Партиялық жүйе (грек. systema – бүтін, бөлшектерден тұратын; лат. partis – бөлік) – мемлекеттегі саяси партиялардың жиынтығы және сол партиялар арасындағы байланыстар жүйесі.
Партиялық жүйе қоғамда қызмет атқарып отырған барлық партияларды, сонымен қатар олардың арасындағы өзара қатынасу нысандары мен қоғам өміріндегі рөлдерін қамтиды. Партиялардың жағдайларының ерекшеліктері мемлекет заңнамасымен, оның тарихи, ұлттық және діни ерекшеліктерімен айқындалады. Партиялық жүйенің қалыптасуына қоғамның саяси дамуы мен мәдени деңгейі де ықпал етеді. Билікке ықпал ете алатын партиялар саны түрғысынан партиялық жүйелердің келесідей түрлері бар:
— бірпартиялық, яғни мүнда бір партия қоғам өмірінің барлық салаларына бірден-бір ықпал ете алады. Нақты айтқанда, партия мен билік функцияларын ажырату тым қиын біртұтас бюрократиялық организмге айналып кетеді. Кейде монопольдық сипаттағы билік партиясын авангардттық партиялар деп те атайды, өйткені олар бүкіл қоғамды өз артынан ертіп жүреді.
— екіпартиялық, яғни мүнда билікке бір-бірімен бәсекелес екі партия күреседі. Әдетте, тек осы партиялар ғана президент лауазымына кандидаттар үсынып, депутаттық мандаттарды алады. Бұл жүйе бір тарап кезек-кезегімен жоғары көтеріліп отыратын әткеншекке ұқсайды
— көппартиялық, мұнда сайлаушылардың дауыстары үшін бірден көп (кейде ондаған) партиялар бәсекеге түседі. Тұрғындар дауыстары көптеген бөліктерге бөлінетіндіктен, бірде-бір күштің абсолютті басымдыққа ие дауыс жинай алмай қалатын жағдайлар да жиі кездесіп отырады. Мұндай жағдайда әртүрлі коалициялар құрылады, яғни үкімет құрамына бір мезгілде бірнеше партиялардың өкілдері енеді. Кейбір жағдайларда партиялардың нақты саны партиялық жүйенің түріне сәйкес келмеуі мүмкін. Мәселен, бірпартиялық жүйеде ресми режиммен күресетін заңсыз түрде жұмыс атқаратын партиялар өмір сүре алады.
Одан бөлек, бірпартиялық мемлекет ішінде не партия ішінде басшылық етудің тоталитарлық немесе авторитарлық әдісінің үстемдік етуін білдірмейтін жағдайлар да орын алып отырады. Тіпті, АҚШ тарихында Азаматтық соғыстан кейін бірпартиялық жүйе өмір сүрген кезеңдер болғанын айта кету керек. 1923 жылдан 1946 жылға дейінгі аралықта Түркияда Мұстафа Кемал Ататүрік негізін қалаған халықтық-республикалық партия қызмет атқарды. Қоспартиялық жүйе жағдайында халық бұқарасы тарапынан ешқандай қолдау таппайтын шағын партиялар да заңды түрде әрекет етеді.
Ал ресми тұрғыдағы көппартиялық жүйе бір ұйымның билікке монополиясын жасырып тұрған бетперде болуы да мүмкін. Мәселен, бұрынғы социалистік жолдағы Германия Демократиялық Республикасында билік басындағы Германияның социалистік біртұтас партиясынан басқа, елде мемлекетті басқару ісіне қандай да бір түрде шынайы қатыспаған үш партия қызмет атқарды. Қытайда да бірнеше партиялар бар болғанымен, бұл елдегі билік басындағы коммунистік партияның орны мен рөлі конституциямен бекітілгендіктен басқа саяси күштер қоғам өмірінде елеулі рөл ойнай алмайды.
Қазіргі күндегі беделді саясаттанушылардың бірі болып саналатын А. Пшеворский «демократия — партиялар сайлауларда жеңіліске ұшырап отыратын жүйе» деп жазды. Шынайы демократия жағдайындағы саяси күресте уақытша жеңіске жетушіл ер мен жеңіл іс табатындар болуы мүмкін. Ал Партиялардың сайлауларда жеңіске жетуі жүйенің демократиялық екендігін білдірмейді: мәселен кешегі күнге дейін социалистік Албанияда халықтық партия үлкен жеңістерге қол жеткізіп келді. А.Пшеворский осы орайда, сайлаулар кезінде жеңіліс табу әлеуметтік мін немесе қылмыс болып табылмайтын жағдайда ғана демократиялық принциптер берік орнығады деп көрсетеді. Партиялардың саны партиялардың қызметтерінің мәні мен олардың рөлдерін үнемі айқындай алмайтындықтан, партиялық жүйелерді көп жағдайда саяси режимге байланысты демократиялық, авторитарлық және тоталитарлық деп бөліп қарастырады.
Қоғамдық-саяси қозғалыстар. Қоғам өмірінде партиялардан басқа қоғамдық-саяси қозғалыстар да маңызды рөлге ие. Біздің елімізде өткен ғасырдың 80 жылдарының аяғында алғашқы қоғамдық қозғалыстар пайда бола бастады. Олардың қатарында ең танымалдары ретінде «Невада-Семей» антиядролық қозғалысы, «Азат» азаматтық қозғалысы, «Лад» славян қозғалысы тәрізді үйымдарды көрсетуге болады. Қозғалыстардың пайда болуы — саяси және қоғамдық плюрализмнің (көзқарастар мен пікірлердің саналуандылығы) дамуындағы бастапқы қадам. Саяси партиялардың көбінесе қозғалыс негізінде қалыптасатыны да осыдан болса керек. Қоғамдық қозғалыс — ортақ мақсаттарды іске асыру үшін құрылған азаматтардың бұқаралық бірлестігі болып табылады.
Осы орайда, барлығымыз үшін экологиялық, ұлттық, әйелдер, жастар және тағы басқа да қозғалыстар жақсы таныс. Ғылымда қоғамдық қозғалыстарға қатысты бірнеше тәсілдер бар. Әдетте, қоғамдық ұйым ұғымы мақсаттары мен міндеттері мен сол бағытта өткізетін бұқаралық шаралары тұрғысынан бір-біріне жақын келетін барлық ұйымдар мен одақтардың жиынтығын білдіреді. Мұндай түсінікте, мәселен, жұмысшы қозғалысы ұғымымен жұмысшылардың мүдделерін білдіретін барлық партиялар, ұйымдар мен кәсіподақтармен қатар олардың мүдделерін қорғауға бағытталған ереуілдер мен шерулерді айтуға болады. Әйелдер қозғалысы саясатта, экономикада және отбасында әйелдерді кемсіту мен шеттетуді жоюды мақсат ететін нәзік жандардың көптеген өкілдерін біріктіреді. Жастар ұйымдары, өз кезегінде, жастардың білім алу, денсаулық сақтау, демалу құқығын, сонымен қатар жаңа жұмыс орындарын құруды қамтамасыз етудегі кең кепілдіктерді қолдайды.
Қазіргі күндегі заманауи қоғам өмірінде әртүрлі экологиялық ұйымдар белсенді рөл атқарады. Олар қатерлі өндіріс орындарын жабу, экологиялық бағдарламаларды қабылдау мен орындау тәрізді мақсаттар үшін күрес жүргізеді. Қозғалыс түсінігінің тағы бір мағынасы — көптеген қозғалыстар ұйым түрінде құрылады. Бұл жағдайда қоғамдық қозғалыстар деп өз мақсаттарына қол жеткізу үшін күрес жүргізетін нақты қоғамдық ұйымдарды айтады. Мұндай қозғалыстар мемлекеттік органдарда тіркеледі, саяси күрес жүргізеді, тұрғындарды өз қатарына саяси партиялар тәрізді тартады.