Білім алу – адамзат баласының қол жеткізген ақыл, парасаттың түбірі. Білім алу арқылы ғана ақ пен қараны ажыратып, ненің дұрыс немесе бұрыс екендігін сезіне аламыз. Дана бабаларымыздың сан ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа ауызша, жазбаша қалдырған рухани мұралары ұшан теңіз. Әлемнің екінші ұстазы болған әл-Фараби, Ж.Баласағұн, М.Қашқариден бастап, бермен қарай қазақ ақын-жырауларының керемет туындыларымен жалғасып, Алаш зиялыларының ақиқатымен ұласып, өзіндік бір білім беру формасы қалыптасқан болатын.
Тәуелсіздік алғалы бері жыл сайын жүргізіліп, білім жүйесіне енгізіліп отырған реформалар біздің болашағымызға салынып жатқан даңғыл жол деп айтуымызға болады. Себебі, қай мемлекеттің болмасын даму жолы, яғни экономикалық-әлеуметтік жағдайына тікелей апарар жол – сол елдің білімінің дамуы болып табылады. Яғни, болашақта дамыған алпауыт мемлекеттердің қатарында боламыз десек, жастардың біліміне мән беруіміз қажет. Бүгінгі жас ұрпақ – ертеңгі мемлекет тұтқасын ұстаушы білікті маман, ел тағдырын шешуші азамат.
Білім беру саласының өзекті мәселелерінің бірі – діни білім беру. Діни білім – мемлекеттік оқу орындарындағы дін туралы білім немесе кәсіби дін қызметкерлерін дайындауға бағытталған бағдар. Діни білім алу әлемнің барлық елдерінде кездесетін адамзатқа ортақ мұра. Қазіргі жаһандану дәуірінде әр мемлекет өзінің ұлттық құндылықтарын, ұлттық болмысын сақтап қалуға тырысады. Бүгінгі елімізде болып жатқан әлеуметтік-қоғамдық мәселелерді саралай келе, дінге деген қызығушылық және қажеттілік күн санап, артуда. Қазақстан қоғамының түрлі этностық, конфессиялық сипаттарын ескере отырып, ұлттық діни мұраны сақтап қала алатындай, заман талабына сай, зайырлылық қағидаттарын бойларына сіңірген дінтанушы, исламтанушы, теолог мамандар аса қажет және бұл тақырып қашан да өзекті болып қала бермек.
Елімізде дінтану, теология саласының ауқымы кең болғанымен, Кеңестік дәуірдің атеизмге негізделген идеологиясының құрбаны болғанымызды ескерсек, тәуелсіздіктен кейін ғана маңызға ие болған, кенже ғылым салаларының бірі деп айтсақ артық болмас.
Кеңестік кезең ыдырағаннан кейін хылқымыздың діни сауатсыздығын пайдаланып, шетелдерден түрлі діни ағымдар келе бастады. Жастарымыздың біршама бөлігі ел асып, жер асып Иран, Сауд Арабиясы, Мысыр, Түркия, т.б. мемлекеттерге діни білім іздеп, әр түрлі ағымдардың ықпалына түсті. Осылайша, еліміздің діни саласында білім беру мәселесі өзекті мәселелердің қатарына шықты. Шетелден келген теріс діни идеологияларға ұрынбай, өзіміздің ұлттық болмысымызды, дінімізді, зайырлы сипатымызды сақтап қалу үшін, халықтың діни сауаттылығын көтеру мақсатында діни білім, дінді оқытатын, діни жағдайды бақылап, талдау жасай алатын мамандар қажет болды. Осы олқылықтың орнын жою мақсатында еліміздің түрлі оқу орындарында арнайы кафедралар ашылып, білім бере бастады.
Қазіргі таңда Қазақстанда дін мамандары – дінтанушылар, исламтанушы және теолог мамандықтары аясында даярланады. Дінтанушылар дінді ғылыми тұрғыдан зерттеп, жалпы әлемде бар барлық діндердің тарихы мен теориясын қарастырып, дінді жалпылама түрінде бағдар алады. Теологтар құдайды, діннің ішкі тақырыптары бойынша діни тұрғыдан зерттеп, құдай идеясын мойындайтын және негіздейтін діндерді зерттейді. Ал, исламтану мамандығына келер болсақ, діни зерттеулер мен исламдық зерттеулерді талдауда ғылыми ақпаратты пайдалана алатын исламтану саласында мамандарды даярлау негізгі мақсаты болып табылады. Бағдарлама ислам дінінің болмысы, мұсылмандардың дүниетанымы туралы ғылыми көзқарасқа ие, ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатысуға қабілетті қазіргі заманғы қоғамның түрлі салаларында ислам ұстанымдары, идеяларын, рәміздерін, институттары мен жеке тәжірибелерінің рөлін айшықтап бере алатын, сараптама жасайтын исламның мән-мағынасын, әсіресе оның сенімі мен құлшылығын білетін маман қалыптастыруға бағытталған.
Дінтану, теология, исламтану мамандығын Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық университеті, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінде, Нұр-Сұлтан қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде, Қарағанды қаласындағы Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде және Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде, бакалавриат және магистратура, доктарантура бағдарламалары аясында даярлайды. Дінтанушы, теолог, исламтанушы мамандарға мемлекеттік, діни және қоғамдық ұйымдарда, бұқаралық ақпарат құралдарында тәуелсіз сарапшы ретінде және сарапшылар комиссиясы құрамында, мемлекеттік басқару, сыртқы және ішкі саясат бөлімінің, дін істері комитетінің қызметкерлері, мемлекеттік және мемлекеттік емес жоғарғы және орта арнаулы оқу орындарының оқытушылары ретінде сұраныс жоғары. Елімізде ең алғашқы рет «дінтану» кафедрасы Түркістан қаласында, Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде 1992 жылы ашылған болатын.
Қорытындылай келе, бүгінгі күні жастарымыздың шет елдерге барып, діни білім алуға аса бір қажеттілік жоқ деп айтсақ болады. Жоғарыда көрсетілген университеттерде елімізге танымал, білікті оқытушылық құраммен жасақталған. Әлем елдерінен келген проффесорлар ізденушілерге дәріс оқып, жастарымыздың білімін арттыруға септігін тигізуде.
А.Тағай, дінтанушы маман, Түркістан қаласы.