Бүгін Отырар ауданында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы Экологиялық кеңестің көшпелі мәжілісі өтті, деп хабарлайды «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған anyqtimes.kz ақпараттық агенттігі.
Облыстық мәслихат депутаты Бегімбет Байғараевтың төрағалығымен өткен жиынға «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Полат Тұрсынбаев, Түркістан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Әбдуәлиев, Түркістан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Тайшыман Дәулетқұл, Түркістан облыстық экология департаменті мемлекеттік экологиялық аға инспекторы Мади Қожатайұлы және Отырар ауданы әкімінің міндетін атқарушы Жансұлтан Сейтжанов пен кеңес мүшелері қатысты.
Экологиялық кеңестің төрағасы Бегімбет Байғараев жиынды ашып, күн тәртібінде қаралатын жәйттерді атап өтті. «AMANAT» партиясының Түркістан облысы бойынша 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі жол картасының V тармағының орындалуы, яғни экологиялық жағдайды жақсарту жөніндегі шараларды Түркістан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Әбдуәлиев баяндады. Қазіргі таңда Отырар ауданында аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің теңгерімінде тұрған 21 қоқыс тастайтын полигон орындары бар. Аталған полигондардың құжаттамалары толық рәсімделгенімен олардың ешқайсысы санитарлық-экологиялық талаптарға сәйкес келмейді. Сөз алған Түркістан облыстық экология департаменті мемлекеттік экологиялық аға инспекторы Мади Қожатайұлы аудандағы қатты тұрмыстық қалдықтарды тастайтын полигондардың көбею салдарынан бүлінген, шаруашылық жүргізуге жарамайтын жер телімдері пайда болғанын атап өтті. Аудан әкімдігі тарапынан аймақтағы 21 полигонның 16-ның экологиялық рұқсат күшін жоюға ұсыныс берілген. Егер ұсыныс қабылданса 84 га жер телімі босамақ. Демек, босаған жерді өзге де қажеттіліктерге пайдалануға болады. Жиында аудан аумағында орналасқан қатты тұрмыстық қалдықтар полигондар ахуалының сын көтермейті назарға алынды.
Отырар ауданы әкімінің міндетін атқарушы Жансұлтан Сейтжанов бүгінде аймақтағы тұрмыстық қатты қалдықтар тастайтын полигондардың жай-күйі туралы баяндады. Қазіргі қоғамның ең үлкен мәселелерінің бірі коммуналдық қалдықтарды кешенді тәсілмен және тиімді басқару жүйесі болып табылатынын атап өткен Жансұлтан Әділжанұлы Көксарай ауылынан қатты тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны құрылысын жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірлеуге аудандық бюджеттен тиісті қаржы қарастырылып, мемлекеттік сатып алу шаралары ұйымдастырылып жатқанын жеткізді.
Экологиялық кеңес отырысында қаралған Отырар ауданындағы шыбын-шіркейді жою шаралары туралы мәліметті Түркістан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Тайшыман Дәулетқұл баяндады. Шіркей санын азайту мақсатында бүгінгі таңға, 40 мың килограммнан астам биологиялық препараттар суға жіберілген. Сондай-ақ, Түркістан, Кентау, Арыс қалаларымен Отырар, Шардара, Мақтаарал, Келес және тізімге енбеген Сауран ауданында да химиялық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ал, аудан әкімінің міндетін атқарушы Жансұлтан Әділжанұлы соңғы 4-5 жылдың көлемінде жаз мезгілінде Сырдария өзені жағалауында шіркейлердің шамадан тыс көбейіп кетуі аудан тұрғындарын әбігерге салып жатқанын жасырмады. «Отырар ауданы мен Арыс қаласының шекаралық аумағында орналасқан «Көксарай» су реттегіші шіркейдің таралу, яғни дернәсілдерінің жетілуі ошағы болып отыр»,-деп атап өтті.
Жиын барысында кеңес мүшелері және партия қызметкерлері тарапынан аудандағы өзге де өзекті делінген экологиялық ахуал жайы сөз болды. Отырар ауданында белгілі бір аумақты ғана қамтып шоғырланып адам денесіне пайда болатын жұқпалы жара бірнеше жылдан бері күрделі мәселе болып келеді. Бүгінде тұрғындарды жара басу ошағы кеңейіп, қиын ахуалға айналып барады. Халық арасында жиі болатын «AMANAT» партиясы Отырар аудандық филиялының атқарушы хатшысы Еркеғали Таңатаров осы жәйтке қандай да бір тосқауыл болатындай шара қарастырылса деген ұсынысын білдірді. Сондай-ақ, балық өндіруге қадағалауды күшейту, жұлуға тыйым салынған кеурек пен қызыл мияға бақылауды назарға алу ұсынылды.