Бүгін «АМАNАТ» партиясы жанындағы Өңірді дамыту жөніндегі республикалық кеңес отырысы болып өтті. Кеңес отырысына «АМАNАТ» партиясының хатшысы Ержан Жұматұлы Жылқыбаев, кеңес төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Тұрсынбекұлы Бейсенғалиев, кеңес мүшелері мен орталық мемлекеттік орган өкілдері қатысты, деп хабарлайды «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған anyqtimes.kz ақпараттық агенттігі. Республикалық жиынға бейнеконференцбайланыс арқылы партияның Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Дүйсенбекұлы Үмбетәлиев, партияның облыстық филиалы жанындағы Өңірлік даму жөніндегі кеңестің төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Бақытжан Қыпшақбайұлы Серманизов және облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Әбдіразақұлы Қайыпбек қатысып отырды.
Берік Бейсенғалиевтың төрағалығымен өткен жиын партияның Сайлауалды бағдарламасындағы Жол картасының 145-тармағы, оның ішінде «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру барысына арналды. Алдымен сөз алған ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Бақытұлы Омарбеков «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясындағы республика көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Елімізде 6256 елді мекен болса, онда 7,6 млн. халық өмір сүреді. Бұл жалпы еліміз халқының 38,4 пайзын құрайды. Соның ішінде 3,6 мың елді мекен даму перспективасы жоғары ауыл ретінде таңдалынып алынған.
Өңірді дамыту жөніндегі кеңесте Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Ұлытау облыстарымен бірге Түркістан облысының да «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясындағы атқарған жұмыстарының барысы баяндалды. Түркістан облысында «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасы аясында әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуды қажет ететін 609 ауылдық елді мекеннің тізімі анықталып, облыс әкімдігінің қаулысымен бекітілген. Жоба аясында 2019-2022 жылдары аралығында 51,8 млрд. теңгеге 1000-нан астам жоба жүзеге асырылған. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Қайыпбек 58 инфрақұрылымдық, 126 әлеуметтік нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілгенін атап өтті. Ауылдардағы 1000 шақырымнан астам ішкі көшелер орташа жөндеуден өтіп, нәтижесінде, 182 елді мекен тұрғындарының өмір сүруіне қолайлы жағдай жасалып отыр. Жобаларды жүзеге асыру барысында бүгінге дейін 7 мыңға жуық жұмыс орындары ашылған.
«2023 жылы жоба аясында 166 елді мекенде 352 жобаны іске асыруға бюджеттен жалпы 31,3 млрд.теңгеге жуық қаржы бөлінді. Биыл бұл жоба 185 елді мекенде жүзеге асатын болады»,-деп атап өткен Қайыпбек Әбдіразақұлы ҚР Ұлттық экономика министрлігі тарапынан 2025 жылдан бастап спутникті елді мекендерде іске асыру жоспарланған 30 жоба қолдау таппай отырғанын мәлімдеді. Атқарылған жұмыстарды баяндай келе республикалық кеңес төрағасына «Ауыл-Ел бесігі» жобасына «Елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру» және «Қатты тұрмыстық қалдықтар алаңының құрылысы» бағытын қосу жөнінде ұсынысын жолдады.
Кеңес төрағасы Берік Тұрсынбекұлы айтылған ұсыныстар назарға алынатынын айтып, өңірдегі бірдей құрылыс нысандарына бөлінген қаржыдағы айырмашылық жөніндегі сұрағын жолдады. Аталған сауалға бақарма басшысы нақты деректермен тиянақты жауап берді. Жиын барысында кеңес мүшелері «Ауыл-Ел бесігі» жобасы аясында өңірлерде атқарылып жатқан кейбір мәселелерге қатысты ескертпелерді атап, ұсыныстар жеткізді.