ҚР Премьер–министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысындағы шағын өндірістік парктерді құру тәжірибиесін еліміздің басқа өңірлерінде қолдану жоспарлануда. Мәселесін пысықтау мақсатында Қаржы, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі және еліміздегі барлық облыстардан жалпы 40-қа жуық делегация өкілдері Түркістан облысына арнайы іссапармен келді.
Іссапармен барысында делегация Сауран ауданындағы «SAURAN» өндірістік паркінде болып, жаңбырлатып суғару технологияларын шығаратын «BNK Group», жиһаз өнімдерін өндіретін «Aqniet Holding», өндірістік тоңазытқыш шығаратын «UBC Групп» және басқада бірқатар жобалардың жұмыс барысын бақылады. Сонымен қатар Сауран ауданы аумағындағы «Иассы», «Ескі Иқан», «Дәморда» және «Қарашық» шағын өндірістік парктердің құрылысымен танысты.
Делегация өкілдері өңірде құрылып жатқан шағын өндірістік парктер жұмысын оң бағалап, бұл бастаманың шағын және орта бизнестің және өңірдің бизнес климатының дамуына оң ықпал ететінін атап өтті.
Бүгінгі таңда облыстың барлық аудан және қалаларында 214 гектар аумақта 25 шағын өндірістік алаң құрылды. Алаңдарда 258 өндірістік ғимараттың құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Аталған ғимараттарда орналасатын жобалармен (251 жоба) келісімдер жасалған. Жалпы инвестициялық құны 192 млрд теңге. Нәтижесінде 5 218 жұмыс орны құрылып, болжаммен жылына 96 млрд теңге импротты алмастыру өнімдері өндірілетін болады.
Іссапар барысында қатысушылар шағын өндірістік парктерді дамытудың тиімді тетіктерін талқылап, тәжірибе алмасу алаңын қалыптастырды. Әсіресе, инфрақұрылымды алдын ала дайындау, өндіріс орындарын шоғырландыру және кәсіпкерлерге дайын алаң ұсыну тәсілдерінің тиімділігіне ерекше назар аударылды. Бұл модель бизнесті бастау кезеңіндегі тәуекелдерді азайтып, жобаларды жылдам іске қосуға мүмкіндік беретіні атап өтілді.
Сонымен қатар, мұндай өндірістік алаңдардың өңіраралық экономикалық байланыстарды нығайтудағы рөлі де жоғары екені айтылды. Түркістан облысында қалыптасқан тәжірибе басқа өңірлерге бейімделіп енгізілген жағдайда, ел экономикасының теңгерімді дамуына ықпал ететіні күтілуде. Бұл өз кезегінде өңірлер арасындағы өндірістік әлеует айырмашылығын азайтуға сеп болады.
Кәсіпкерлер үшін қолайлы орта қалыптастыру мақсатында мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру мәселелері де күн тәртібінен түскен жоқ. Атап айтқанда, қаржыландыруға қолжетімділікті арттыру, салықтық жеңілдіктер қарастыру және әкімшілік рәсімдерді жеңілдету бағытында ұсыныстар айтылды. Бұл бастамалар шағын және орта бизнестің белсенділігін арттыруға ықпал етеді.
Жалпы алғанда, Түркістан облысының тәжірибесі индустриялық-инновациялық даму жолындағы тиімді модельдердің бірі ретінде бағаланып отыр. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып, еліміздің басқа өңірлерінде де оң нәтижесін береді деген сенім бар.
