Жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ҚҰРЫЛҒАНЫНА 5 ЖЫЛ ТОЛУЫНА АРНАЛҒАН АУҚЫМДЫ МӘДЕНИ ІС-ШАРАЛАР ӨТЕДІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысына жұмыс сапары аясында өңір жұртшылығымен кездесу өткізіп, Президент кездесу барысында жұмыс сапарының негізгі мақсаты облыстағы ахуалмен танысу екенін айтып, Түркістанды атажұртымыздың алтын қазығы деп атап өткен болатын.«Түркістан – бәріміздің мақтанышымыз, екі дүние есігі, ер түріктің бесігі атанған бүкіл әлемге танымал қасиетті жер. Осы киелі шаһардың  төл тарихымызда айрықша орны бар. Түркістан төріндегі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – руханиятымыздың мызғымас діңгегі. Сондықтан Түркістанға, жалпы, осы облысқа ерекше мән беруіміз керек. Бұл, ең алдымен, Үкіметіміздің басты міндеті», деді Президент.

Мемлекет басшысы қазақ жылнамасына алтын әріппен жазылған көптеген тұлғаларымыздың осында жерленгеніне тоқталып, қалаға Түркі әлемінің рухани астанасы деген мәртебе берілгенін айтты. Президенттің пікірінше, бұл оқиға Түркістанды тұтас түркі жұрты ерекше қадірлейді дегенді білдіреді.

Биыл Түркістан облысының құрылғанына тура 5 жыл толып отыр. Президент жарлығымен 2018 жылдың 19 маусымында жаңадан Түркістан облысы құрылған болатын. Бұл тарихи шешім өңірге жаңа серпін берді және жан-жақты даму мүмкіндіктеріне жол ашты.«Осынау аз ғана уақыт ішінде өңіріміз өзгерді, облыс орталығы түлеп, жаңаша кейіпке еніп үлгерді. Тарихы тереңде жатқан шаһардың жаңа дәуірі басталып, жүздеген нысан бой көтерді. Бес жылдық белестің қарсаңында, облыс басшылығының қолдауымен өңірімізде бірқатар шаралар қолға алынды. Соның бір айғағы – күні ертең «Түркістан облысына бес жыл – бес әдеби сапары» шарасы Қызылорда қаласында өтіп, Шымкент қаласында жалғасады. Рухани-мәдени шара аясында қаламгерлермен кездесу ұйымдастырылып, өңірден шыққан ақын-жазушылар облыс әкімінің орынбасары Бейсен Дәулетұлының бастамасымен іске асып жатқан «Ауыл кітапханаларына 20 мың кітап» акциясына өз үлесін қосады», – деді Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әділ Нұржанұлы. Сондай-ақ, Түркістанның туристік әлеуетін дамыту мақсатында сәуір-шілде айлары аралығына жоспарланған «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында әр аудан, қаланың мәдени күндері өтіп жатыр. Аталған мерекелік шара бүгінде шетелдік туристердің де ерекше қызығушылығын арттырды. Бұдан бөлек, мерекенің мән-маңызын айшықтау мақсатында 16-18 маусым күндері «Алтын сақа» халықаралық анимациялық фильмдер фестивалі өтеді. Ал, 17 маусым күні Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармониясы композитор Шәмші Қалдаяқовтың әндерімен өрнектелген «Менің Қазақстаным!» атты ән кешін ұсынады. Сондай-ақ қазан айында дәстүрлі халықаралық «Voice of Turan – 2023» қазақ әндері байқауы ұйымдастырылады. Брифингте сөз алған Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Күзембаев мерекеге орай облыс орталығында жастар арасында ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрпымызды кеңінен дәріптейтін ұлттық ойындар, фестивалдер мен байқаулар, сондай-ақ қазақ әндері байқауы, гала-концерттер өткізілетінін жеткізді. Бұл орайда, 17 маусымда Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығына орай «Балбырауын» күйшілер фестивалі өтеді. Ал, «Жібек жолы» саябағында еңбек адамдары мен олардың отбасына және мүмкіндігі шексіз балалар үшін ойын-сауық кешендері жеңілдетілген бағада қызмет көрсететін болады. Одан бөлек, Түркістан қаласында 16-18 маусым күндері «Алтын Сақа» халықаралық анимациялық фильмдер фестивалі өтеді. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «САҚ» киностудиясының директоры Нуриддин Паттеев айтты. Спикердің мәлімдеуінше, фестивальге отандық және шетелден 30 анимациялық фильм қатысады. Олардың ішінде Қазақстанмен қатар, Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Түркіменстан, Қырғызстан, Татарстан, Башқұртстан елдері бар.«Фестиваль мақсаты – қазақ ұлттық анимациясын халықаралық деңгейге көтеру, анимациялық фильмдер арқылы ұрпақ тәрбиесіне ықпал ету, ұлттық құндылықтарды дәріптеу. Сонымен қатар, жас көрерменді отансүйгіштікке тәрбиелеп, қазақ фольклорының кейіпкерлерін насихаттауды мақсат тұттық. Бұл ретте, қазақ аниматорлары шетелдік мамандармен тәжірибе алмасады әрі шеберлігін шыңдауға үлкен мүмкіндік. Фестиваль барысында халықаралық дәрежедегі қазылар алқасы жолдама алған 30 анимациялық фильм ішінен үздіктерді анықтайды», – деді Нуриддин Исаұлы. Сондай-ақ фестиваль шеңберінде «Гран-при», «Үздік режиссура», «Үздік кейіпкер», «Үздік сценарий», «Үздік композитор», «Қазылар алқасының арнайы жүлдесі» сынды арнайы жүлделер тағайындалған.«Алтын Сақа» фестивалінің ашылу салтанаты 16 маусым күні сағат 17:00-де Түркістан қаласындағы «Farab» ғылыми-әмбебап кітапханасында өтеді.  Облыстың 5 жылдығына арналған мәні терең мәдени, рухани іс-шаралар алдағы айларда да жалғасады. Атап айтсақ, тамыз айында «Арыс жағасында» ретрофестивалі мен «Ұлы дала дәстүрі» этнофестивалі, қыркүйек айында «Түркістан дауысы – 2023» республикалық эстрада әншілерінің байқауы, сондай-ақ «Ән, жырым саған, Түркістан» атты Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармониясының концерті т.б. кең ауқымды мерекелік іс-шаралар өтеді.

Президенттің дерегіне сәйкес, Түркістанға тартылған инвестиция көлемі  8 есе артқан. 77 мың адамға арналған көп қабатты үйлер салынған. Сонымен қатар шаһар жасыл-желекке оранып, экологиялық ахуалы жақсарған. Тұрғындарды ауызсумен және табиғи газбен қамтамасыз ету мәселесі шешілді деп айтуға болады. 2019 жылдан бері облысқа 2 миллионға жуық турист келген. Кейінгі үш жылда аймақтағы өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы саласы 1,5 есе өскен. Облыста 64 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылған. Мемлекет басшысы елімізде «Еңбек» бағдарламасы жүзеге асырылып жатқанын айтып, оның халық саны көп оңтүстіктің тұрғындарын жұмыс күші аз өңірлерге қоныстандыруға арналған жоба екенін түсіндірді.

«Бірқатар азаматымыз солтүстікке көшіп, тіршілігін жасап жүр. Биыл «Серпін» бағдарламасы бойынша жастарға арнап 3700-ге жуық грант бөлінді. Оның 800-ден астамын түркістандықтар иеленді. Ел іргесін бүтіндеп, тұғырын нығайту жолындағы осы маңызды жұмысқа сіздер зор үлес қосып келесіздер. Дегенмен жастардың еңбекке құлшынысын арттыруымыз керек. Біз құрып жатқан жаңа қоғамда еңбек адамы ең бірінші орында тұруы керек деген ұғымды жастарымызға түсіндіру қажет. Себебі отаншылдық дегеніміз, ең алдымен, іскерлік, еңбекқорлық. Құр сөзден ештеңе шықпайды. Азаматтарымыз алдымен отбасына, балаларына қамқор болуы керек. Оларға еңбегімен, алғырлығымен нәпақасын тауып беруі қажет», деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев түркістандықтармен кездесуде халықаралық ахуалға қатысты еліміздің ұстанымы туралы айтты.

«Біз мемлекеттігімізді сақтап, өсіп-өркендеуіміз үшін ел бірлігі ауадай қажет. Ал бірлік – бейбітшіліктің, тыныштық пен тұрақтылықтың кепілі. Осы орайда, қазіргі халықаралық ахуал жөнінде айта кеткім келеді. Өздеріңіз білесіздер, әлемдегі жағдай әбден шиеленісіп кетті. Осындай күрделі жағдайда Қазақстан халықаралық ұйымдарда, ең алдымен, Біріккен Ұлттар Ұйымында дауыс беру кезінде бейтарап ұстанымын сақтап отыр. Бұл біздің ұлттық мүддемізге сай келеді. Жеріміздің бүтіндігі және еліміздің амандығы – біз үшін бәрінен маңызды. Сондықтан парасаттылық пен сабырлық танытып, арандатушылардың жетегінде кетпеуіміз керек. Халқымыздың ең басты күші – бірлік, парасаттылық және төзімділік. Осы құндылықтардан айырылып қалсақ, елімізге үлкен қауіп төнеді. Мемлекеттердің территориялық тұтастығы міндетті түрде сақталуы керек. Бұл – негізгі қағидат. Мен мұны халықаралық аренада үнемі ашық және анық айтып жүрмін. Жақында Біріккен Ұлттар Ұйымына барып, ең биік мінберден бұл туралы тағы да мәлімдедім. Бұның бәрі бекер емес.  Айналамызда ауқымды соғыс болып жатыр. Біз осыны ескере отырып, ең алдымен, еліміздің қауіпсіздігін ойлауымыз керек. Шекарамыз бүтін болса, сырттан шабуыл жасалмаса, төрт құбыламыз түгел болады. Бұл – мемлекетіміз үшін, мен үшін аса маңызды міндет әрі басты мақсат», деді Мемлекет басшысы.

Қатысты жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙДА 12 МЫҢ ТҮП ГҮЛ МЕН 23 МЫҢ ТҮП КӨШЕТ ОТЫРҒЫЗЫЛДЫ

azatmedia

ШОРТ-ТРЕКТЕН ҚР ЧЕМПИОНАТЫ БАСТАЛДЫ

azatmedia

СОЗАҚ АУДАНЫН ДАМЫТУ МҮМКІНДІКТЕРІ ӨҢІР БАСШЫСЫНЫҢ ҚАТЫСУЫМЕН ТАЛҚЫЛАНДЫ

azatmedia