Қоғам

Тоғыз бағыт толық жүзеге асса…

Қазіргідей күрделі жағдайда экономикамызда қордаланған проблемалар жетеді. Басқасын айтпағанда, шикізатқа әлі де тәуелдіміз. Еңбек өнімділігі төмен, инновация жеткіліксіз. Ұлттық табыстың игілігін жұрттың бәрі бірдей көріп отырған жоқ. Әрине, мұның барлығы – жылдар бойы жинақталған өте күрделі проблемалар. Бірақ, оны шешудің нақты жолдары бар. Оны шешу жолдарын Мемлекет басшысы өзінің 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында кеңінен атап көрсеткен болатын.  

Президент жаңа экономикалық бағдарымыздың басты басымдықтарын  айқындап берді.

Бірінші. Бағаны әкімшілік жолмен реттеу тұтас салалардың инвестициялық тартымдылығын төмендетеді. Сондай-ақ, тауар тапшылығын туындатып, елді импортқа тәуелді етеді. Сондықтан баға белгілеу ісіне мемлекеттің араласуынан біртіндеп бас тарту керектігін айтқан Президент монополияның табысын шектеу қажеттігі мен инфрақұрылымға инвестиция салуды қамтамасыз ету арасында тепе-теңдікті сақтау маңызды екеніне ерекше тоқталды.

     Екінші. Экономиканы одан ары монополияның шырмауынан босату үшін нақты институционалдық шешімдер қабылдануы керек. Бірыңғай операторлардың қызметі нарықтық экономиканы дамытуға кері әсер етеді. Осы мәселені негізге ала отырып, қазір жұмыс істеп тұрған операторларды бәсекелі ортаға беру немесе монополист деп танып, қызметін монополияға қарсы арнаулы құқық аясында реттеу туралы айтылды.

Үшінші. Экономиканың тұрақты өсуі салық саясатының түсінікті және болжауға болатындай етіп жүргізілуіне тікелей байланысты екенін айтқан Президент фискалды реттеу ісін қайта жаңғырту үшін 2023 жылы жаңа Салық кодексі әзірленетінін мәлімдеді. Осыған орай оның ең түйткілді тұсы саналатын салықтық әкімшілендіру мәселесі түгел қайта жазылмақ. 

Төртінші. Салық саясатының тиімді болуы кеден жұмысының ашықтығына байланысты. Салық және кеден саласындағы ақпараттық жүйелерді толық біріктіру ісін аяқтау маңызды. «Шекараға интеграцияланған кедендік бақылау тәсілін енгізу қажет. Кедендік ресімдеу орталықтары «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істеуге тиіс» деді Президент.

Бесінші. «Көрпеге қарай көсілу» қажет екенін де ұмытпауымыз керек.

Алда бюджет саясатына реформа жасалып, Бюджет кодексінде шекті нормативтер бекітілмек. Оны бюджетті жоспарлау және орындау кезінде міндетті түрде ұстану қажет екені айтылды. Соның ішінде ең маңызды мәселенің бірі – Ұлттық қордың қаржысын тиімсіз жұмсау тоқтатылмақ. Бұл – өте өзекті мәселе. Қордың қаражаты аса қажет инфрақұрылымды дамытуға және еліміз үшін маңызы зор жобаларды қаржыландыруға жұмсалады.

Алтыншы. Кәсіпкерлікті жүйелі түрде қолдау. Сонымен қатар, мемлекеттен көмек алатын бизнес өкілдерін анықтайтын Мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуды бірыңғай платформаға көшіру қажет. Енді мемлекеттік сатып алудың мүлде жаңа жүйесі жасалады. Осының бәрін жүзеге асыру үшін «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заң қабылданбақ.

Жетінші. Мемлекет пен жекеменшік серіктестігінің жаңа үлгісіне көшу керек. «Қазір көптеген жоба кейбір кәсіпкерлер мен шенеуніктердің майшелпегіне айналды. Келісімшарттар ашық және конкурстық негізде жасалуға тиіс. Осы мақсатта тиісті заң қабылдау қажет» деді Мемлекет басшысы.

Сегізінші. Несие ресурстарының тапшылығы отандық бизнес үшін үлкен проблема болып отыр. Осы мәселені жан-жақты қарастырып, жаңа бағыттар ұсынған жөн. Қазіргі таңда елімізде шағын және орта бизнесті қаржыландыру үшін 42 миллиард долларға жуық қаражат жетіспейді екен. Сөйте тұра, банктерде триллиондаған теңге іс жүзінде экономикаға еш пайдасын тигізбей босқа жатыр. Осыған байланысты Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Үкімет бірлесіп, нақты секторды тұрақты әрі қолжетімді несиемен қамтамасыз ететін нақты шешімдер қабылдауға тиістігін айтқан Президент шетелдерде бұған қатысты оң тәжірибелер бар екенін ескертті.

Тоғызыншы. Өнім өндіру үшін, ең алдымен, жер керек.  Жері жоқ адам бизнеспен айналыса алмайды. Кәсіпкерлерге жер телімдерін ашық әрі жедел бөлудің тиімді тәсілдерін жыл аяғына дейін айқындау тапсырылды.

Осы аталған тоғыз бағытта нақты жұмыс жүргізілсе еліміз жаңашылдық сипаттағы экономикалық өрлеуге қол жеткізетіндігіне кәміл сене беруге болады.  Сүлеймен АРЫСТАНОВ, облыстық мәслихат депутаты

Қатысты жаңалықтар

ПРЕЗИДЕНТТІҢ ШЕШІМІ – ЕЛ МҮДДЕСІ ҮШІН ҰТЫМДЫ

azatmedia

Шымкентте карантин 14 қыркүйекке дейін ұзартылды

azatmedia

Кез-келгенді бей-жай қалдырмайтын дерт – нашақорлық

azatmedia