Қожа Ахмет Ясауи хикметтерінің мәні, философиясының өзегі – адам. Ол адамның адамдық парызы – «Алла мeн адамның жәнe адам мeн қоғамның» арасында алтын көпір болу eкeндігін ұғынған. Және халқына жақсы мен жаманның, ақиқат пен жалғанның арасын айыра білуге жол сілтеген. Қожа Ахмет Ясауи адам кемелдікке жету үшін оған бірінші кезекте білім, мәлімет және таным керек дейді. Сонымен қатар, ол өзінің хикметтерінде адам қайратты, жігерлі, қиындықтан тайсалмайтын батыл болуы қажет екенін де айтады. Адам тек Хақтан қорқуы керектігін санаға құяды. Әлемде Хақтан барлық жанды мен жансыздың қорқатынын ұқтырады. «Тәубе қылып, Хаққа жанған ғашықтарға,Пейіш ішінде төрт бұлақтың шәрбәті бар.Тәубесіздер Хақтан танған ғашықтарға,Тар лахадта қатты азап қасіреті бар» дейді.Адам өзінің қайраты арқылы өмірдегі таңдауын, өмір сүру жолын, орнын белгілейді. Адам тек Хақтан қорқуы керек, ал, егер де ол жалған дүниенің қорқынышына бой алдырса, онда ол иманынан айрылады. Бұл туралы Қожа Ахмет Ясауи бабамыз былай деген: «Түркілер әлемінде эпикалық сарындар дәуірлеп тұрған шақта, ел зердесінде Күлтегін,Тоныкөк секілді бейнелер жатталғанда, сұңғыла парасат иесі қаһармандық өмірбаяндық үлгіні рухани өмірбаян жазуға қолдануы мүмкін. Өйткені, әр пендеден өз бойындағы адамзат атаулыға тән жауларын жеңу, яғни ынсап пен ындынның айқасын қанағатшылдық, тақуалық, аскеттік пайдасына шешу батырға тән күш-жігерді талап ететіні сөзсіз». Қорыта айтқанда, Қожа Ахмет Ясауи өз кезеңінде білімді адамдардың бірі, өзіне тән ерекше жолды тудырушы, әрі таратушы тұлға болған. Оның ежелгі түркі тілінде жазылған «Диуани хикмет» деп аталатын еңбегі қашан да халықтың білімге, ілімге, дінге деген талпынысын оята түсетін құнды дүние болып қала береді.
Талғат ОРАЗОВ,«Әзірет Сұлтан» музей-қорығының ғылыми қызметкері. Түркістан қаласы.