Иә, Дәубаба әулие туралы баспасөзде көп жазыла бермейді. Жұртшылықтың та әулие баба туралы білетіні шамалы. Осы орайда осыдан екі мың жыл бұрын Үйсін мемлекетін басқарған Күнбиі, яғни қазір Дәубаба әулие деп атап кеткен Дәу би туралы айта кету орынды.
Дәубаба зираты ежелден бері аймақ тұрғындарының жиі келіп, сыйынып, пір тұтатын киелі де қастерлі орындарының бірі болып саналады. Ал жалпы алғанда, Түлкібас ауданында қадым замандардан киелі танылып, адамдар әулие тұтқан жерлер көп. Түлкібас деп аталып жүрген қазіргі ауданның ежелгі аты – Түркібасы. Осы Түркібасы өлкесінде ежелгі тас дәуірінде алғашқы адамдар қоныстанып тіршілік еткендігін, өткен дәуірлерде Үйсін мемлекетінің негізін қалаған Үйсін баба дүниеге келіп хандық құрғандығын, Батыс Түрік хандығының Басы болып, Естемес хан билік жүргізген жер екендігін бірқатар ғалым-тарихшыларымыздың еңбектерінен біліп жатырмыз. Расында да, «Түлкібасы – құт мекені» деп ел айтып жүргеніндей, өткен дәуірлерде ғұмыр кешкен бабаларымыз үшін бұл өңір шынында да құт мекені болған ғой, сірә.
Біз әңгімелеп отырған кейіпкеріміз, Үйсін мемлекетінің ханбиі Дәу би де осы Түркібасы өңірінде, яғни Дәубаба ауылды мекенінен оңтүстік-шығысқа қарай 3-4 шақырымдай жерде жерленген.
1993 жылы «Жалын» баспасынан Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқианнан өзіме шейін» атты қазақ тарихынан сыр шертетін құнды еңбегі жарық көргендігі есімізде. Кітапты оқырман қауым қуанышпен қарсы алғанын да жақсы білеміз. Халық жадында ұмыт бола бастаған көптеген ұлы тарихи тұлғалар мен би-шешендеріміздің, ірі қолбасшылар мен батырларымыздың есімдерін қайта жаңғыртып, төл тарихымызды қайта қарауға айтарлықтай үлес қосты. Аталмыш еңбекте Дәу би туралы да аз-кем мәлімет беріле кеткендігі біз үшін таптырмас олжа болды. Өйткені Дәубабаның қай кезеңдерде өмір сүріп, кім болғандығы туралы деректердің жоқтығынан баба тұлғасы ұзақ жылдар бойы бізге жұмбақ күйінде қалып қойған еді. Міне, Қазыбек бек Тауасарұлының еңбегінен біраз дүниеге қанығып, көне замандарда ғұмыр кешкен бабаларымыз туралы білімдерімізді толықтыра түстік.
Дәу би хақында әңгіме қозғау туралы ой жайдан-жай туған жоқ еді. Көпшіліктің Дәу би туралы, оның кейінгі ұрпақтары жайында әлі күнге дейін ешнәрсе білмейтіндігі мені біраз ойға салды. Рас, Дәу бидің өмірі мен билік құрған кезеңі, оның ерліктері мен жорықтары туралы қолда бар деректердің өзінде тым аз айтылады. Қазыбек бек Тауасарұлының еңбегінде Дәу би туралы мәлімет көп кездеспейді. Тарихшы Әділхан Байбатша ағамыз да «Қазақ даласының ежелгі тарихы» атты кітабында Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлының еңбегінен бөлек Г.Н.Гумилев, В.В.Бартольд, Н.Я.Бичурин сынды басқа да бірқатар шетел мен орыс ғалымдарының еңбектеріне иек артқанымен, Дәу би туралы мәліметті қысқа ғана берген. Дегенмен де, жұртшылықтың Дәу бидің кім болғандығы, артында қалған ұрпақтары хақында аздаған болса да білімдері болғандығы дұрыс.
Сонымен жоғарыда келтірілген тарихшы-ғалымдардың еңбектерінде Дәу бидің туған жылы белгісіз, қайтыс болған уақыты біздің жыл санауымызға дейінгі 178 жыл деп көрсетілген.
Қытайша Нань-Доу-ми (Нәнди би) деп жазылған бабаның қазақша аты Дәу би.
Бабамыздың аты Дәу болмаса керек, ол үлкен, ірі болғанына қарай аталған. Негізінде бабамыздың шын аты Азан делінеді. Бірақ олай ешкім атамаған. Елге Дәу деген есімімен танылған.
Қытайдың көне жазба деректері мен ел жадындағы ауызша деректер негізінде Қазақ сахарасын мекендеген ежелгі сақ тайпаларын біріктіріп, олардың айбарлы мемлекетін құрған Үйсін бабаның жетінші ұрпағы. Үйсіндер б.д.д. ІІ ғасырда Жетісу, Алтай, Сарыарқа, Сырдария, Тұрпан алқабымен шектеліп қалмай, Үнді, Парсы елдеріне жорық жасап отырған. Кейбір тарихи деректерде Грек-Бактрия патшалығын қирата жеңген соғыста Асы мен Арыс тайпаларының хас батырларының ерліктері ерекше айтылады.
Міне, Үйсіндердің негізгі әскери күштері Оңтүстікте жорықта жүргенде б.д.д. 178 жылы Жетісудағы мемлекет ішінде тайпааралық қырғиқабақ қақтығыс басталады. Асы мен Арыс тайпаларының көсемдері билікке таласып, Шу өзенінің бойында отырған Дәу бидің ордасына тұтқиылдан басып кіреді. Дәу би өзінің шағын әскерімен шегіне жүріп соғысқанымен қарсыластарының күші басым болып, қазіргі оңтүстіктегі Түлкібас ауданы Дәубаба текшетауындағы шағын өзен аңғарында (қазір бұл өзен Дәубаба деп аталады) қуып жетіп, мерт етеді. Бабамыздың денесі осы төңіректе жерленеді. Ағайынның алалығынан қапаста мерт болған Дәубабаның артында Елсау мен Жантай есімді екі баласы қалады.
Қазақ тарихында Дәу бидің кенже ұлы Елсаудың өмір жолы толық сақталған. Оның өмірі мен хандық құрған кезеңдері Қытай жылнамасында да кеңінен баяндалады. Бір қызығы, жаңа туған баланың әкесі өлгеннен кейінгі өмір жолы шытырман оқиғалар мен әр қилы аңыздарға араласып кететіндігі. Бұл турасында Қазыбек бек Тауасарұлы былай баяндайды:
«Жетім қалған екі бала үлкені Жантай жеті жасар екен де, Елсау кішісі бір жарым жаста болған. Бөже (Дәу бидің жанашыр туысы, Ордадағы билердің бірі) әкесін өлтірген өз туысқандарынан екі баланы жерден-жерге, көрден-көрге тығады. Елсіздегі тау бауырындағы өткен жылдан қалған бір мая шөпке тығады. Бөже тамақ әкеліп береді екен де, түнде ғана келіп, түнде қайтып кетеді екен. Сөйтіп жүргенде, бір күні шөп астындағы жеті жасар Жантайдың қалғанын көреді. Жантай айтады: Елсауды қасқыр тістеп кетті…».
Ары қарай ежелгі сақ тайпаларының аңызында жиі айтылатын ескі сарын бойынша жалғасып кетеді. Баланы көк бөрі (кейбір деректерде барыс, қабылан деп айтылады) емізіп асырайды. Көк бөрі аңға кеткенде оны көк қыран құс құрт-құмырсқадан қорып, ет пен су әкеліп тұрады-мыс. Бөже таудың үңгір, апандарын қарап, ең болмаса баланың сүйегін тауып көмейін деп, қарамаған жер қалмайды. Бірнеше күн араға салып, бір апаннан емшектері салпылдаған бөрінің (бір жерде барыстың) шығып бара жатқанын байқап қалады. Апанға жақындап ішіне үңілсе, бүк түсіп ұйықтап жатқан баланы көреді. Дене бітімі сау, қарны тоқ баланы көріп қуанған Бөже Арыс пен Асы тайпалары мекендеген Жетісудың шығыс жағындағы Үйсін мемлекетінің Ғұн тайпасының биіне апарып табыстайды. Бұл оқиға Ғұн биіне белгілі болғанда, бала Елсауды пір санап, құрметтей бастайды. Қол астына алып өсіреді.
Көк бөрі демекші, ежелгі түріктер өздерін көк бөріден тарағанбыз деп түсінгенін тарихтан жақсы білеміз. Түріктер үшін қасқыр тотем болып саналған. Көк бөрінің баланы асырап, жаудан қорғаштап жүруі сынды аңыз-әфсаналар ежелгі жыр-дастандарда да жиі ұшырасады. Көк түріктердің ежелгі ата-тегінің шығу тарихын, олардың халық ретінде қалыптасқан түрлі аңыздар негізінде жыр еткен «Көк бөрі» дастаны осы пікірімізге орайлас.
Дәу бидің ұлы Елсаудың өмірге келе салысымен түрлі аңыз-әңгімелерге араласып кетуі, әсіресе баланы көк бөрі емізді деген әңгіменің шығу себебі турасында жөнді пікір айтудың өзі әрине қиындау. Әңгіме нақ осындай болғанымен, біздің ойымызша, осыған жақын шындығы да бар сияқты. Ежелгі замандарда ел басқарған ұлы тұлғалар мен ержүрек батырлардың қалың елді басқарып, өзіне деген сенімін нығайтуда, алға қойған мақсатына жетуде халық арасында аңызбен араласқан түрлі әңгімелердің таралуына мұрындық болып жататындығын білеміз. Мәселен, Ескендірдің немесе Еділ (Аттила) патшаның аңызбен араласып жатқан өмір жолдарын еске түсірсек болады. «Ескендірдің қос мүйізі бар екен, әлемді варварлардан тазарту үшін келген нағыз жеңімпаз патша» деген әңгімеге сенген жұрт оған құдайдай қарап, бірге ерген жоқ па еді?.. Ал Еділ патшаға «жын-перілердің өзі оған қолдау беріп жүр» деген қауесеттің өзі қарамағындағы нөкерлеріне қандай әсер етті. Қалай десек те, аңыз-әңгімелердің негізінде шындық жататындығы анық.
Еділ патша демекші, аты аңызға айналып, римдіктерді тізе бүктірген ұлы қолбасшыны Дәу бидің ұрпағы екен дегендей әңгімені естіп қалдым. Ол да мүмкін. Әділхан Байбатшаның «Қазақ даласының ежелгі тарихы» атты еңбегінде: «…Батыс Ғұн империясының соңғы билеушісі, аты аңызға айналған Әділ (Аттила) патша да үйсін-көкбөрі Дулының тұқымынан шыққан көрінеді» деген тұстары бар. V ғасырларда Батыс Ғұн империясының бөлшектенуінен пайда болған өркениетті мемлекеттерінің көптеген халқы Дулы биді өздерінің атасы санайды екен. Ал Дулы деп отырғанымыз – Дәу бидің туған немересі.
Сонымен, Дәу бидің ұлы Елсау Ғұн тайпасының арасында жүріп, соғыс өнерін терең меңгеріп, одан өз елінен қашқан аталастарынан қол жинап, қайта өз елін, билікті қолына алады. Еліміз қатты шарықтап өсіп, халқы да жүз мың қол шығара алатын икемге келеді. Елсауды ел ардақтап Күн би атандырады.
Елсау билік құрған кезде Үйсіндердің күшеюінен Қытай елі қатты сескенеді. Чжан Цзянь, қытайдың аса көрнекті саясаткері әрі елшісі, үш жүз адамнан құрылған елшілікті бастап, Үйсін мемлекетінің ордасына б.д.д. 119 жылы аяқ басады. Бұл сапарға Қытай ұзақ дайындалыпты. Қазыбек бек Тауасарұлы өз еңбегінде қытайлықтардың Батыс өңірлерді мекен еткен елдер туралы ғасырлар бойы астыртын мәлімет жинағандығын, солардың ішінен бәрінен артық санап, бірден баруға сескенген ұлы мемлекет Үйсін мемлекеті екендігін баса айтады.
Елсау бидің көңілін аулау үшін қытайлықтар 10 мыңдап өгіз, қойларын беріп, еркектеріне шебер қыздарын да ұзатады, бағалы заттары мен жылтырақ дүниелерін үйіп-төгіп беріп жатады. Алғашқыда Қытай елшісін Елсау көп келімсектің бірі деп қабылдап, менсінбейді. Бірақ қымбат дүниені көрген ханби артынша жібіп, сыйды қабылдап, қонақтарға сый-құрметін ұсынады.
Елсау бидің тұсында Қытайдан қыз айттыру, құдандалық дегендер үдейе түседі. Осылайша Үйсін мемлекетімен достық қарым-қатынасын орната жүріп Қытай тарапы астыртын саясатын жүзеге асыра береді. Бұл турасында Қазыбек бек Тауасарұлы өз еңбегінде: «…Елсау бабамыз ел билеп тұрғанда, бізге келген жансыздарында да сан болмапты. Олар тіпті сауда-саттықпен, байбатшалықпен, көпес-көрімдікпен елді еркін аралап, ішіне бітінәлықпен пәлесін тоқып жүріпті. Олардың бар арманы енді қазақтарды терістіктегі қазақ бауырларына айдап салып, егер соларды шапса, қыз алысып, қыз берісер едік деген құдандалығын да білдіреді» деп баяндайды.
Бұл саясат өз кезегінде нәтижесіз болмағандығын айтуымыз керек. Өйткені біртұтас Үйсін мемлекеті б.д.д. 53 жылы екіге бөлінетіндігі тарихтан жақсы мәлім.
Елсау атамыз әйелін арғыннан алды. Біздің шешеміз Ұмай бәйбіше Арғын Аспар деген кісінің қызы дейді Қазыбек бек Тауасарұлы. Арғын қызы Ұмай – біздің шешеміз – он үш құрсақ көтеріпті. Қазіргі уақытта Ұмай ана деп қазақ жұрты әулие санап жүрген шешеміз Елсау атамыздың бәйбішесі болған екен. Жалпы, Елсау атамыз бес әйелінен 23 бала көріп, соның оны тіреп тұра қалыпты. Елсау би жасы келіп, қайтыс болғанда өзінің өсиеті бойынша Нулы бидің, ерте қайтыс болған тұңғыш ұлының қасына, Есік қорғанында жерленген. Елсау бидің денесімен қоса қойылған алтын заттар мен бұйымдардың есепсіз көптігі ел есінде ұзаққа дейін қалыпты.
Б.д.д. І ғасырдың соңы мен б.д. І ғасырдың басында Үйсін мемлекеті мен Қытай арасында қатынас Аспан асты елінің ішкі дағдарыстарына байланысты күрт үзіледі. Дәл осы қолайлы сәтте билікке Майқы би келеді.
Майқы би негізінен Дәу бидің 9-ұрпағы. Майқы бидің билік еткен заманында Үйсін мемлекетінің ауқымы едәуір ұлғайып, шығыс Алтайдан сонау Еділге дейін, Алатаудан солтүстіктегі Сібір тайгасына дейін кеңейеді. Елдің әл-ауқаты жақсарып, тыныштық заман орнайды.
Майқы би бабамыз туралы Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы да біршама деректерді келтіре кетеді.
Жалпы Майқы би бабамыз ұзақ жасап 89 жасында дүние салыпты.
Майқы бидің өзі де, хандық құрған кезі де империямен қатынас үзілгендіктен Қытай тарихында жазылмай қалыпты. Алайда Майқы би халық жадында жақсы сақталып, даналық мұралары, шешендік сөздері әлі күнге дейін айтылып келеді.
Орыс ғалымы В.В.Бартольд 1893 жылы исламға дейінгі ескерткіштерді іздестіру мақсатында Түркістан өлкесіне ғылыми сапармен келеді. Жергілікті тұрғындардың айтуымен Дәу бидің бейітін тауып, әулие басындағы көне жазуы бар ескерткіш саз тақтаны алғызу үшін жол көрсетуші төрт адамды жібереді. Алайда беліне арқан байлап саз тақтаны алу үшін шатқалға түскен жігіт арқан қысқалығынан түбіне жете алмаған соң оны қайта тартып алыпты. Осылайша бұл әрекет сәтсіз аяқталған көрінеді.
В.В.Бартольд бұл сапарында ел аузындағы көптеген аңыз-әңгімелерді қағазына түсіріп алады. Құпия үңгірлер, түтін шығарып тұратын үңгірлердегі ескі замандардан белгі беретін ғажайып суреттер, адамдарды жұтып қоятын айдаһар жыландар туралы аңыздар бұл өңірде баяғыда айтылып жүретін.
Осы өңірдің құпия-сырларын қытайлықтар жақсы білетін сияқты. Бұны айтып отырған себебім, осыдан бірнеше жыл бұрын қытайлық бірнеше азамат келіп осы өңірді аралап кеткендігі бізді біраз ойға салды. Дәубаба ауылының тұрғыны, ағам Мұхамеджан Әбсаттарұлынан «Біз Тайваннан едік» деп түр-әлпеті қытайлық бір азамат осы өңір туралы, ауылдың жоғары жағында орналасқан қосүңгірдің нақты қай жерде екендігі жөнінде сұраған бопты. Соған қарағанда Тайван азаматтарының (олардың да тегі қытайлық қой) бір мақсатпен келгендігі анық болып тұр.
1993 жылы ауыл тұрғындары жиылып, Дәу бидің кесенесін жаңадан салып, мал сойып, баба рухына құран бағыштағаны есімізде. Ескі бейіті болса тоз-тозы шығып, «бір кездері орыс мұжықтары бұл жерді мал жайылымына айналдырып жіберген» деп көнекөз қариялар өкінішпен айтып отырғандарын көрген едік. Ал бұрындары бейіттің басында ескілікті жазуы бар саз тақта болғандығы туралы біз кейін біліп, естідік. Ал ол тақтаның қазір қайда екендігі бір құдайға мәлім. Өткен ғасырларда В.В.Бартольд сәтін салып алып кеткенінде қазір мүмкін біз ол саз тақтада не жазылғандығы туралы білер ме едік?..
Түйіндей келгенде, Үйсін мемлекетін билеген Дәу бидің өмірі мен ерлігі жөнінде дерекнамалар көп сақталмаса да ұлы баба туралы бүгінгі ұрпақ аз да болса да білуі керек. Және ол хақында қайта зерттеулер жүргізіліп, ғылыми экспедициялар ұйымдастырылса, кім біледі, мүмкін жаңа деректердің де табылып қалуы ғажап емес қой. Ал жүз жиырма жыл бұрын В.В.Бартольд ала алмай кеткен ескілікті жазуы бар саз тақта бүгін сәтін салып табылып жатса, ұлттық мәдениетімізге қосылған үлкен бір қазына болар еді.
@Қанат ЕДІГЕТЕГІ