Еліміз егемендікке қол жеткізгелі мемлекетіміздің барлық салаларында терең, әрі түбегейлі өзгерістер орын алды. Халықаралық деңгейде әлемнің алпауыт мемлекеттерімен бәсекелес бола алатын қабілеттілігін көрсетті. Әсіресе, тарих қойнауында жатқан рухани мұрамыз қайта жаңғырып, өзінің лайықты орнын тапты. Десек те, бүгінгі қоғамда алаңдататарлық келеңсіз мәселелер де жоқ емес. Солардың бірі – мемлекетіміздің діни ахуалы.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев өз сөзінде: «Экстремизм Қазақстанда кең ауқымда пайда бола қоймағанымен, конфессионалдық тұрақсыздықтың бізде де бой көтеруінің белгілі бір қаупі бар. Әрине, егер осы қауіпті өз уақытында сезініп, алдын алмасақ…», – деген болатын.
Жалпы, дін дегеніміз не, экстремизм деп нені түсінеміз? «Дін» – Жаратушы тарапынан Пайғамбарлары арқылы жеткізілген, өзіндік тарихи жолдарымен қалыптасқан, өз жүйесімен әлемдік ортаға, қоғамға, мемлекетке қауіп төндірмейтін негіздер жиынтығы.
Ал Экстремизм болса, тілдік мағынасында «шеттеу» (фр.Extremisme, лат.Extremus), яғни «орталықтан ауытқу», «белгіленген жерден шығып кету» дегенді білдіреді. Терминдік тұрғыда: «тәртіпті мойындамайтын», «өзінің пікірімен ғана іс-әрекет жасаушы» дегенге саяды.
Экстремизм, көбіне, адамның надандыққа, көрсеқызарлыққа бейімделген пікірінен туындайды. «Тек менің ғана пікірім дұрыс болуы керек» деген секілді. Әйтсек те, бұл экстремизмнің бастапқы кезеңдерінің ғана көрінісі болып саналады.
Экстремизмнің бірінші белгісі – адамның надандыққа, көрсоқырлыққа негізделген өз көзқарасы, пікірінің орындалуын табанды түрде талап етуі. Мұндай адамдар басқа көпшіліктің қажеттіліктері мен ақиқи жағдайын түсінбейді немесе түсінгісі келмейді. Олар, жөн білетін, дұрыс бағыт көрсете алатын адамдардың ешқайсысын мойындамайды. Өз-өзіне сын көзбен қарау деген түсінік – олар үшін жат пайым. Олардың түсінігінше, тек өздерінің ғана сенімдері тура, өзгелердің барлығы – адасушы. Сондықтан да, олар өздерінен өзгелердің бәрін әділетсіз, әрі қатігез деп айыптауды міндет санайды, ал өздерін кіршіксіз, күнәсіз Пайғамбардай көреді. Мұның соңы шариғатқа, заңға қайшы келетін әрекеттерге, әртүрлі қақтығыстарға алып баратын жалған пікірлердің қоғамда етек жаюына, мәжбүрлеу арқылы өздерінің пікірлерін тықпалауға жетелейді.
Ұ.Маймақова.