Жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: ӨНЕР АДАМДАРЫ ҚАРЖЫЛЫҚ ПИРАМИДАЛАРҒА ҚАРСЫ КҮРЕСУГЕ ШАҚЫРДЫ

Өткен жылы қаржы пирамидаларын жарнамалағандар үшін жауапкершілікті қатаңдату туралы заң қабылдаған Президент: «Қаржылық мониторинг агенттігі де бұл істен қалыс қалмауы керек. Бұл жерде агенттіктің ақпараттық ресурстарын пайдалануға болады. Сондықтан осы саладағы қылмыстың алдын алу үшін олармен толыққанды ынтымақтастық орнатқан жөн», – деп атап өткен еді. 

Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарында халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру мәселесі әлі де айтылып келеді.

Осы бағытта бүгін Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру Департаментінің ұйымдастыруымен «Экономикалық қауіпсіздік: Тұрақтылық пен өркендеу кепілі» атты форум өтті.

Кездесуге Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ ректоры Жанар Темірбекова, Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театрының директоры Асхат Маемиров, Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қанат Айтбаев, танымал актриса Самал Еслямова, айтыскер ақын Бекарыс Шойбеков және Түркістан облысы ақсақалдар кеңесінің мүшелері, университет студенттері мен белсенді жастар, қоғамдық бірлестіктер мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

«Қаржылық сауаттылыққа шақырып, қаржы пирамидаларынан қорғау біздің тікелей саламыз болмаса да, бұл туралы халыққа, жастарға түсіндіруді азаматтық міндетіміз деп білеміз. Қазір қоғамда оңай жолмен ақша табуды насихаттағандар жиілеп кетті. Қаржы пирамидаларына 100 теңге салып, 1000 теңге табамын деген ойдан барынша сақ болыңыздар. «Еңбекпен тапқан нан тәтті» дейді халқымыз. Сондықтан әлеуметтік желілерде жалған парақша ашып, алаяқтықпен айналысып жүргендердің тұзағынан өзімізді қорғайық», – деді Қанат Айтбаев.

Форум аясында мәдениет және өнер майталмандары қарапайым халықтың қаржылық қауіпсіздігін және сауаттылығын арттыру, қаржылық пирамидалардың алдын алу мақсатында бағыт-бағдар беріп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

«Жастар мен жасөспірімдер арасындағы көптеген мәселенің түп-тамыры смартфондарда жатыр. Ондағы түрлі қосымшалар мен сайттар адамды оңай елітіп әкетеді. Ата-аналарға бала қолына телефон берер кезде абай болыңыздар дегім келеді. Сонымен қатар, түрлі қаржы мәселелері туындаған кезде арнайы мамандармен кеңесу керек, оңай жолмен ақша табудан алшақ болыңыздар. Бүгінде қоғамда түрлі қаржылық бизнестер мен онлайн казинолар жетіп жатыр. Осы зиянды әрекеттерден аулақ болып, рухани кемелденуге, театр қойылымдарын тамашалауға шақырамын», – деді Асхат Максимұлы.

Кездесу барысында мәдениет майталмандарын бір ортаға біріктіріп, қоғамның игілігі жолында қызмет атқаруға ұйытқы болған Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Е.Балғабаев еліміздегі құқық құзушылықтарды руханият арқылы тосқауыл қоюға атсалысып жүрген сахна саңлақтары мен форум аясында қызмет еткен барша азаматтарға алғыс білдірді. Астаналық музыкалық жас көрермен театры 5-9 маусым аралығында қала тұрғындарының назарына «Астанадан киелі Түркістанға сәлем» атты гастрольдік сапары аясында бірнеше қойылымдарын сахналады. Оның ішінде Д.Исабековтың «Гауһартас», М.Омарованың «Шәмші», М.Булгаковтың «Өлі жандар», М.Әуезовтың «Абай-Тоғжан», Қ.Мұраттың «Махаббат бар ма?» қойылымдары бар. Өнер сапары 10 маусымда «Сахна әлемі» деп аталатын концерт-қойылыммен қорытындыланбақ.

Қатысты жаңалықтар

ШЫМКЕНТ: ҚАЛА ӘКІМІ ЖЫЛУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҚ БАРЫСЫН ПЫСЫҚТАДЫ

azatmedia

Жалқаулық жақсылыққа апармайды

azatmedia

Әлеуметтанушылар Қазақстанда АЭС құрылысы бойынша сауалнама нәтижелерін ұсынды

azatmedia