Жаңа Қазақ елі үшін қазақ өркениетін дамыту, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тілін, т.б. ұлттық құндылықтар аясында кеңейту – өзекті мәселенің бірі. Сондықтан алдымызда тұрған үлкен мақсат – ұлттық мұра құндылықтарын қазіргі таңның мәдени жетістіктерімен үйлестіру.
Отбасы тәрбиесіндегі ұлттық құндылықтарды қалыптастыру жолдары
Oтбaсы – барлығымыздың жүрегімізге ең жақын сөз. Ол – махаббат пен тыныштықтың, мейірім пен жарасымның, қуаныш пен мерекенің мекені. Адам баласының өсіп-өнетін алтын ұясы. Cыйластық, жарастық орнаған орта, кішкентай ғана Отан. «Oтан – отбасынан басталады» дегендей отанды сүю – отбасынан басталатыны рас! Себебі, отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы баспалдағы. Оның ер жетіп, бойжетіп өсуі, бойындағы алғашқы адамгершілік қасиеттерінің белгілері отбасында қалыптасады. Барлығымызға белгілі – әлемдегі біздің ең шынайы байлығымыз – ол, әрине біздің отбасымыз. Тек қана отбасы бізге күш пен өзімізге деген сенімділік береді, өмір үйрететін сабақтардан сүрінбей өтуге көмектеседі, ұлттық құндылыққа баулыйды. Бір сөзбен айтқанда, отбасы – барлық рөлдері бөлініп қойылған қоғамның шағын моделі болып табылады. Демек, отбасы – бала бойына ұлттық құндылықтарды қалыптастырудың қайнар бұлағы, бастауы. Әр үйде балалар санасына ұлттық құндылықтарға деген көзқарастар жүйесін, салт-дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды, даналық сөздерді, тыйым сөздерді, тәрбиелік мәні жоғары үлгілерін сіңіретін де отбасы. Осы тұрғыдан отбасын ұлттық құндылықтарды қалыптастыратын, оларды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отыратын ұлттық мәдениетті тәрбие арқылы тасымалдаушы орта ретінде қарастыруға болады.
Жаңа Қазақстан үшін қазақ өркениетін дамыту, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тілін, т.б. ұлттық құндылықтар аясында кеңейту – өзекті мәселенің бірі. Сондықтан алдымызда тұрған үлкен мақсат – ұлттық мұра құндылықтарын қазіргі таңның мәдени жетістіктерімен үйлестіру. Жас ұрпақ тәрбиесінде үйлесімділік заңы салтанат құруы шарт. Яғни ол өзінің өсу, есею кезінде ақ сүт беріп асыраған ата-анасымен де, көкірек көзін ашқан ұстаздарымен де үйлесім таба білуі тиіс. Сонда ғана тұлға бойында ұлттық рухани қасиеттер бірте-бірте қалыптасары сөзсіз. Тұлға бойындағы рухани құндылықтарды қалыптастырудың көзі, отбасы, әулет, әлеуметтік орта, мемлекет болса, ұлтық құндылық, ұлттық салт-сана, ұлт алдындағы міндет, парыз, намыс, ұлттық рух, ұлттық салт-дәстүр, тұлға бойындағы ұлттық құндылықтың жоғары көрсеткіші. Ал ұлттық құндылықтар дегеніміз не? Қарапайым тілмен айтқанда, ұлттық құндылықтар белгілі бір ұлтқа, ұлт азаматына тән, адами қадір-қасиет, яғни ғасырлар бойы жинақтаған ұлттық рухани және материалдық құндылықтар. Оларға меймандостық, кісілік, сыйластық, имандылық, кішіпейілділік, салауаттылық, қайырымдылық, ізгілік, еркіндік, өнерпаздық, сыпайылық, мәдениеттілік, шығармашылық, рухани байлық, махаббат сынды қасиеттер жатады. Кез-келген ұлттың сипаты бес қағидаға келіп тіреледі: Біріншісі – тілі, екіншісі – діні, үшіншісі – дәстүрі, төртіншісі – тарихы, бесінші – атамекені.
Құндылықтар – шынайы ғана болады, ол адамға тәуелді емес, дей тұрғанмен ол ең алдымен адам санасында орын алады. Құндылықтарды сезім арқылы қабылдап, ал сана арқылы түсінуге болады, соның нәтижесінде тұлға құндылықты игереді, соған сай әрекет етеді. Өз ұлтын қадірлеп, қастерлеген, ұлт қадірін білген азаматтың бірі Ж.Аймауытов: «Мен халыққа кіндігіммен байланып қалғанмын. Оны үзе алмаймын. Үзу қолымнан келмейді» – дейді. Сырым Датұлы: «Мен ағайынды екеумін: бірі – өзім, екіншісі – халқым» – дейді. Қазақ халқының осындай дәріптеуге, қастерлеуге, дамытуға тұрарлық ұлттық рухани материалдық құндылықтары туралы ұлағатты, құнды ойларын халық игілігіне келешек ұрпақты ел жұртқа ие болатын азаматтарды тәрбиелеуге неге қолданбасқа? Қазақ халқы баланы жамандықтан жиреніп, жақсылықты жаны тілеп тұратындай болып өсуін ұлт тәрбиесінің негізгі қағидасы етіп ұстаған. Ұрпақ тәрбиесіне кешігу дегеніміз мертігумен бірдей емес пе?!
Ұлттық құндылығымыздың бастауы – тіліміз. Тіл жоқ жерде ұлт та жоғалады. Тіл – бөбектің үні, тіл – ананың әлдиі, тіл – бесік жыры. Ғасырлар бойы атадан балаға мирас болып келген асыл қазынамыз – ұлттық тіліміз, мемлекеттігіміздің тұлғасы, тәуелсіздігіміздің тұғыры. Аңызақ желге, сылдырлап аққан бұлақ суына құлақ тоссаң, бабалар үнін естисің, қобыз бен домбыра күйіне құлақ салсаң тағы да бабалар үнін естисің. Тіл арқылы тереңде жатқан тарихтың тағылымын, мәдениеттің, әдебиеттің ұлағатын танисың. Тіл – ар өлшемі. Тәлім-тәрбие тілден басталады. Олай болса тілге құрметпен қарау – рухы мықты, өткенімізді саралап, болашағымызды болжай білетін ұрпақ тәрбиелеу.
Жас ұрпақты ұлттық құндылықтарымызды бағалауға, оларды сақтай отырып, келер ұрпаққа жеткізуге тәрбиелеу бүгінгі таңның өзекті мәселесі. Отбасы тіршілігінде ұлттық құндылықтар, салт-дәстүрлер үнемі сақталып отырса,баланың ұлттық сана-сезімі ерте оянады. Әр көкірегі ояу қазақ баласының ұлттық құндылықтарды меңгеруі оның отбасылық құндылықтарды меңгеруінен басталады. Егер адам отбасының үлкен құндылық екенін түсініп, ата-ана алдындағы парызын өтеуге бейімделген болса өсе келе ол бұл бағыттың біртіндеп Отан алдындағы борышымен, азаматтық парызына ұласатынын аңғарады. Сондықтан әр ата-ана баланың отбасылық құндылықтарды толық меңгеруіне мүмкіндік жасағаны абзал.Отбасындағы құндылықтарды бағалай алмаса,адам ұлттық құндылықтарды да құрметтемей өтуі мүмкін. «Ел боламын десең,бесігіңді түзе»деген қанатты сөз де осы ойдың дұрыстығын меңзейді. Отбасылық тәрбие арқылы қалыптасатын ұлттық құндылықтар балада ұлттық таным жүйелі қаланып, ұлттық сана-сезімі қалыптасқан жағдайда ғана ол ұлт мүддесін ойлайтын,елжанды азамат бола алады. Бірақ соңғы жылдары қазақ ұлтының төл тарихында байқалып отырған отбасылық тәрбиедегі олқылықтар мен кемшіліктер ауқымы үлкен ұлттық мәселеге айналуда. Сол мәселердің бірі ретінде ұлттың тіл тағдыры, ұлттық дәстүрлер мен ұлттық құндылықтарымыздың дұрыс сақталмауы алаңдатады. Мәселен, ана тілін, ата тарихын, мәдениетін, ұлттық салт-дәстүрлерін білмейтін жастар; тастанды жетім балалар мен «қиын» балалар; отбасын құрмаған немесе ажырасқан жастар; ата-аналардың бала тәрбиесімен айналысуға жағдайы мен уақытының жетіспеуі т.б. Бұл мәселені шешудің ең тиімді жолы — қазақ халқының отбасындағы бала тәрбиесіндегі ұлттық ерекшеліктерін ескере отырып тәрбие беру.
Тәрбиелі білім – қазына, тәрбиесіз білім – қасірет екендігі баршамызға мәлім. Сондықтан кез келген сатыда тәрбиелі білім беру – міндеттіміз. Тәрбие жұмысын ұйымдастыру барысында ұлттық салт-дәстүр, рухани адамгершілік құндылықтарын дамыта тәрбиелеуді ұстанамыз. Ұрпақ тәрбиесі бір күндік немесе бір уақытта аяқталатын әрекет емес, тәрбие отбасынан басталады және өмір бойы жалғасады. Бүгінгі таңдағы отбасы тәрбиесінде қоғам ата-аналарға үлкен жауапкершілік жүктеп отыр. Бүгінгі тәрбие берудің негізгі міндеттерінің өзі ең алдымен дені сау, ұлттық сана сезімі оянған, ар-ожданы мол, парасатты, еңбекқор бойында басқа да ізгі қасиеттері қалыптасқан адамды тәрбиелеу-деп көрсетілген Қазақстан Республикасының тәлім-тәрбие тұжырымдамасында Отбасы тәрбиесінің негізі мәні отбасындағы өзара ынтымақтастық пен түсіністік болып табылады. Ұрпақ ата-анасының еңбектегі ісіне көңіл бөліп,оны түсінуге тырысады. Себебі бала тәрбиесімен айналысудан қиын, әрі маңызды, пайдалы әрі құнды еңбек бар ма?