Жаңалықтар

Ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларды әлеуметтік ортаға бейімдеу

Әлеуметтік – экономикалық дамудың  қазіргі кезеңінде мүмкіндіктері шектелген балалардың  жеке даралық ерекшеліктеріне,  қазіргі қоғамдағы  орнына, олардың мінез-құлық және мінез ерекшеліктеріне  мән бермеу бүгінгі  қоғам дамуында  мүмкін емес.

Мүмкіндігі шектелген бала ерекше қарауды қажет етеді. Осындай тұлғаны қалыптастыруды нәтижелі  басқару үшін, түрлі жас кезеңіндегі  бала дамуының  өзіндік психологиялық-педагогикалық  заңдылықтары туралы  терең білу керек. «Психологиялық  ой түйіндісі  бойынша  физиологиялық кемшілік  әлеуметтік тәртіп нормаларының   бұзылуын  туындатады. Осындай кемшіліктері бар балалардың  барлық  психологиялық  ерекшеліктері  биологиялық емес, әлеуметтік құбылыс болып  табылады»,  Баланың бойындағы кез-келген  кемшілік, баланың қоршаған ортамен  қарым-қатынасын  шектеуде, оған  адамзаттың  мәдени,  әлеуметтік тәжірбиесін  игеруге кедергі  келтіретіні бәрімізге белгілі.

Мүмкіндіктері шектеулі адамдарға өзгелермен бірдей оқуға, жұмыс істеуге, демалуға т.б.  яғни  қоғамдық өмірге араласуға құқық беру қажеттігі еш күмән келтірмейді, дегенмен  бұны шынайы  түрде іске асыру оңай емес.

Психофизиологиялық ауытқушылықтары бар балалармен психологиялық-педагогикалық  оқытудың  тәрбиелік  сипаты, көрнекілік, жеке ықпал ету сияқты   жалпы дидактика  принциптерімен қатар арнаулы  педагогикадағы түзете-дамыта оқыту және практикалық бағытта оқыту принциптерін  басшылыққа алады.  Дегенмен  осы балалармен жүргізілген жұмыстардың   нәтижелілігі  қосымша  факторларға да байланысты. Ең алдымен  оқу сабақтарының  оқушыларды қоғамдық  тәртіп ережелеріне, белсенділіктерін дамытуға, коммунакабельдік  дәрежесіне сәйкес  келуі  үлкен орын алады.  Сонымен қатар барлық пәндер арасындағы байланыс, яғни бір тақырыптың  түрлі пәндерде қаралып, түсіндірулермен қатар, жағымды тұлға  қасиеттерін  қалыптастыруда  еңбекке оқыту,  еңбекке  баулу ерекше маңызды. Практика барысында оқушыларда  әлеуметтік  бейімделуіне  өте маңызды  ұжымда бірлесе жұмыс істеу, еңбек етуге деген икем, жауапкершілік сияқты адамгершілік қасиеттері қалыптасады.

Жеке тұлғаны  әлеуметтік бейімдеу  сабақта және сабақтан тыс  уақыттардағы  ұйымдастырылған  сабақтар мен экскурсияларда өткізіледі.  Сабақ барысында арнайы құрылған жағдаяттар бойынша  балалар  қажетті  тұрмыстық  икемдерді, қоғамдық  тәртіп ережелерін  игереді. Ол үшін сабақтан тыс  уақыттарда  «Дүкенде», «Шаштаразда», «Автобуста», «Поштада», «Асханада», «Ауруханада»  т.б.  сияқты сюжетті-рольді ойындар  өткізіледі.  Оқушыларға білгілі бір жағдайда  қалай жасау керектігін бірнеше  рет қайтара  көрсету керек. Бірнеше  қайтара жаттығу,  жүйелі қойылатын талаптар балаларда  қоршаған ортаға икемделуге көмектесетін  жағымды әдеттерді шыңдайды.   Ал танымдық  әрекеттерін дамыту  олардың жеке бас  қасиеттеріне  әсер етеді. Жоғарғы кластарда  жасөспірімдер еңбек әрекетін  сәйкес  бағалай алады, орындаған жұмысының  сапасына да  жәй  қарамайды.  Тапсырманы жаман орындаса қынжылып,  ал жақсы бұйым жасаса жолдасына, мұғаліміне  көрсетіп, мадақтауды ұнатады. Оқушылар осылайша еңбек әрекетіне  қатысудың  маңыздылығын түсіне бастайды.  Бұның бәрі оқушылардың тұлғалық қалыптасуы туралы  айта отырып, олардың өмірлеріндегі еңбектің рөлі мен адамдар арасындағы  қарым-қатынастың қалыптасуына әсер етеді.

Тәрбиеленушілерді  әлеуметтік оқыту барысында көрнекі құралдар негізгі тиімді әдіс болып табылады.  Бұл жерде көрнекілік шынайылық  деген мағынаны білдіреді. Педагог мүмкіндіктері шектелген балаларды экскурсия, сюжетті-рольді  ойындар, ертегі қойылымдар, театрландырылған  қойылымдар барысында  сыртқы ортаның қасиеттерімен, құбылыстарымен   таныстырады.  Бұл оқушылардың мүмкіндіктерін  пайдалана отырып,  өздеріне қызмет ету,  тұрмыста және арнаулы  өндірісте  қиын емес еңбек операцияларын  орындауға, мүмкіндігінше  қоршаған ортаға икемдеуге  бағытталған жұмыстар. Осындай жұмыстар барысында дамуында проблемасы бар балалар   белсенділік көрсетіп, өз  беттерінше жұмыс  істей  алуға, түрлі жағдаяттар  барысына сай әрекет етуге, өзін өзгелердің  бағалауына парапар  ұстауға үйренеді.  Түзету жұмыстары барысында  жасаған жұмыстарына  сын көзбен қарауға  үйреніп қана қоймай,  салыстырмалы түрде бағалауға, өзгелердің сындарын қабылдай және текшелей алуға, керек кезінде жолдастарын қолдауға, көмек қолын созуға үйренеді.

Психологиялық-педагогикалық жұмыстарының бағыты ерекше балалардың қоғамдық өмірге араласулары үшін  әлеуметтік-тұрмыстық білім  мен икемдерін қалыптастыру   екенін назарда ұстай отырып, педагог  арнайы сабақтарда  оқушылардың көлік,  пошта,  қоғамдық орындарда өздерін ұстай алу, қажетті хабарламалар мен  жарнамалық ақпараттарды түсіне бастауға үйрету  керектігін де басты назарда ұстайды. Ерекше көзқарасты қажет ететін  балалардың дамуы оқу мен тәрбие барысында практикалық әрекеті негізінде құрылады. Сондықтан бұл балаларды  өмірге бейімдеу экскурсия және сабақтар, түрлі ойындар формасында ұйымдастырылып, бала дамуында жетекші орын алады.  Егер пәндік сабақтарда  «Тағамдар», «Дүкенде»  тақырыптары өтілсе, сабақтан тыс уақытарда тақырыптық экскурсия өткізудің маңызы ерекше. Бірақ  оқушылар белгілі бір объектіні сырттай бақылап қана қоймай, ересектердің әрекеттеріне  еліктей отырып, өздеріде жас шамаларына қарай әрекет ете алатындай етіп ұйымдастыру өте маңызды. Мысалы, дүкен жұмысын бақылаудағы экскурсиялар  балалар сауда залдарында жүріп түрлі бөлімдерді белгілер арқылы анықтауға болатынын, әр тағамның жарамдылық, сақтау ерекшеліктеріне қарай бөлінетінін біліп қана қоймай, олардың өздері саудаларын төлеуге, сатушыдан керектерін сұрауға, сатып алған затын сөмкесіне орап салуға,  сөмке сақтауға арналған шкафтарды, телешкілерді   қолдана алуға,  ең аяғында  дүкендегі қалыптасқан қоғамдық тәртіп ережелерін сақтауға үйренетіндей  және өздері әрекет  жасайтындай  етіп жоспарлану керек. Мұндай экскурсия үлкен ұйымдастыру жұмыстарын қажет етеді. Егер педагог әрбір ұйымдастырылатын әрекет, іс-шаралардың білімділік, дамытушылық, тәрбиелік  мақсатын, алынған материалдарын игертіп қана қоймай, балаларға (экскурсия барысына есеп беру, әңгіме жазу  немесе бір оқушының әрекеттерін сипаттау) т.б.  тапсырмалар жүйесін дайындаса, бұл мүмкіндіктері шектелген балаларды  өз ісіне, жұмысына, берілген тапсырмаларды орындауға дағдыларын қалыптастырумен қатар, оқушыларға үлкен жауапкершілікті сезіне бастауға дайындап, жүктей бастайды.

Практика  мүмкіндіктері шектелген  балалармен жүйелі  жүргізілетін  психологиялық-педагогикалық жұмыстар нәтижесінде тігін машинасында, компьютерде, қылқаламмен  көптеген  әдемі туындылар жасай  алатынын, белгілі бір еңбек даярлығын, кейін  түрлі өндірісте  ұжыммен бірлесе отырып, мүмкіндігіне сай айналыса алатын еңбек  түрін  анықтай алатынын көрсете білу керек.

Мектепте даму мүмкіндігі шектеулі балалардың мектепте оқуына, басқа балалармен бірдей білім алып, түрлі шараларға қатысуына толықтай жағдай жасалған. Мектептегі мүмкіндігі шектеулі балаларды қамқорлыққа алып, олардың жеке тұлға болып қалыптасуына мүмкіндік жасап, өз бетімен өмір сүруге бағыт-бағдар беру, тұрмыстық еңбек үдерісін меңгерту мақсатында түзете-дамыта оқыту сыныбында аптасына 2 сағат әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау сабағы жүргізілді. Бұл сабақ кезінде мүмкіндігі шектеулі балаларға  өзіне-өзі қызмет көрсетуге, қоршаған ортада өзін ұстауға өз бойындағы кемістіктерін қалпына келтіріп, қабілеттерін көрсету, қарым-қатынаста өзін басқара алуға, қоршаған ортаны танып білуге үйретіледі.       

Даму мүмкіндігі шектеулі балалардың болашағы мен тағдыры ата-ананың да басты мәселесі болғандықтан, ата-аналарды қолдау мақсатында, педагогикалық, психологиялық, құқықтық кеңестер үнемі  беріліп отыру нәтиже береді. Баласының өмірлік қажеттілік дағдыларды меңгеруіне сауатты түрде ықпал ету мақсатында медициналық кеңес берілуі қажет.

Қорыта айтқанда  бала-ата-ана-педагог, отбасы және білім мекемесі арасындағы  сабақтастықтың ойдағыдай  жүзеге асуы мүмкіндігі шектеулі тұлғаның әлеуметтік бейімделуінің  алғы шарттарының бірі болмақ.

Қатысты жаңалықтар

ПРЕЗИДЕНТ РЕФОРМАСЫ: ТҰРҒЫНДАР ТІЛЕГІ ТҰРАҚТЫ НАЗАРДА

azatmedia

САУРАН: ПАРТИЯ ФИЛИАЛЫНДА ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ ӨТТІ

azatmedia

azatmedia