1991 жылдары еліміздің Тәуелсіздік алып, нарықтық экономикаға өтуі – мәдениет саласына айтарлықтай әсерін тигізді. Қаржыландырудың жеткіліксіздігінен және жекешелендіруге байланысты мәдениет және өнер мекемелері жабыла бастады. Десе де, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев 2000 жылды «Мәдениетті қолдау» жылы деп жариялауына байланысты мәдениет саласы айтарлықтай жандана бастады. Тиісті қаржы көздері қарастырылып, мәдениет ошақтары кезең-кезеңімен қалпына келтірілді.
Тәуелсіздік жылдарында Шымкентте мәдениеттің дамуына айрықша көңіл бөлінді. Қалада қазақ драма театры, опера және балет театры, «Түркістан» салтанат сарайы, «Әл-Фараби» әмбебап кітапханасы пайда болды.
Облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайы 2001 жылғы қарашада, Тәуелсіздіктің он жылдығы қарсаңында ашылды. Бұл республика көлемінде қуғын-сүргін құрбандарына арналған алғашқы мұражай. Соңғы үлгідегі сәулеттік дизайнмен ерекше салынған мұражай қызыл, қара, сұр түспен өрнектелген.
Шымкентте облыстық опера және балет театры 2007 жылы ашылды. Бұрынғы Металлургтер сарайын жөндеуден өтіп, жас ұжымға пайдалануға берілді. Театрдың ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев арнайы келді.
Операда музыка мен сурет, драматургия мен вокал, актерлік шеберлік сияқты қайталанбас өнер түрлері бір сахнада тоғысты. Бірегей мәдени туындылар жасалды. Бүгінгі таңда опера театрына ҚР Еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет», «Отан» ордендерінің иегері, «Тарлан» сыйлығының, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Париждегі «Гранд Операның» Қазақстаннан шыққан тұңғыш әнші Майра Мұхамедқызы басшылық етуде.
2008 жылдың 4 сәуірінде елімізде алғашқы мемлекеттік әзіл-сықақ және сатира театры Шымкентте өз жұмысын бастады. Театр ең алғаш С.Жүнісовтің «Қысылғаннан қыз болдық» пеьсасының желісімен жазылған У.Әбдіраимовтың «Ауылым – әнім» музыкалық қойылымымен шымылдығын түрді. Бүгінгі таңда театр репертуарында отандық туындылармен қатар, орыс, өзбек, қырғыз, ағылшын авторларының комедиялық қойылымдары бар.
Ш. Қалдаяқов атындағы облыстық филармония 2010 жылы халық игілігіне берілді. Филармония Елбасының қатысуымен ашылды.
2011 жылы еліміздегі үшінші цирк Шымкентте ашылды.
2013 жылы Шымкент қаласының әкімшілік-іскерлік орталығында бой көтерген сәулетті ғимараттардың бірі – «Көрме» орталығы. Нысанның жалпы ауданы 2600 шаршы метрді құрайды. Екі қабаттан тұратын орталық заманауи құрал-жабдықтармен толықтай жабдықталған. Еуропалық үлгімен салынған орталықта көрме және конференц залдары, іскерлік залдар, сондай-ақ қызметкерлерге арналған бірнеше кеңсе бөлмелері бар. Олардың барлығы да жоғары талғаммен безендендірілген.
2014 жылы Шымкентте Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы пайдалануға берілді. Мұнда Қазақстандағы бар халықтың әдет-ғұрып және салт-дәстүрінен хабар беретін материалдар қойылған. Сондай-ақ үш зал бар, бірі – конференция залы болып есептелсе, қалған екі залда көрме ұйымдастырылмақ. Көрме залының безендіруімен тарихшылар, 20 этно-мәдени орталық пен облыстық мәдениет басқармасының мамандары айналысады.
Осы жылы 82 жылдық тарихы бар Ж. Шанин атындағы қазақ драма театры 500 орынға арналған жаңа ғимаратқа көшті.
2014 жылы Шымкентте тарихи-өлкетану мұражайы жаңа ғимаратқа көшті. Оны ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысына жасаған іссапары барысында телекөпір арқылы ашты. Мұражайдың жалпы ауданы 2541,81 шм. Оның ішінде экспозиция залдарының жалпы ауданы – 1060,12 ш.м. Мұражай «Табиғат, палеонтология, археология», «Этнография», «Қазақ хандығы және жаңа заман», «Тәуелсіз Қазақстан» деп аталатын төрт экспозиция залдарынан тұрады. Мұражай және оның филиалдарында 93 мың 427 жәдігерлер жинақталған. 6 мың 500 кітап қоры бар арнайы ғылыми кітапхана жұмыс істейді.
2015 жылы «Түркістан» салтанат сарайы ашылды. Түрлі салтанатты шаралар ұйымдастыруға лайықталған ғимараттың жалпы алаңы 8,5 мың ш.м., сыйымдылығы − 1364 орынды құрайды. Бұл мекемеге бүгінде әнші Сәкен Майғазиев бастылық етіп отыр.