Соңғы жаңалықтар

ДІНИ АДАСУШЫЛЫҚ – САНАҒА СОҚҚЫ

Олардың қай қайсысы болмасын шарапат табамын, жәннаттық боламын деп туған жерін тастап соғыс әлемінен бірақ шықты. Бақыт іздеп барып, бақытсыз кейіпте елге оралды. Ислам әлемінің теріс бағытына сіңіп кетіп, жаңылғандар «Жусан» операциясының арқасында арамызға қайта оралып, қарапайым адам ретінде қоғамнан өз орындарын тауып жатыр. Қандастарымызды елге келгеннен кейін қалыпты дәстүрге бейімдей отырып, уланған саналарына үлкен сілкініс жасаған арнайы мамандардың еңбегі зор. Олардың жасаған жұмыстарымен жақын таныса түсу үшін Сириядан оралған жандармен жұмыс жасаған теолог, ХҚТУ дінтану кафедрасының PhD ұстазы Бауыржан Ботақараевпен сұқбаттасып көрдік.

– Бауыржан аға, сұқбатымызды бастамас бұрын хиджра, жихад, шариғат деген үш сөзге қысқаша анықтама беріп кетсеңіз?

– Ислам ғылымында «ең ұлы жихад – нәпсімен күрес» деп айтылады. Ислам ешқашан соғысқа шақырып, үгіттемейді. Хиджра – бір жерден екінші жерге көшу деген мағынаны береді. Қазіргі таңда, адасып жатқан бауырларымыз осы сөзді тура мағынасынан қабылдап, біз адасқандардың арасынан кетіп, шын мұсылмандардың қасына баруымыз керек деген ұранмен Араб елдеріне, Сирияға кетіп жатады. Нәтижесінде сойқан соғыс пен қанды қырғынның ортасынан шығады. Өзге ағым жетегіне еріп, адасып жүрген бауырларымыз шариғат пен дінді біріктіріп қояды. Шындығында шариғат пен діннің екі бөлек екенін Абай атамыздың өзі айтып кеткен. Дін дегеніміз құдай мен жаратылыс арасындағы байланыс болса, шариғат деген адам мен адамдардың арасындағы байланыс. Қазіргі таңда осы екеуін біріктіріп қарастырып жүрген жандар өзге ағым жетегіне байланып жатады.

– Жусан операциясымен елге оралған адамдармен жұмыс жасап көрдіңіз бе?

– 2019 жылы Ақтау қаласында «Жусан» операциясымен отанға оралған жандармен жұмыс жасап көрдім. Олардың басым көпшілігі әйел адамдар мен кәмелет жасына толмаған кішкентай бүлдіршіндер болатын. Оңалту орталығында тек қана теологтар ғана емес, психолог, оқытушы мамандар жұмыс жасады.

– Арнайы орталықта үгіт насихат жұмыстары қалай жүрді?

– Біз оларға тарих пен дәстүрлі дінді ұштастыра отырып түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Әсіресе мектеп жасындағы балаларға әліпбейден бастап тіл үйретіп, ана тілінде сөйлеп кетуіне ықпал жасау қиынға соқты. Себебі, балалардың көбісінің тілі швет, араб, орыс тілдерінде шыққан. Қазақ тілінде сөйлей алса да, қазақ әліпбиін біле бермейді. Әрине, өзге ағым жетегінде кеткен жандардың дүниетанымын қайта қалпына келтіру оңай шаруа емес. Бірақ олар адасқандарын мойындай отырып, алға қарай ұмтыла алатындығы қуантады. Сириядан оралғандардың көбісі түсіндірмен дәрістерінен кейін қарапайым азамат ретінде қатарға қосылып жатыр. Қазір олардың бәрі бірдей болмаса да, біразы түрлі салаларды қызмет атқарып жүр.

– Сіз жұмыс жасаған адамдардың ішінде есіңізде ерекше сақталған, ерекше оқиғасы бар кейіпкер болды ма?

– Ақтауда «Жусан» операциясымен елге оралған 12-13 жасар жігітпен тілдескен болатынмын. Әңгіме барысында ойында қалып қойған бір оқиғасымен бөлісті. Сириядағы соғыста жүріп анасын жоғалтып алыпты. Келмей кеткен соң өзі іздеуге шыққан. Нәтижесінде бір шұңқұрдың ішінен басы кесілген күйінде тауып алғанын айтты. Бұл балаға өте ауыр соққы болған. Кейін сұрастыра келе баланың бүгінде өзі оқитын мектептің атаманы, бұзақылар тобынан екенін естідім. Сириядан оралған әрбір екінші жеткіншектің бойында қатыгездік, үрей мен қорқыныш сезімдері басым.

– Сіздің тәжірибеңізде жусан операциясымен елге оралып, қайтадан екінші рет Сирияға атанған адам болды ма?

– Жоқ, ондай адамдар болмады. Сириядан оралған жандардың бәрі өткен өміріне өкінетіндіктерін айтып, енді ол сәтке оралғысы келмейтіндіктерін білдіріп жатады.

– Ал сіздің ойыңызша, еліміздің қай өңірлері діни адасушылыққа тез бейімделгіш?

– Елімізде діни ағым жетегіне еріп, адасып жататын көбінесе Батыс пен Солтүстік Қазақстан тұрғындары. Мен мұның себебін өзімше былай пайымдадым. Аталған екі өлкенің бірі дәстүрімізге шөлдеп тұрған болса, екіншісі қызба мінезді, айтқанынан қайтпайтын бірбеткей халық. Соның салдарынан сырттағы өзгерісті тез қабылдап, тез бейімделіп алатын сияқты. Ал, өзіміздің оңтүстік өңірі дәстүрге де, тәрбиеге қанық жер екеніне талас жоқ шығар. Дәстүрлі дінді ұстанған адам ешқашан адасушылыққа бармайтыны анық.

– Сұқбаттасқаныңызға рақмет, еңбегіңіз елене берсін демекпіз!

Ғалия БИСЕЙІТ

Қатысты жаңалықтар

«Екі күйеуім бар» – Қоғам белсендісі өзінің жаңа күйеуіне іздеу салды

azatmedia

ТӘУЕЛСІЗДІККЕ 30 ЖЫЛ: МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНЫҢ ЖЕТІСТІКТЕРІ

azatmedia

«Нұрғали ағадан кешірім сұраймын» – телеарна басшысы неліктен кешірім сұрады?!

azatmedia