Azatmedia.kz. Нұр-Сұлтанда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Антикор) Ішкі істер министрлігінің лауазымды қызметкерлеріне қатысты аса бір қызықты істі тергеуді бастаған. Бұл қандай іс?- деп, хабарлайды Nege.kz ақпараттық порталы.
Ішкі істер министрлігінде «Р» деп аталатын департамент бар. «Р» дегені – разведка, яғни барлау. «ІІМ-ге барлау НЕГЕ керек?» деген заңды сұрақ туады. Керек екен.
Айталық, әлдебір қылмыстық топтың заңсыз әрекетін әшкерелеу үшін олардың арасына «жансыз» жіберу қажет. Мұны іске асыратын – «Р» департаментінің қызметкерлері. Сондай-ақ жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыру үшін де барлаушының көмегі қажет болуы мүмкін. Мәселен, жедел іздестіру іс-шаралары жалпы және арнаулы болып екіге бөлінеді. Міне, осы арнаулы іс-шаралар – барлаушылардың шаруасы. Ол қандай шаруа? Жедел іздестіру қызметі туралы заңда былай дейді:
Арнаулы жедел-іздестіру іс-шаралары мыналар болып табылады:
1) адамды немесе орынды жасырын аудио және (немесе) бейнебақылау;
2) электр (телекоммуникация) байланысының желілері арқылы берілетін ақпаратты жасырын бақылау, ұстап алу және алу;
3) абоненттер және (немесе) абоненттік құрылғылар арасындағы қосылулар туралы ақпаратты жасырын алу;
4) компьютерлерден, серверлерден және ақпаратты жинауға, өңдеуге, жинақтауға және сақтауға арналған басқа құрылғылардан ақпаратты жасырын алу;
5) пошта жөнелтілімдері мен өзге жөнелтілімдерді жасырын бақылау;
6) жасырын кіру және (немесе) орынды жасырын зерттеп-қарау.
«Р» департаменті немен айналысуы тиіс екенін түсінген боларсыз. Алайда соңғы жылдары бұл департамент негізгі міндетінен бөлек, күштік құрылымдар арасындағы «қиянпұрыс соғыстың» құралына айналғандай.
Бұл департаменттің «десятка» деген қосымша атауы бар. «Десятка» дегенді естігенде, полицияның лауазымды шенділерінің өзі кірпіше жиырыла қалады деседі. Оның себебі бар, «десятканың» барлаушылары штаттан тыс шаруаларды да орындай береді.
Бір қызығы, ІІМ-нің ресми сайтында «Р» департаменті немесе «десятка» туралы ешқандай мәлімет жоқ. Мұның қаншалықты құпия орган екенін осыдан-ақ аңғаруға болады.
Сөз басында Антикор «аса бір қызықты істі» тергеуді бастағанын айттық қой. Енді осы іс туралы.
Ішкі істер министрлігінің жоғарыда сөз болған «Р» департаментінің бастығы Э.Рахметов пен оның орынбасары А.Рахимовқа қатысты Антикор «қызмет бабын асыра пайдаланғаны үшін» қылмыстық іс қозғап, тергеуді бастаған.
Тұрақты оқырманымыздың айтуынша, 2019 жылдың маусым айынан бастап «барлаушылардың бастығы» Рахметов пен орынбасары Рахимов қарамағындағыларды қылмысқа итермелеп, заңсыз тапсырма орындатқан. Бұл қандай тапсырма?
Департамент қызметкерлері мен аймақтық бөлімше мамандары әлеуметтік желіде жалған никнеймдермен тіркеліп, Антикордың абырой-беделін түсіретін материалдар мен видеороликтер жариялап отырған. Осылайша ІІМ «барлаушылары» Антикордың ашуына тиіп қана қоймай, мемлекеттік органның құқығы мен мүддесіне айтарлықтай зиян келтіріпті.
Nege.kz порталы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевқа осы іске қатысты ресми сауал жолдаған. Сауалымызға төрағаның бірінші орынбасары Олжас Бектеновтен төмендегідей жауап келді:
Бұл істің егжей-тегжейін білу үшін Бас прокуратураның Арнайы прокурорлар қызметіне де ресми сауал жолдадық.
Айтпақшы, «барлаушылардың бастығы» Рахметов пен Рахимов тергеу кезінде «жоғарыдан түскен тапсырманы орындағандарын» айтқан көрінеді. «Барлаушыларға» жоғарыдан тапсырма беруге кім құзыретті?
Күштік құрылымдар, оның ішінде Антикор мен ІІМ-нің «соғысы» әзірге Антиордың пайдасында. Антикор бір шалт қимыл жасады да, қарсыласын «алып ұрды». Жазылмаған «соғыс заңына» сәйкес, ендігі әрекетті ІІМ-ден күтеміз…