Бір үй – бір бірлестік – бір есепшот. Бұл – көппәтерлі үйді басқарудың жаңа принципі. Енді пәтер иелері кооперативі деген түсінік жойылып, мүлік иелерінің бірлестіктері құрылады. Оның негізінде тұрғындар өздері барлық жөндеу жұмыстарына жауапты болып, жұмсалатын шығыстарды қадағалай алады. 2020 жылдың басында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын реттейтін заңға түзетулер енгізілген болатын. Бұл өзгертулердің басты мақсаты – тұрғын үйлерді күтіп-ұстау. 2022 жылдың 1 шілдесіне дейін пәтер иелерінің кооперативінен мүлік иелерінің бірлестігіне не жай серіктестікке өтуі қажет. Шымкент қаласының әкімдігінде ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік инспекторы М.Жүндібаев пен қала әкімінің орынбасары М.Исаховтың қатысуымен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы реформалардың мегаполисте жүзеге асырылуы бойынша жиын өтті. Мемлекет басшысының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы реформаларды енгізу жөніндегі тарсырмасын орындау мақсатында қала әкімінің төрағалығымен 2 кеңес және қала әкімі орынбасарларының қатысуымен 8 кеңес өткізілді. Бұдан бөлек, тұрғын үйді басқарудың жаңа жүйесін насихаттау мақсатында көппәтерлі тұрғын үйдің жиналысын өткізу бойынша қала аудандары бөлінісінде Жол картасы бекітілді. Карантиндік шектеулерге байланысты тұрғындармен кездесу онлайн немесе офлайн өткізілуде. Насихаттау жұмыстарының нәтижесінде қаладағы 59 көпқабатты үйде мүлік иелері бірлестігі және 257 үйде жай серіктестік құрылып, осылайша 316 көппәтерлі үй тұрғын үйді басқарудың жаңа жүйесіне өтті.Шымкент қаласы бойынша жалпы тұрғын үй қоры 2236 көп қабатты тұрғын үйді құрайды. Оның ішінде коммуналдық тұрғын үй қоры 130 үйді құраса, тіркелген Кондоминиум объектілері – 1672, ал тіркелмеген – 434 үй көрсеткішті құрайды. Бұл жалпы тұрғын үй қорының 74,7% – ын құрайды.
Алдынғы жаңалық
Келесі жаңалық