Азаматтық қоғам институттарының дамуы үшін мемлекет бұл процестің жасампаздық сипатта өрбуіне, азаматтардың саяси белсенділік танытуына қажетті жағдайлар жасап, қолдауы қажет.
Қазақстан халқының азаматтық ұлтшылдығы көпвекторлы саясат аясында көпэтностық және көпконфессиялы Орталық Азия аймағын келісім мен бейбітшілік алаңына айналдырды.
Тәуелсіздікке қол жеткен тұстан бері де бұл қасиеттерден айнымаған халқымыз ел егемендігіне де үлесін қосып келеді. Бүгінде азат ел атанған, өзін әлемге ынтымағы жарасқан ел екендігін мойындата білген Қазақстан – ғаламдық татулықты сақтау мен нығайту ісінде өзге елдерге үлгі екені жасырын емес. «Бірлігі бар елдің белін ешкім сындырмас» дейді ұлы халқымыз. Расында халықтың ынтымағы мен ауызбірлігін сақтау әрқашанда маңызды болып қала бермек.
Қандай қиын кезеңдерде де қыран тамырлы қазақ бөлінген емес, бір-біріне арқа сүйегендіктен аман қалып, дінін, тілін сақтап қалды. Сондықтан қазақ қай тұста болмасын «Бірлік болмай тірлік болмас», «Бірлік түбі – береке», «Алтау ала болса – ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса – төбедегі келеді», «Ел ішінде дау көбейсе, ел сыртында жау тұрар» деп түйіндеп отырған. Данышпан Абай: «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос», – деп адамды, ұлттың қадірін, елінің қасиетін тануға үндеді. Себебі бірлігі кеткен елден береке қашатынын түсінді.
«Бірлігі бар ел озады, бірлігі жоқ ел тозады». Бұл – тарихи заңдылық. Сондықтан, қазақ елінің бірлігі – мемлекетіміздің кілті. Қандай мемлекет болмасын оны еш уақытта сырттан жау алмайды. Қазақ әлсіресе, алауыздықтан әлсіреген. Қуатты, іргелі ел болса, бірліктің арқасында «мойындыны идіріп, тізеліні бүктірді». Ең алдымен ел арасында бірлік, ынтымақ, сабыр мен парасат, байсалдылық керек. Отбасының берекесі шаңырағының тыныштығымен және отбасындағы татулықпен келген. Мемлекет те сол сияқты. Ендеше, жастың да, қайсыбір жасамыстың да елге қатысты байсалды да өміршең ұстанымда болуына көп болып ықпал еткеніміз абзал.
«Ынтымақ болмай іс оңбас» дейтін бабамыздан қалған сөз бар. Шындығында, бүгінгідей қатерлер аяқ астынан туындап жататын алмағайып заманда береке мен бірлік, татулық пен достық ауадай қажет. Өйткені, Тәуелсіздіктің тірегі – тұрақтылық. Осы тұста Ататүріктің «Үйде тыныш болса, сыртта да тыныш» деген сөзі де еске оралады. Ендеше бірлік, татулық арқылы тұрақтылық қамтылып, ол Тәуелсіздігімізді берік ете түсері сөзсіз. Шындығында, Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі сан салалы істері, тұтастай жеткен жетістіктері тек бірліктің, ынтымақ пен тыныштық арқылы келетін тұрақтылықтың арқасында ғана орын алды.
Жылдар бойына жалғасып келе жатқан дінаралық, ұлтаралық қақтығыстар бойынша әлемдік дипломатияның небір озық үлгілері де отты нүктелердің шоғын сөндіре алмай отырғанына әлем жұртшылығы куә. Ендеше, осындай дамуға кері әсер беретін құбылыстарды сараласақ, бірлігі, ынтымақтастығы жарасқан елде ғана тіршілік қайнап, тұрақтылық сақталып, болашақ дамуы да баянды болмақ.
Қазақстандық ұлтаралық татулық үлгісі де осыған негізделген. Ендеше, Кеңес Одағынан қалып, қызыл империямен бірге құрдымға кетпеген, керісінше жаңа мемлекетте жаңаша түлеп, ұлттар арасындағы ыстық ықыластықты дәріптеуге бет алған Мамыр мерекесін жаңғыртудың түпкі мәнісі осы – бірліктің, ынтымақ пен берекенің игілігіне шақыру деп білген ләзім.
Ақыр соңында еліміздегі татулық пен бірліктің басқаға емес, ең алдымен қазақтың өзіне керектігін Мемлекет басшысы ұдайы көтеріп келеді. Мемлекет басшысының айтуынша, қазақстандық қоғамда ешкімнің де этностық артықшылығы жоқ және бәрі де Заң алдында тең. Барлық қазақстандықтар – бір туған жердің балалары. «Біз бәріміз – біртұтас Қазақстан халқының әртүрлі және бірдей балаларымыз. Біздің бәрімізді бір мәселе толғандырады – бүкіл Қазақстан халқының әл-ауқаты. Біздің бәріміздің мақсатымыз бір – біздің ортақ Отанымыздың өркендеуі. Бұл біздің ортақ табысымыз, ортақ мақтанышымыз. Бұл осы жылдар бойына Мемлекет басшысы ретінде мен жүргізіп келген, жүргізіп отырған және жүргізе беретін саясат. Тұрақтылық пен келісім – әрбір әкімнің, әрбір басшының, әрбір азаматтың күн сайынғы жұмысы!» – дейді ол.
Бір шаңырақтың астында ұзақ жылдар бойы 140-қа жуық ұлт пен ұлысты, қырық түрлі дінді уағыздайтын үш мыңға жуық діни бірлестіктерді тату-тәтті ұстап отыру оңай емес. Алайда, еліміз қанша уақыттан бері шашау шығармай, достық пен бірлікті ту етіп, ортақ мүддеге жұмылдырып, олардың ортақ Отаны бола алып отыр.
Егер кезінде еліміздің құрамы көпэтносты және көпконфессиялы болуына байланысты күмәнді болжамдар айтылып, сонау Тәуелсіздік алып, еліміз енді аяғынан тұра бастаған тұста сарапшылардың «Қазақстанды қақтығысқа қолайлы, яғни, конфликт қаупі жоғары аймаққа жатқызғанын» ескерсек, мұның қаншалықты қиын шаруа екенін түсінеміз. Алайда, тәуба! Тәуелсіздік алған кезеңнен бастап, күні бүгінге дейін еліміз мемлекет үшін ең маңызды ұлтаралық татулықты, конфессияаралық келісімді, өзара түсіністік пен тұрақтылықты, достықты өзіндік ұстаным етіп өмір сүруде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде бірлік пен тұрақтылықтың сақталуына айрықша мән береді. Мұны оның халыққа арнаған Жолдауларынан да байқауға болады. Яғни, өзінің баяндамаларының барлығында әрқашан да елдегі ұлтаралық және конфессияаралық тұрақтылықты сақтап қалудың маңыздылығын айрықша атап өтіп отырады. Сондықтан, елдік ұстанымға сай, еліміздегі барлық этностар арасында достық қатынас орнатып, олардың ауызбіршілікте өмір сүруі және әртүрлі діндер арасында өзара түсіністіктің орнауы берік қамтамасыз етіледі. Нәтижесінде, бүгінде елімізде этносаралық тату-тәтті қарым-қатынас пен қоғамдық келісімнің қазақстандық өзіндік үлгісі қалыптасқан. Бұл қазақстандық үлгінің астарында «алуан түрлілік арқылы тұтастыққа» деген халқымызды біртұтастыққа шақырушы ұстаным жатыр. Бұл ұстанымның еліміз үшін бағасы қашанда қымбат болған! Және алдағы уақытта да қымбат бола береді. Өйткені, елдік ұстаным осы!
Осы орайда атап өтер жайт, еліміздегі барлық этностардың өздерінің ұлттық тілі мен әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, мәдениетін дамытуға деген ұмтылысын, ынтасын байқап, еліміз барлық қажетті жағдайлармен қамтамасыз етіп қана қоймай, ұдайы қолдап отырады. Елімізде нәсiлдiк, этникалық, тiлдiк, дiни және өзге де белгiлерiне байланысты кемсітуге жол бермеy туралы нақты ұстанымын да айта кеткен жөн. Бұл бағытта елімізде бірде бір заң жоқ. Яғни, еліміздегі барша ұлттың баласы теңдікте өмір сүріп жатыр деуге болады.