Қоғам

Өсиет те, қасиет те – қарттарда

Әңгімеміздің әлқиссасын оңтүстік өңіріне танымал қаламгер, қазыналы қария, абыз ақсақал болған Әдіһам Шілтерханов ағамыздың осы мәйекті сөзімен бастауымыздың да өзіндік сыры бар. Расында, қариялық – соқтықпалы-соқпақсыз өмір жолынан алынған сабақтың, тағлым-тәжірибенің, жылдар бойы көңіліңде қатталып, көкіректе сақталған даналықтың қайнар көзі екеніне дау болмаса керек.  Біздің елімізде қарттар күні болып белгіленген 1 қазан күні саналы ғұмырын тынымсыз еңбегімен мемлекетіміздің іргетасын бекітуге арнаған алдыңғы буын ата-әжелеріміздің өнегелі өмір жолы мен ізгі істерін үлгі етіп, оларға лайықты құрмет көрсету — кейінгі ұрпақ үшін ұлағаты мол үрдіске айналды. Бұл атаулы күн осыдан 33 жыл бұрын аз қамтамасыз етілген қарт адамдарға, жалғызбасты қарт зейнеткерлер мен қарт мүгедектерге көңіл бөлу, оларға материалдық, әлеуметтік-тұрмыстық және басқа да көмек түрлерін көрсетуге қоғамның назарын аудару мақсатында аталып өте бастаған болатын. Жер-жерлердегі ардагерлер ұйымдары бұл маңызды міндетті ойдағыдай орындап келе жатқанын ерекше атап өткен жөн.Сөзімізді тарқата айтсақ, Түркістан облыстық ардагерлер кеңесі өз жұмысын «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасының және «Ардагерлер ұйымы» РҚБ-нің қаулылары мен қарарларын басшылыққа ала отырып, облыстық кеңес тарапынан қабылданған «Ата-баба дәстүрі – ұрпаққа аманат» бағдарламасының аясында негізгі 8 бағыт бойынша жүргізіп келеді. Көргені көп, айтары бар абыз ақсақалдардың ауыл- елдің амандығын тілеп, ауызбіршілігін сақтап, елдегі бірлі-жарым телі мен тентекті тезге салып, көптің сөзін сөйлеп отыруы – нағыз нардың жүгін көтерген көсемдіктің белгісі емес пе?! Осындай бітімгершілік, әділ билік құзыретін атқаратын облыстағы 21 кәсіби, 336 қоғамдық медиатор-ардагерлердің де ел ішіндегі дау-дамайды азайтуға үлкен септігі тиіп отырғанын атап айтқан жөн. Сонымен қатар, Қазығұрт ауданының Жаңабазар, Төлеби ауданы, Леңгір елді мекендерінде ардагер ақсақалдардан құрылған «Ынтымақ» орталығының ықпалымен қазір дүкендерде арақ-шарап сатылмай, түрлі құқықбұзушылықтарға тосқауыл қойылғаны, әртүрлі дау-дамайдың ел ішінен сыртқа шықпай, сол жерде шешіліп, жағдайы төмен отбасыларға қамқорлық жасалып отыруы да қазыналы қарттардың қарымын танытуда. Дәл осындай орталықтар биыл Түлкібас, Келес аудандық және Кентау қалалық ардагерлер кеңестерінің де жанынан ашылды. Бұл бағыттағы жұмыстар басқа аудан, қалалар мен ірі елді мекендерде де жүргізіліп жатыр. Отан отбасынан басталады десек, сол отбасының берекесін ұйытқан ана мен ене мектебі – өз алдына үлкен институт. Мұндай рухани ғимараттың кірпіші сонау ықылым замандарда-ақ қаланған. Сондықтан, ұлтын ұлықтаған ұрпақ тәрбиелеу, отбасы құндылықтарын насихаттау, ене мен келін татулығы, сол арқылы шаңырақ пен әулет ынтымағын сақтау мақсатында облыстық ардагерлер кеңесі жанынан құрылған «Әкелер мектебі» мен «Әжелер алқасының» 17 аудан мен қалада, 902 білім мекемесінде бөлімшелері бар. Сондай-ақ, 528 елді мекендегі бастауыш ұйымның жұмысы да ардагерлердің тағлымды тәрбиелерінің қоғамға ықпалы зор екенін дәлелдеп отыр. Бұл бағытта Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайда: «….. өскелең ұрпақтың тәрбиесі – өте маңызды мәселе, әр азаматтың сана-сезімі жаңғыруы қажет. Балаға дұрыс бағытқа бұрып, жол көрсетіп отырмасақ – бұл қауіпті үрдіс» деген болатын. Сондықтан ұрпақ тәрбиесімен айналысу баршамыздың да қастерлі борышымыз. Осы орайда, ұрпақтар сабақтастығын қалыптастыру – еліміздегі ардагерлер ұйымдарының басты міндеті болып қала береді.Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында аталып өткендей, бүгінде зейнетақымен қамтамасыз етудің тиімділігін арттыруға бағытталған бірқатар шаралар жүзеге асуда. 

Ж.МӘУЛЕНҚҰЛОВ,облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Қатысты жаңалықтар

Патерналистік тәуелділік – дамуға тежеу

azatmedia

Ұлтаралық келісім мен бейбітшіліктің қазақстандық моделі

azatmedia

Қайырымдылықтан масылдыққа

azatmedia