Соңғы жаңалықтар

Ұрпақтар сабақтастығы ұлттық құндылықтар арқылы жалғасады

Ғасырлар бойы түрліше көріністе жалғасып келе жатқан дәстүрлі құндылықтар жүйесі болады. «Құндылық» ұғымының мәнін жалпы алғанда қоғам өмірінде қалыптасқан жасампаз идеялар мен этикалық категориялар, моральдық-эстетикалық нормалар мен стереотиптер жиынтығы, маңызды мақсат-мұраттар мен оларға жету жолдары, мінез-құлық мәнері туралы жинақталған түсініктер деуге болады.

Құндылықсыз қоғам – бағдарсыз қоғам. Құндылық – қондырма емес, ол қоғамның өз ішінен қайнап шығады, мемлекеттік билікке тәуелсіз қалыптасады. Оның идеологиядан айырмашылығы да осында. Құндылық – уақыт сынынан өткен және заман озған сайын түлеп отыратын идеялар мен ұстанымдар. Ешбір өркениетті қоғам уақыт сынынан өтіп, өміршеңдігі мен жасампаздығын дәлелдеген дәстүрлі құндылықтарсыз алға басып көрген жоқ. Өйткені дәстүрлі құндылықтар – ішкі тұрақтылықтың тұғыры, рухани қауіпсіздіктің тірегі және ең бастысы – ұрпақтар сабақтастығының негізі.
Дәстүрлі құндылықтардың басым бөлігі ұлтына, дініне, жасына, жынысына қарамастан барша адамзатқа ортақ. Рухани дағдарыс басымдық ала бастаған қазіргі әлемдік қауымдастықта дәстүрлі құндылықтарды жаңғырту мәселесі өзекті тақырыпқа айналып отыр. Бір ерекшелігі, бәлкім, кемшілігі – барша қоғам мүшелерінің алаңдаушылығын туғызуы тиіс бұл тақырып негізінен мәдениеттанушылардың зерттеу-насихаттау нысаны болумен ғана шектелуде.
Әрбір қоғам мәдениетіне тән өзіндік құндылықтар кешені болады. Дәстүрлі қоғам өзгеріске ұшыраған жағдайда да дәстүрлі құндылықтар өз маңызын жоймайды. Дәстүрлі қоғам дегеніміз – саяси, әлеуметтік және мәдени дамуы дәстүрлі құндылықтарға, салт-санаға, ата-баба мұраларына негізделетіндігімен ерекшеленетін әлеуметтік орта. Бұл тұрғыдан алғанда қазіргі қазақ қоғамын толық мәніндегі дәстүрлі қоғам деп атау қиын. Дәстүрлі мәдениеті, саяси жүйесі, құқықтық санасы тиісті деңгейде қалыптасқан қазақ қоғамы тарихи үдерістер салдарынан бүгінде елеулі өзгерістерге ұшырады. Қазір ол өз дамуын заман талабы тудырған құндылықтармен көбірек байланыстыруда. Дегенмен, ұлттың дәстүрлі құндылықтық жүйесі, соның ішінде рухани құндылықтары жаңа қоғамның бағдарын айқындауда негізгі реттеушілік роль атқарып отыр.
Алайда, байқасаңыз, соңғы кездері елімізде дәстүрлі діни нанымдарымыз бен салтымызға сіңген көзқарастарға үйлеспейтін әртүрлі пікірлер мен ұстанымдар пайда бола бастады. Бұл өз кезегінде ұлттық құндылықтарымызға да өзінің кері әсерін тигізуде. Алғашқы кездері бірқатар данышпансыған діндарларға періштедей сеніп, солардан үйреніп, діндар болғанның жөні осы деп жаппай дінге ұмтылу үрдісі жүрді. Кейіннен жылтырағанның барлығының алтын емес екендігіне көзіміз жете бастады.
Әрине, қазақ халқы үшін дәстүрлі дін ретінде исламның құндылықтары күнделікті өмірде өз орнын ойып тұрып алғаны белгілі. Алайда, қазіргі күні ежелден халқымыз дәріптеп, құрметтеген асыл дінімізге де күдікпен қарайтындар табыла бастады. Жоғарыда айтқанымыздай, алғашқы кездері дін адамдары мен діни кітаптарға құрметпен қарасақ, қазір өмірімізге дендеп кірген түрлі ағымдардың салдарынан үміт пен күдік тайталасқа түсті. Бұған себеп те жоқ емес.
Жасыратыны жоқ, соңғы кездері бүйректен сирақ шығарып, діни реформа жасағысы келетін топтар пайда бола бастады. Олардың айтуы бойынша, ғасырлар бойы ата-бабаларымыз үзбей ұстанып, діни-рухани қажеттілігімізді атқарып келген дәстүрлі ислам қағидаттары дұрыс емес секілді. Аталарымыз теріс жолда болған көрінеді. Құдайға серік қосып, күпірлікке түсіпті! Таза исламды кейінгі «ақылдылар» ғана ойлап тауыпты. Қазақстан исламы бидғатқа толып кетіпті. Оны тазалау керек дейді олар.
Демек, соңғы кездері халқымыздың ішіне іріткі салып жүргендердің ісі де, ойы да ешқашан біздің мүддемізге сай келмейді. Оларда діни мүддеден гөрі саяси мүдде басым. Сондықтан өздерін ғана ақылды санайтын осындай дін үйретушілерден сақтану қажет.
Ұрпақтар сабақтастығы құндылықтар арқылы жалғасады. Ұлт тарихы үшін осы сабақтастықтың маңызы зор. Әр буын өзіне дейінгі ұлт тәжірибесін бойына сіңіріп, ары қарай дамыта білмесе, тарихын екшеп-саралау арқылы болашағына бағдар жасамаса – ол қоғам керітартпа қоғамға айналады. Өткенді мансұқтап, тарихты өзінен бастаған буын мемлекетті рухани дағдарысқа ұшыратады. Оның жекелеген көріністері өкінішке қарай, қазіргі Қазақстан қоғамында да бой көрсетуде.
Қай заманда болмасын, адами ізгіліктің алтын арқауы – имандылық жібі үзілген жерде тоқырау басталады. Онда қарама-қайшылық, пікір алшақтығы туындап, бірліктің шаңырағы шайқала бастайды. Діни бірлік болмайынша ұлттық бірлік болмайтыны тағы белгілі. Демек, дінді саясатқа айналдырып, өз пайдасына жаратқысы келетіндер мен экстремистік ниеттегі діни ағымдар пайда бола бастаған бүгінгі кезде, дінаралық татулықты сақтау – басты мақсат.
Қазіргі қоғамдағы әлеуметтік-саяси қатынастарды реттеуші және ішкі саяси үдерістерді тұрақтандырушы ретінде дәстүрлі құндылықтарды жаңғыртудың маңызы зор. Дәстүрлі құндылықтарынан – рухани тамырынан қол үзбеген қазіргі қазақ қоғамының ішкі әлеуеті – біздің радикалды ағымдармен күрестегі негізгі күшіміз әрі үмітіміз болмақ.

М.ХАЛЫҚОВ, Түркістан қаласы.

Қатысты жаңалықтар

Сайлауда белсенділік танытып, келешегімізді бірге таңдайық!

azatmedia

Туристер санын 10 есеге ұлғайтпақ

azatmedia

Жамбылда қаза тапқан құтқарушылардың әрбірінің отбасына 20 млн теңгеден беріледі

azatmedia