Қоғам

Масылдық мұратқа жеткізбейді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында халыққа қажетті реформаларды жүзеге асыру бағытында саяси жаңғыруды, елімізді дамыту, ауқымды әлеуметтік-экономикалық өзгеріс жасау және қоғамды одан әрі демократияландыруға арналған бірқатар маңызды бастамалар жөнінде атап айтты.

– Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан қиын жағдайға тап болған азаматтарға жан-жақты көмек көрсету – басты міндеттердің бірі. Алайда қоғамда патерналистік көңіл-күй және әлеуметтік масылдық үрдісі белең алуда. Ел ішінде әлеуметтік бағдарламаларды әдейі жеке мүддесіне пайдаланатын азаматтар аз емес. Мұндай адамдар кез келген өркениетті елдегі сияқты заңның және бүкіл қоғамның алдында жауап беруі керек. Осындай жағдайлар «мемлекеттен ала берсем» деген көзқарас қалыптастырды. Ал көмекке шынымен мұқтаж жандар, өкінішке қарай, әлеуметтік қолдау шараларынан тыс қалып жатыр. Әрине, біздің еліміздің мүмкіндіктері зор, бірақ оның да шегі бар. Ең бастысы, «әлеуметтік жеңілдікке ие болсам» деген орынсыз пиғыл адамды өз еңбегімен табыс табу қабілетінен айырады. Мұндай жағымсыз өмір салты ұрпақ тәрбиесіне қазірдің өзінде кері әсер ете бастады. Сондықтан бізге түбегейлі өзгеріс керек. Заң да, қоғам да, адамдардың сана-сезімі де өзгеруге тиіс, – деді Президент.

Иә, әр адам жетістікке, табысқа өзінің адал еңбегімен жете алады. Оны аға буын өкілдерінің еңбекқорлығымен, адал табыспен өз кәсібін ашып, жетістікке жетіп отырғандығынан көруге болады. Ерінбеген адамға қашанда екі қолға бір күрек табылады.
Елдің еңбекпен көркейетінін ескерсек, еңбек адамының қоғамда қашанда орны ерекше, абыройы биік. Халық еңбекке бейім болса, ел ырысқа кенеліп, өзгелермен терезесі теңеліп, бақуатты, бәсекеге қабілетті мемлекет болып нығаяды. Сондықтан айрықша маңызға ие Еңбек күнінің мақсаты осынау құндылықтарды құнттау, еңбекқор азаматтардың беделін көтеру, өнімді еңбек етуге ынталандыру екені сөзсіз.
Бірақ қазіргі таңда қоғамда жұмысты талғап, оның жалақысын азсынып, бірден мол табысқа жетуді ойлайтын қате пікір қалыптасқан. Масылдық бойды жаулап, еріншектікке жол береді. Ал мұндай жалқаулық пен масылдық барда адам ешқашан табысқа кенеле алмайтыны анық.

Ұлттық өрлеудің, экономикалық дамудың бір жауы – әлеуметтік масылдық. Жаппай масылдыққа бет бұрған ел – жарқын болашағының негізін өзі қалай алмай, өзгеге жем болады. Сол үшін халықты балабақшадан, орта білім ордасы қабырғасынан бастап, адал еңбекке баулу, масылдықтан жиренту қажет екендігі уақыт өткен сайын аңғарылып келеді. Әрине, еңбек етпей, елден көмек күтетіндер көбейіп кеткені жасырын емес. Статистика комитетінің мәліметі бойынша, қазіргі кезде Қазақстандағы жұмыссыздар саны 443,2 мың адамды, ал жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құраған.
Кейінгі кезде мемлекет тарапынан бөлінген түрлі көмектерді сіңіріп кеткісі келетіндер де аз болмай отыр. Осыған байланысты масылдық пен мұқтаждықты ажырату туралы да пікірлер жиі айтыла бастады.

Мемлекет басшысы да бұған қатысты бір сөзінде: «Біз мұқтаждық пен масылдықтың аражігін ажырата білуіміз керек. Тек Үкімет тарапынан бөлінетін жәрдемақыға қарап өмір сүруге болмайтынын әр азамат түсінген жөн. Балаларға мемлекеттен солардың өздеріне жұмсау қажет. Қоғамда кәсіппен айналысу идеясын насихаттай беру маңызды. «Адал еңбегімен табыс табатын кәсіпкер – мемлекеттің тірегі» деп көмекті тек мемлекеттен ғана күтпей, жеке кәсіп арқылы табыс табудың жолын табуға болады», – деген болатын. Иә, шын мәнінде, масылдықтың астарлы мағынасына үңілсек, онда белгілі бір қоғамдық себептердің бар екені айқын.

Адамның ойы, мінез-құлқы әрдайым өзгеріп отырады. Бұл орайда қоғам мен өмірлік жағдайлардың өзі тудырған жат қылықтар жылдар бойы санада қалыптасып қойған. Біреудің есебінен өмір сүру, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп күн көру, қиындыққа төзімсіздік таныту, жеңіл табыс табуға ұмтылу сынды жағымсыз әрекеттер қазіргі қоғамның кесірі болуда.

Адам еңбек арқылы ғана жетіледі. Талмай еңбек ететін қоғамға рухани кемелдену қажет.
Өкінішке орай, жастар арасында «маған бәрі өздігінен келе қалса, мен ештеңе жасамасам, бәрі бірден бола қалса» деген түрлі ойлар қалыптасуда. Осы психологиядан арылу қажет-ақ. Қазіргі кезде «Үкімет маған не береді?» деп қол жаймай, керісінше, «Еліме мен не бере аламын?» деген ойды санаға енгізу адамның адал еңбек етуіне жол ашар еді.
Масылдық жөнінде ұлы Абай да үшінші қара сөзінде былай деп келтіреді:
«Һәмма ғаламға белгілі данышпандар әлдеқашан байқаған: әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады, әрбір қайратсыз, қорқақ, мақтаншақ келеді, әрбір мақтаншақ қорқақ, ақылсыз, надан келеді, әрбір ақылсыз надан, арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, тыйымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады».
Қазір әрбір жұмыс істеймін, таңдаған кәсіп түрі бойынша шағын кәсіпкерлікпен айналысамын деушілерге барлық мүмкіндік бар. Сол мүмкіндікті толығымен пайдаланып отырған жоғарыда біз атаған кейіпкерлер кімге болса да үлгі. Олар тек отбасын ғана асырап қоймай, осы әрекеті арқылы жастардың санасын оятып, алға жетелейтін жігер сыйлауда. Сондықтан дамыған 30 елдің қатарынан ойып тұрып орын аламыз десек, масылдық психологиядан арылғанымыз абзал. Өйткені жаңа һәм әділетті Қазақстанның іргетасын жаңашыл, еңбекқор жандар қалауы тиіс.

Қ.Қаптағай

Қатысты жаңалықтар

ШЫМКЕНТТЕ МОБИЛЬДІ БРИГАДАЛАР САНЫ 200-ГЕ ЖУЫҚТАДЫ

azatmedia

Масылдық санадан қалай арыламыз?

azatmedia

Аядай ғана ауылдың өз жиһаз цехі бар

azatmedia