірге мотивация пайда болып, жаңа идеялар ойға келіп, әр істі сүйсініп, ерекше құлшыныспен бастағың келіп тұратынын байқадым.

Содан балаларымызбен ойласа келе, «ешкі бағуды» жөн көріп, аулаға ыңғайлы үлкен қоралар салдық. «Есің кетсе, ешкі бақ» деген рас екен, алғаш 50 мың теңгеден сатып әкелген 2 ешкіден басталды. Ал одан кейін ешкіміз көктем келе шүпірлеп көбейіп, егіз-егізден, үшеуден төлдесе бола ма?! Одан сайын қызығушылығымыз артып, ешкі малын зерттеуге көштім. Ата-апаларымыздан бұрыннан оның сүтінің пайдасы туралы естіп өскеніміз бар. Ешкінің сүті адамға тіпті ана сүтін алмастыра алады екен. Оның құрамындағы май оңай сіңімді, әрі адам денсаулығы үшін өте пайдалы. Ешкі сүтінің құрамында кальций мен фосфор минералдық заттарының мол болуы балалардың сүйектерінің қалыптасуына пайдасы зор деседі. Оны әртүрлі өкпе, суық тию ауруларын емдеу үшін қолданады, сондай-ақ ешкі сүті гепатиттен, асқазан жарасынан, астмадан және т.б. аурулардан қорғайды. Ешкіде өзге малдағы сияқты ауру да болмайды.

Асыл тұқымды ешкілердің бағасы қымбат болғанымен, сүтті жақсы береді. Әсіресе, оның қаймақтай бал татыған айранын айсаңшы. Таза табиғи өнімді балаларыңмен бірге ішкен сайын тынысың ашылады. Үйдегі жеңгең де бұл істің шаруасын үйіріп ала кетті. Мол сүт-айраннан сары май пісті, дәмі тіл үйірер құрт жасады. Не керек, аққа жарығанымыз болды! Азанғы уақытта балаларымызбен жұмысқа кетіп бара жатып, бір-бір кесе сүтке нан турап ішіп алсаң, көпке дейін қарның ашпайды. Ешкі сүтінің бағасы негізі сиыр сүтіне қарағанда қымбат жүреді. Басқа жерде 1000 теңгеден болса, біз қанағат етіп кейде сұрап қоймағандарға 400 теңгеден береміз.

Кең қорада секектеп өскен лақтарымды еркелетіп мен суретке түсірем, саны көбейген олар мені қуантады. Оларға комбикорм, сұлы, бидай, арпа, жүгері талқандап, жоңышқа, жантақ майдалап беріп бағамыз. Негізі ешкі жылына екі рет төлдейді. Бірақ біз сүтіне бола әрі сүтінің құнары жойылмасын деп ұзақ ұстаймыз.

Сондай-ақ ешкіге қатысты қызық жағдайды айтып берейін. Оның текесі тентек болады екен. Бірде Шымкенттен теке лақ сатып алып келдім. Ол да үш айға дейін сәби секілді сүт еміп өсу керек қой. Оған сиырдың сүтін сатып алып, сонымен бақтым. Күндердің күнінде күш жинап, шираған соң балаларыммен тепсініп ойнауды шығарды. Оларды мүйізімен сүзіп, әбден есіріп есімді шығарды. Қарағайдай мүйізімен шарбақтан шарбақ қоймай шапқылады. Содан тентектігі үшін текені ініме беріп жібердім. Оның қорасына барып дуалын сүзіп-сүзіп құлатып, ол жақтан қашып кетіпті. Інім зорға дегенде ұстап, мүйізінен байлап біреуге әзер дегенде өткізгенін әліге дейін ішек-сілесі қатып күліп айтады», – деп Нақып аға өзінің ешкі өсіру шаруашылығының пайдасы мен қызықтары жайлы осылай бөлісті.

Кейіпкеріміздің сөзінен байқағаным, Шері ата әулетінің ауызбіршілігін бұзбай, берекесін арттырып, үлкен қарашаңырақтың астында ұйып отырған соң пайдадан гөрі парасатты істі көбірек пайымдайды екен. Олай деуіміздің себебі, «ата» деп үлкен үйдің табалдырығын аттаған әр бауырдың баласына қорадағы лақты атай салады. Бұдан кеміп қалмайтыны, керісінше, әулеттің ырысы мен бай-қуаттылығын арттырып отырғаны аңғарылады. Ал қазақтың әулетінің ТАТУЛЫҒЫ МЕН ЫНТЫМАҒЫ жайлы әңгіме ешқашан біткен емес…

Ия, сонымен Нақып ағайдың келесі сүйікті кәсібіне айналған істің бірі – шылаушын өсіру шаруашылығы. Әлгі басына құт болып келген жаңа қоныстың кең байтақ жеріне Нақып Шеріұлының шұбыртып-жыбырлатып шылаушын өсіріп жатқанын алғаш естігенімізде түсінбей аңтарылып қалғанымыз рас. Бірақ фотограф ағайдың әлеуметтік желіге жүктеген фотоларына қарап ауласындағы әсем гүлдердің көптігіне, жүзім жемісінің жайқалғанына қарап «қалай өсірген?» деп қызыға қарайтын едік. Сөйтсек әңгіме әріде жатыр екен…

Ағай алғаш рет бір қорап шылаушынды 15 мың теңгеге сатып алып, мал бағатын кісілердің ауыл сыртына шығарып тастаған қиын көлікпен тасып үйіне алып келеді. «Сыртқа шығарып тастаған» демекші, осы арада мұның шығыны аз-ау деп шамалайсың.«Содан қаптап әкелген қиды қораптағы құрттарды бірден күйдіріп жібермес үшін аулаға төсеп, сумен әбден шайып алдым. Оған құрттарды жайып, қорек жасауға кірістім. Құрттың қорегі – кәдімгі картоп, сәбіз қабығы, жапырақ. Соларды майдалап турап, құрт араласқан қиға салып отырамын. Үйден өз азығымыздан шыққан бұл қалдықтар да тегін.

Осы қалдықтарды жеп, ішінен өңдеу арқылы биологиялық тыңайтқыш жасалады. Ал биологиялық тыңайтқыштар өсімдіктердің жайқалып өсуіне өте қажет заттар. Мұны топыраққа себетін болсақ, егістіктің өсуін 2-3 есеге күшейтеді. Сондықтан егіспен айналысатын шаруалар осы шылаушындар өндіріп шығарған тыңайтқыштарды сатып алады. Оларды топырағына сеуіп, мол өнім алып жатады. Жер құрғаса да осы тыңайтқыштарды сепсе, өз әсерін тигізеді. Яғни аты айтып тұрғандай, жер тыңайып, топырақ құнарланып, өнім көбейеді.

Бұл құрттарға да аса күтім мен қамқорлық таныту қажет. Аталмыш жәндіктердің адамға зияны жоқ. Шақпайды, ешқандай жағымсыз иісі жоқ. Десе де, жаздың аптап ыстығында, әсіресе біздегі құрғақшылық қауіп төндіреді. Содан өліп кетуі мүмкін. Олар ылғалды топырақты жақсы көреді. Сол себепті өзіне тиісті температураны қадағалап отырған жөн. Қатты ыстықта құрттардың кейбірі құрғап кетсе, кейбірі жердің астына кіріп кетеді. Топыраққа су құйып ылғал деңгейін арттырған кезде олар қайта бетіне шығып кетеді. Өйткені олар барынша ылғал іздейді. Байқайсыз ба, көктемде жер бетіне шылаушындарды оңай шығарып алуға болады, яғни жердің бетінде ылғал болып тұрады. Осылайша олар төмен түсіп және жоғары көтеріліп отырады. Ал жаз айларында жер қатты болғандықтан оларды оңайлықпен таба алмайсың. Оларды аударып, орындарын ауыстырып тұрамын.

Енді оның сатылымына келсек, тыңайтқыштарды егістікпен айналысатындар, құрттарды балықшылар сатып алады. 1 дана құрт 5 теңге. Әрине, санамалап отырмай топтап өткізіп жібересің. Құрттардың саны көбейген сайын табыс та молаяр еді.

Әр кәсіптің өзіне тән қиыншылығы болатыны жасырын емес. Біреулер бұл ісіме денесі тітіркеніп, мұрнын тыржита қараса, кейбірі қолын сермеп түсінбей жатады. Ал есік алдында жайқалып тұрған егістігіме сүйсініп, қоярда қоймай «қалай өсіргенімді» бөлісуін сұрайды. Айналып келіп, тыңайтқыштарым туралы тәжірибемді тыңдауына тура келеді (күліп). Қандай кәсіппен айналыссаң да қыр-сырын жетік меңгеріп, қателессең, сол арқылы тәжірибе жинап, қайта шыңдалу арқылы көп нәрсе үйренуге болады деп ойлаймын», – деп аяқтады сөзін таңсық кәсіп иесі Нақып ағай.

Шұбалшаңнан тыңайтқыш жасап, шарапатын көріп отырған Нақып ағай енді алдағы уақытта жылыжай салып, жасыл желекті жайқалтуды мақсат етіп отыр. Топырақтың құрамын зерттеп, бірталай тәжірибе жинақтаған еңбекқор жанның бұл шаруасы шаш етектен пайда әкелетініне зор сенімдіміз.

«Адамды адам еткен, еңбек» десек, қоғамдық қатынастар өзгерген қазіргі заманда кез келген саладағы еңбек адамдарын тиісінше бағаласақ, сол еңбек адамдарының қадір-қасиетінің мықты екендігін көрсетсек нұр үстіне нұр емес пе?! Осындай қарапайым еңбек адамдары ХАЛЫҚ БІРЛІГІНІҢ, МЕМЛЕКЕТ ТҰТАСТЫҒЫНЫҢ ұйытқысы емес пе? 

Несібелі Иманқұлова, Түркістан қаласы 

Қатысты жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ДЕЛЕГАЦИЯСЫ ТҮРКИЯНЫҢ ӨНДІРІС ОРЫНДАРЫМЕН ТАНЫСТЫ

azatmedia

ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙДА МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР ТҮСІНДІРІЛУДЕ

azatmedia

ТАЛАПТЫ ЖАСТАР – ЕЛІМІЗДІҢ ЖАРҚЫН КЕЛБЕТІ

azatmedia