Ақпарат

САЙРАМДЫҚТАР СЕРПІНДІ ДАМУ ЖОЛЫН ЖАҚТАЙДЫ

Ұлт денсаулығы еліміздің ең басты байлығы саналатыны белгілі. Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында денсаулық сақтау жүйесінің сапасын арттыруға бағытталған бірқатар нақты міндеттер белгіленген болатын. Соның ішінде медициналық көмектің бірыңғай базалық топтамасын және медициналық ақпарат жүйесін жасау, мемлекеттік-жекеменшік әріптeстік ресурстарын нығайту, медицина саласындағы білім сапасын арттыру жөніндегі басымдықтар айқындалды.Президент Жолдауында айтылған осы міндеттер мен отандық энергетикалық кешенді трансформациялау жөніндегі бастамалар бүгін АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб мүшелерінің Сайрам ауданындағы бірқатар сауықтыру орындарының медицина саласы қызметкерлерімен өткен кездесулерде талқыланды. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының және Мәжілісінің депутаттары, саяси партиялардың өкілдері, облыстық және аудандық мәслихаттардың депутаттары, қоғам белсенділері, эколог және энергетик мамандардан жасақталған Халықтық штаб мүшелері Манкент шипажайының, «Mankent clinic» жекеменшік медициналық ұйымдарының және “АХБК” тігін фабрикасы еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізді.Денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерімен өткен жүздесулерде, атом электр станциялары орналасқан аймақтардағы радиациялық ахуалдың қалай болатыны көбірек қозғалды. Штаб өкілдері бұл мәселеде қоғамда алаңдаушылық болмауы керектігін айтып, атом станцияларынан қоршаған ортаға тарайтын газдың көлемі көмір станцияларымен салыстырғанда едәуір төмен екендігіне назар аударды. АЭС-тен күл және мұнай өнімдерімен ластанған ағынды сулар шықпайтынына баса мән берілді.Атом энергетикасын тұтынатын елдердің тәжірибесі көрсеткендей, адамдардың күнделікті өмірде алатын радиациялық дозаның барлық мөлшерінің ішінде, атом энергетикасынан келетін сәулелену тек 0,1 пайызға тең келетіні айтылды. Ғалымдар ірі жылу электр станциясы аймағындағы жеке сәулелену дозалары атом электр станциясының аймағындағы ұқсас дозадан 5-10 есе артық екенін тәжірибе жүзінде дәлелденгені жария етілді. Ғылыми негізде дәйектелген бұл мысалдардан радиацияның әсерінен технологиялық тұрғыда қорғануға болатынын көруге болады. Осы секілді дәлелденген тұжырымдардың негізінде әлемдік қауымдастық ядролық энергетиканы адам мен қоршаған ортаға залалы жоқ «жасыл энергетика» деп танығанын мәлімдеді.«Ядролық станциялардың қауіпсіз болуын қамту – бұл бір елдің шеңберінен асып, ғаламдық деңгейдегі жауапкершілікке алынған мәселе. Әрбір атом электр станциясы табиғи апаттарға төтеп бере алатындай болып салынады. Мұндай станциялардың қауіпсіздігіне – Дүниежүзілік атом энергиясы қауымдастығы тұрақты бақылау жүргізіп, назарында ұстайды. Станцияда жұмыс істейтін мамандар әлемдік стандарттар бойынша дайындықтан өткізіледі және олардың кәсіби дайындығы халықаралық ұйымның үнемі қадағалауында болады», – деді Парламент Сенатының депутаты Әли Бектаев.Кездесулер барысында сондай-ақ, атом энергетикасы экономиканың маңызды қозғалтқышына және жоғары технологиялық сектордың локомотивіне айналатыны жөнінде пікірлер айтылды. Бұл өз кезегінде энергетика секторымен іргелес салаларға, оның ішінде отандық медицинаның дамуына, осы бағытта тың ғылыми ізденістер жүргізуге серпін беретіні де кеңінен қозғалды.Сайрамдық медицина мамандары Қазақстанда АЭС салуды қолдайтындықтарын білдіріп, дамуға бастайтын іргелі істе прогрессивті идеяны жақтауға дайын екендіктерін жеткізді.  

Қатысты жаңалықтар

ЕҢБЕК ҰЖЫМДАРЫНДА МАҒЫНАЛЫ КЕЗДЕСУЛЕР ӨТТІ

azatmedia

ОТЫРАРДАҒЫ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТЕХНИКАЛАРЫНЫҢ 53 ПАЙЫЗДАН АСТАМЫ ЖАҢАРТЫЛҒАН

azatmedia

ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ЕҢ ӨЗЕКТІ ДЕГЕН САУАЛДАРЫ ТЫҢДАЛДЫ

azatmedia