Қоғам

ТӨТЕНШЕ: САЛҒЫРТТЫҚ ТАНЫТПАҢЫЗ!

Күн суытқан мезгілді күтіп, өрт қаупі және улы газбен улану оқиғаларының орын алуы жиілей түсетінін естен шығармаған жөн. Жүргізіліп жатқан профилактикалық іс-шараларға қарамастан, өкінішке орай, бұл жағдай жылдан-жылға қайталанып отырады.
Жылу беру маусымының қарсаңында өрт қауіпсіздігі айлығының шеңберінде жылдың суық мезгілінде жылыту құралдарын пайдаланған кезде өрттер мен улы және табиғи газбен улану оқиғаларының алдын алу және оларды болдырмау мақсатында Түркістан қаласының төтенше жағдайлар басқармасы тарапынан қалалық тұрғын үй секторында аула аралау профилактикалық жұмыстары жүргізілуде.
Жылыту маусымының кезінде тұрғын үйлерінде жылыту пешінің мұржасы тарпай қалу себебінен көмір қышқыл газына табиғи газдарға улану факттісі орын алу мүмкін. Уланудың басты себептері жылыту құрылғыларын пайдалануда өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамағаннан болып отыр. Бұдан тұрғындар арасында өздерінің және жақындарының қауіпсіздігіне деген мәдениет деңгейінің төмендеуін байқауға болады.Тұрмыстық газ жылыту пештерін пайдалану ережесіне сай барлық қауіпсіздік шараларына көз жеткізіліп барып қоскан абзал болады. Мұржаның тартуын тексеру керек, ол үшін ошақтың аузына жұқа қағаз жолағын ұстау керек. Егер мұржа тартатын болса қағаз ошаққа қарай қозғалады. Тартпайтын болса пешті қолдануға жағуға тыйым салынады, өйткені мұржасы тартпайтын пеште газ толық жанбайды да, улы газ пайда болады, ол үйдің ішіне жайылып, газға улануға әкеліп соғады. Газға улану белгілері кезінде бас айналады, бас ауырады, әлсіздік пайда болады, жүрек және ауа жетімсіздігі туады, естен танады. Пәтерде немесе жеке тұрғын үйде газдың иісі байқалса дереу барлық газ тежектерін жабу керек. Үйдің ішін желдету қажет. Ашық отты пайдаланбау, электр аспаптарын қоспау керек.
Тұрғындардың әлеуметтік қорғалмаған топтарына аса назар аударылады, себебі өрттер мен улы газдан улану оқиғалары көбінесе солардың тұрғылықты жерлерінде орын алады.
Өрттердің, улы және табиғи газбен улану оқиғаларының негізгі себептері – бұл жылыту пештерін пайдалану ережелерін бұзу, ақаулы газ құралдары мен қолдан жасалған электр жылыту құралдарын пайдалану, сонымен қатар отты абайсыз пайдалану.
Түсіндіру жұмыстарын жүргізу кезінде тұрғындар арасында тұрғын үйлерде өрт қауіпсіздігін сақтау жөнінде «Улы газ», «Тұрғын секторда өрт қауіпсіздігі шараларын сақтау туралы», «Тұрғын үйлерде пештерді орнату кезінде қауіпсіздік ережесімен міндетті талап нормалары» тақырыптарында жаднамалар мен парақшалар таратылды.
Жер үйде тұратын адамдар жылуды ұстап тұру үшін кейде байқамай, мұржаны ерте жауып тастайды. Жанған оттың табы басылмай тұрып, түтін шығатын жерді бітеп тастаған соң, сол жерде иісті газ жиналып, адамның өміріне қауіп төндіреді. Керосин шамының нашар жануы, газ плиталарының ашық қалуы да осындай зиянды газдардың пайда болуына себепші болады.
Газбен уланған адамның ең алдымен, маңдайы мен самай тұсы ауырып, басы айналады, жүрегі айнып, кейде құсады. Бірте-бірте әлсіреген адам маужырап, кейде ұйықтап та қалады. Кей жағдайда уланған адамның құлағы шыңылдап, есінен танады, терісі, беті қызарып, жүрегі қатты соға бастайды. Уланған адам қауіпті жерде одан әрі жата берсе, бұлшық еттері әлсірейді, нәтижесінде жүректің соғуы тоқтайды. Қатты уланған адам тыныс жолдарының жансыздануы салдарынан демалысы біржолата тоқтап, өліп кетуі де мүмкін.
Мамандардың айтуынша газ қазандығы тұратын бөлме тұрғын үйден бөлек болғаны абзал. Ал, үй ішінде орнастырылса, онда қойылған бөлменің түтіндігі, ауа айналымы бар болуы міндетті. Сондай-ақ, иіс сезгіш дабылқаққыш орнату қажет.
«Улы газдың ең қорқынышты қасиеті оның ешқандай иісі жоқтығында. Демек, ауада оның бар – жоқтығын арнайы жабдықсыз анықтау қиынға соғады. Жалпы, улы газбен улану күтпеген жерде болады. Себебі, зардап шегуші біраз уақыт оның буымен тыныс алғанын мүлдем сезбейді. Газбен уланған адамның басы айналып ауырады, сана бұлдырап тұншығу байқалады, бұлшық еттер әлсіреп, құлаққа шу естіліп, лоқсу, құсу, ұйқышылдық пайда болады. Кейде керісінше, аз уақытқа қозғалыстың бәсеңдеуі, соңынан қозғалыстың бұзылуы, сандырақтау, галлюцинация, естен тану, тырысу, ессіз күй кешуді бастан өткізеді. Егер зардап шегушінің тыныс алуын дер кезінде таза ауамен қамтамасыз етпесе, оның қайтыс болуы әбден мүмкін.
Улы газдың ең көп таралған көздері – пайдаланылған газды шығаратын газ және май пештері, қатты отынмен жанатын пештер, газ құралдары, су жылытқыштары мен қозғалтқыштар. Пештердегі сызаттар, бітелген түтіндік, ескі құбырлардың улы газдың тұрғын бөлмелерге таралуына әкеліп соғуы мүмкін. Пешке таза ауаның жеткілікті кірмеуі де үйдің ішінде улы газдың жиналуына әсер етеді. Үйлердің тар құрылыстары да улы газбен улану қаупін жоғарылатады. Өйткені еркін желдетуді қамтамасыз етпейді», -деп сақтық шараларына мейлінше көңіл бөлу қажеттігін жеткізді.
Иә, көп жағдайда кейбір үй иелерінің салғырттығынан да қайғылы жағдайлар орын алып жататыны рас. Осындайда таяқтың екі ұшы барын әсте естен шығармаған абзал. Мамандармен болған әңгімеде біршама мәселелерге де қанық болдық. Соның ішінде төтенше жағдайлар басқармасының жауапты мамандары үйлерді яғни көпқабатты үйдегі пәтерлердің қауіпсіздігін талдау-анықтау кезінде үй ішіне кіріп, толықтай тексеруге құқығы жоқ екен. Демек, үй иесі есік қаққан тексерушіге рұқсат беріп, кіргізіп үйдің қауіпсіздігіне тікелей өзі мүдделі болмаса төтеншеліктердің еркін кіріп анықтау жұмыстарын жүргізуге құзіреті жоқ. Сондықтан сақтық үшін, шаңырақтың тыныштығы үшін кез-келген уақытта үйіңіздің қауіпсіздігін тексеруді ұмыт қалдырмаңыз. Егер күмәніңіз болса уақыт созбай мамандарды шақырыңыз. Бұл сіздің болашағыңыз үшін жасалатын игі қадамыңыз екенін ұмытпаңыз, қадірлі оқырман. Қайталап айтайық, тұрғындар өзінің қауіпсіздігі үшін, үйіндегі газ жүйесін тексертуге өздері мүдделі болуы тиіс! Осы мәселе қаперіңізде жүрсін.

Қатысты жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: Қарабаулықтар мемлекеттік қолдаудың арқасында өз кәсіптерін ашуда

azatmedia

Масылдықтан арылу – мемлекет дамуының алғышарты

azatmedia

ӘРЕКЕТ ЕТСЕҢ, БЕРЕКЕТ КЕЛЕДІ

azatmedia