Соңғы жаңалықтар

Ашылмаған құпиялар әлі көп

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығындағы құнды жәдігерлер қатарына Әмір Темір дәуірінен сақталған алыстан көз тартатын көк күмбезді кесене, шырағдандар, тайқазан, лаухалы ту және есіктер жатады.
Барша мұсылманға мәшһүр түркі ойшылы, сопылық ілімді уағыздаушы Ахмет Ясауидің құрметіне тұрғызылған кесененің негізі ХІV ғасырда қаланды. Орта Азия мен Қазақстандағы ең көне күмбезді тарихшылар, этнографтар, археологтар, философтар, тіл мамандары жан-жақты зерттеді. Олардың бірі кесене мен ондағы жазуларға, екіншісі Ахмет Ясауидің іліміне айрықша көңіл бөлді. Десек те, ойшылдың ілімі мен кесененің ашылмаған құпиялары әлі де көп.

Түркістан және ондағы көкпен таласқан алып күмбезді кесене хақында Ахмет Ясауидің шәкірті Сүлеймен Бақырғани (кейбір деректерде Хакім ата) «Қыштан құрастырылған жыр өрнегі» деген болса, академик М.Е.Массон «Тасқа түскен саз бен сиқырды тамашалау келер ұрпақтың үлесінде» деп оның өміршеңдігін, мәңгілік екенін айтып кеткен. Парсы тарихшысы Фазалаллах ибн Рузбихан Исфаһани «Михман намә-ий Бухара» атты еңбегінде кесенені «Бұл – адам баласы тұрғызған ғимараттардың ең үздігі» деп бағалапты.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесі оның ілімін насихаттауға арналып салынған. Кесененің бағзы заманнан бүгінгі күнге дейін халықты рухани тәрбиелеуде атқарған рөлі орасан. Оған дәлел ретінде кесененің қақпасы мен қабырғаларына жазылған жазуларды айтуға болады. Мәселен, кесенеге кіре берістегі үлкен есіктен «Әулиенің есігі – бақыттың кені, әулиенің (махаббаты) мейірімі бақыттың кілті» және «Шапағат есігі», «Алланың басшылығы мүміндерге (дінге сенушілерге), Алланың есігі, ол есікті іздеушілерге», «Алладан (Сізге) шапағат болсын», «Уақыт барда құлшылық етуге асық, тірлігіңде мойын ұсынуға асық» деген жазуларды оқуға болады.
Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат ету дәстүрі әлі күнге дейін жалғасын тауып келеді. Бұл халықтың әулиеге деген құрметі деп білеміз. Кесененің салыну тарихы туралы ғалымдар әртүрлі пікірде. Құрылысты Мәулен Убайдолла Садыр ұстаның басқарғандығы жайында әдебиеттерде баяндалған. Ал, текстолог С.Ергөбектің Ахмет Ясауи кесенесінің салыну тарихы жайында жариялаған мақалаларындағы деректерге сүйсенсек, Әмір Темір сол заманда Түркістан өңірінің ханы болған, қоңырат руынан шыққан Ноғайбаққа құрылысты басқару туралы әмір берген екен. Ол бұл туралы ескі қолжазбалардың бірінен оқығанын айтады.
Басынан неше түрлі ықылым замандарды өткерген кесене орыс әскерлерінің қолынан көп зардап шекті. Қазір кесененің солтүстік беткейі, яғни мешіт, кітапхана және асхана бөлмелерінің қабырғасы біршама шалқайыңқы көрінетіні содан. Оны қалпына келтіру үшін осы күнге дейін он мәрте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Әмір Темірдің жорықтарын баяндаған ирандық Шараф ад-дин Әли Иезди 1424 -1425 жылдар аралығында жазылған «Зафарнама» («Жеңіс кітабы») атты еңбегінде: «Темір Сейхундариядан өтіп Ахангаран, Шыназ төңірегінде қыстау үшін тоқтап, әскеріне арнап үй салдырады. Содан кейін Қ.А.Ясауи бейітіне зиярат етті. Қ.А.Ясауидің Мұхаммед Ханафияға туыстығы бар еді» дейді. Тағы бір деректерде 1397 жылдың күзінде Әмір Темір Моғолстан билеушісі Қызыр Қожа ханның қызы Тәуекел ханымға үйленгенін, қалыңдығын қарсы алуға шыққан Темір жолшыбай Ясыға соғып, Қожа Ахмет Ясауидің мазарына мінәжат еткенін жазады. Сонымен қатар, зияратын орындап болған соң мазарат шырақшылары мен оған қатысты адамдарға нағыз ханға лайықты дәрежедегі сыйлықтар ұсынып, мазарды қайта салуға бұйрық бергенін айтады. ХІХ ғасырдың алпысыншы жылдарында ғалым А.И.Добросмыслов «Города Сыр-Дарьинской области» деген еңбегінде Қожа Ахмет Ясауи өмірден озған соң басына тұрғызылған сағана зиярат ету орнына айналғандығын мәлімдейді.
Зиярат етушілер кесенеге кірместен бұрын Шығыс үлгісіндегі моншаға барып жуынып, тазаланатын болған. Содан соң зиярат жасаған. Бұл туралы алаштың ардақты ұлдарының бірі
М.Дулатов өзінің «Шығармалары» атты еңбегінде «Қай жердің қазағы болса да, Хазірет Сұлтанды естумен біледі. «Әзірет Сұлтанға барамыз», «Пәленше Әзірет Сұлтанға кетіпті…» деген сөзді қазақ арасында көп естуге болады. Хазірет Сұлтанға барған тақуалар, сопылар Хазірет Сұлтанға барып қайтқандар қажыға барып қайтқаннан аз-ақ кем болады. Олар бастарына сәлде орап қайтып, жұрт Меккеден келгендей қолдарын алып құрмет етеді. Қазақ осылай құрметтесе де, Хазірет Сұлтанның бір жерде бар екенін естісе де, көбі ол хақында анық ешнәрсе білмейді. Осы майдың бірінде Ташкентке бара жатып, Түркістанға түсіп, Хазірет Сұлтанды мен зиярат еттім» деп жазды.
Кеңестік идеология халықтың рухани ілімінің тамырына балта шапқан еді. Кесененің қазақ халқы үшін алар орны айрықша екенін жете түсінген ғалым-этнограф Өзбекәлі Жәнібеков оны музей ретінде ашуды көздеді. Әулиелердің сұлтаны Қожа Ахмет Ясауидің басына тұрғызылған теңдесі жоқ кесене түркі халықтарының мінәжат етер зиярат орталығы һәм рухани темірқазығы болып қала бермек.

Б.БАЙБОЛОВ,
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының бөлім басшысы.

Қатысты жаңалықтар

Белгілі қоғам белсендісі ішімдіктерді сатуды тежеуді ұсынды

azatmedia

Қазақстанда темекі қымбаттады

azatmedia

«Tik-Tok»-қа тыйым салынбақ

azatmedia