Қоғам

Былыққа батқан жүйе: Шымкент қалалық диагностикалық орталығындағы ахуал

Диагностика

Әрбір азамат міндетті әлеуметтік сақтандыру қорының дерекқорында бар кез келген мекемде емделуге және медициналық қызмет алуға құқылы, – деп хабарлайды Azatmedia.kz


Міндетті әлеуметтік сақтандыру қоры (МӘМС) денсаулық сақтау субъектілерінің дерекқорына сүйенсек, Шымкент қаласында міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінде қызмет көрсететін 175 мекеме бар. Оның 34-і мемлекеттік болса, қалғаны жекеменшік. Десе де консультативтік-диагностикалық қызмет бойынша қаладағы емханалардың дені жолдаманы Шымкент қалалық диагностикалық орталығына береді. Осы тұста бірқатар кедергілер туады.

Біріншіден, жолдамамен келген азаматтар 2-3 күннен бастап 2-3 аптаға дейін кезек күтуі тиіс. Ал ақша төлеген адам 1 сағаттың ішінде, әрі кетсе 1 күнде тексеріліп, нәтижесін қолына алады. Екіншіден, белгіленген уақыт келгеннің өзінде бірден қызмет алу мүмкіндігі тағы жоқ. Көппен қатар отырып кезек күту керек. Шағымданған жандарға ақылы қызмет ұсынылады. Келіскендерге кезексіз қызмет көрсетіледі. Карантин уақытында ақша төлегендерге қызмет көрсетіп, қалған адамдарды тар дәлізде күттіріп қою, шипа іздеп сабылып жүрген көптің өмірін қатерге тігу емес пе?!
Осындай қиындыққа тап болғандардың бірі – жас ана Ақбөпе. Оның айтуынша, ауданға қарасты емхана дәрігері УДЗ-ға түсу үшін Шымкент қалалық диагностикалық орталығына жолдама берген. Ол келген уақытта жоғарыда аталған кедергілерге кезіккен. Осы және өзге де келіп түскен арыз-шағымдарға орай «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Шымкент қаласы бойынша филиалына хат жолдаған болатынбыз. Өкінішке қарай, ұғынықты жауап ала алмадық. Заң баптары мен салалық терминдер тізілген хаттан ұққанымыз мынау:


Қалалық емханалар УДЗ үшін Шымкенттегі МӘМС денсаулық сақтау субъектілерінің дерекқорындағы аппараты бар кез келген мекемеге жібере алады. Осы тұста науқастың негізгі таңдауы ескерілуі тиіс. Бірақ емханалардың барлығы, неге екені белгісіз, Шымкент қалалық диагностикалық орталығына жібереді. Ал ондағы ахуал жоғарыдағыдай.

Әрбір науқас МӘМС қорының дерекқорында бар кез келген мемлекеттік яки жекеменшік аурухананың қызметін тұтынуға құқылы. Бірақ бұл іс жүзінде тағы да жүзеге асып жатқан жоқ. Емханаға келген әрбір науқас еріксіз түрде дәрігер жазып берген орталыққа барады. Яғни, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға көшкенімізбен, жүйе бұрынғы қалпынан қозғалмай тұр. Аудандық емханалардың дәл осы мекемеге жолдама беруінің артында әлдекімдер тұруы мүмкін деген ой жылт ете қалады осындайда.


МӘМС қорымен келісімшартқа отырған мемлекеттік болмаса жекеменшік мекеме әрбір пациент үшін қаржы алады. Бірақ сол мекеме қызметкерлері ақылы қызмет те ұсынып жүр. Екі жағдайда да мекемеге ақша аударылады. Осы тұста МӘМС қоры арқылы баратын науқастардың құқығының шектеліп жатқанын аңғарамыз. Мәселен, ахуалы ауыр науқас барды делік. Кезек күтіп отыр. Ал жай ғана тексерілуге барған адам ақша арқылы кезекті «сатып алды». Осы жағдайдан орталықтың алғашқы адамның денсаулығына бей-жай қарап отырғанын аңғару қиын емес. Ендеше ақ халатты абзал жандарды Гиппократ антына берік бола алмауына кім себепші?! Әлде ақылы қызметтің ақшасы мекеменің басы-қасында жүрген әлдебіреудің қалтасына кетіп жатыр ма?! Халықтың денсаулығы ойыншық емес. Мекеме қызметі тексерілуі тиіс.


Бұдан бөлек, жоғарыда атап өткеніміздей кезек күту уақыты – 2-3 аптаға дейін созылады. Ал Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мәліметтері бойынша, қызметті күту ұзақтығы 10 күннен асқанда 7.1 ақаулық коды қолданылып, төлемнен қызмет құнының 30 пайызы шегеріледі. Ендеше аудандық және қалалық емханалардың барлығы неліктен Шымкент қалалық диагностикалық орталығына жолдама беруге әуес?! Орталықтың науқастан да, МӘМС қорынан да ақша алып отырмауына кім кепіл?


Сонымен қатар кезек күту уақыты 30 күнге дейін созылса, сырқат асқынып, ауру күш алып кетпей ме деген ой мазалайды. Хатқа сүйенсек, мұндай жағдайда мониторинг жүргізіліп, тиісті шаралар жасалады. Бірақ қандай шаралардың қолданылатыны турасында ашық ақпарат тағы жоқ.


Қорыта келсек, талай рет талқыланған МӘМС тағы да шулы мәселеге айналып отыр. Бұл жолы даудың басы – Шымкент қалалық диагностикалық орталығындағы ахуал. Еліміздегі жағдай елордамыздың қақ төріндегі ауруханалардың өзінің дертпен күресуде қауқарсыздығын көрсетіп, белшеден батқан былығын жұртқа жария етіп еді. Ал сыбайластық тақырыбы қозғалса, әуелгілерден болып ауызға ілігетін Шымкенттің шынайы ахуалдың тексеруді талап етіп отырғаны жасырын емес.

Қатысты жаңалықтар

Әлеуметтік желіде жалған жарлы көп

azatmedia

Ұлт саулығына, болашағына үлкен қауіп

azatmedia

СУ ТАСҚЫНЫ КЕЗІНДЕ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ АССАМБЛЕЯСЫ ИГІ МИССИЯНЫҢ КӨШБАСШЫСЫ БОЛДЫ 

azatmedia

Пікір қалдыру