Жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ТУРИСТІК ӘЛЕУЕТІН АРТТЫРУ БОЙЫНША ТАЛҚЫЛАУ ӨТКІЗІЛДІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл өңірімізге жасаған сапарында Түркістанға тарихи және рухани елорда мәртебесін беруді ұсынды. Түркістанды атажұртымыздың алтын қазығы деп атап өтті.

– Түркістан – бәріміздің мақтанышымыз, екі дүние есігі, ер түріктің бесігі атанған бүкіл әлемге танымал қасиетті жер. Осы киелі шаһардың төл тарихымызда айрықша орны бар. Түркістан төріндегі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – руханиятымыздың мызғымас діңгегі. Сондықтан Түркістанға, жалпы, осы облысқа ерекше мән беруіміз керек. Бұл, ең алдымен, Үкіметіміздің басты міндеті, – деді Президент. Мемлекет басшысы қазақ жылнамасына алтын әріппен жазылған көптеген тұлғаларымыздың осында жерленгеніне тоқталып, былтыр қалаға Түркі әлемінің рухани астанасы деген мәртебе берілгенін айтты. Президенттің пікірінше, бұл оқиға Түркістанды тұтас түркі жұрты ерекше қадірлейді дегенді білдіреді.

Туризм саласы соңғы уақытта Түркістан өңірінде қарқынды дамып, тұрғындардың туристерге сапалы қызмет көрсетіп, олжаға кенелуіне мол мүмкіндік бар екенін дәлелдеуде.Түркістан қаласындағы «Ұлы Дала елі» орталығында облыс аумағында туризм саласының дамуы туралы талқылау жиыны өтті. Еркін форматтағы мәжіліске Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев, облыстық туризм және мәдениет басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Әділ Қонысбеков, жауапты сала мамандары мен оңтүстіктің туризм саласы өкілдері қатысты. Атап айтқанда, жиынға ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға жауапты басшылар, қонақ үй мен мейрамханалардың негізін қалаушылар, гидтер, туроператорлар, қоғам белсенділері шақыртылды.

Бейсен Дәулетұлы биыл күзде Түркі мемлекеттері ұйымдарына мүше елдердің туризм министрлерінің қатысуымен маңызды жиын өткізу көзделіп отырғанын хабарлады. Ауқымды шарада 2024 жылы Түркістан қаласына түркі әлемінің туристік астанасы статусын беру қарастырылады.Алдымен туризм саласында облыс көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар мен жобалар таныстырылды. Түркістан өңірінде тарихи-танымдық, экологиялық және емдік-сауықтыру туризм бағыттары бойынша жұмыстар атқарылады. Облыстық мәдениет және туризм басқармасының бөлім басшысы Нұрдәулет Медеуовтің мәлімдеуінше, облысқа 2022 жылы 470 мың турист келген. 2023 жылдың 5 айында көрсеткіш 100 мыңды құрап отыр. Статистика EQONAQ туристерді есепке алатын бірыңғай ақпараттық жүйесіне тұрақты түрде енгізіледі. Туристік компания мен қонақ үйлердің мәліметі бойынша наурыз, мамыр және тамыз айларында сұраныс жоғары.

Туризм саласына тартылған инвестиция өткен жылмен салыстырғанда артқан. Бұл тұста жеке инвесторлардың белсене атсалысқаны байқалады. Жыл соңына дейін 16 жоба және 20 оқиғалық туристік іс-шара өткізу жоспарлануда. Әуе рейстерінің аясын кеңейту қолға алынды. Өзбекстан Республикасымен туризмді дамыту келіссөздері жүргізілуде. Қазақстанның өзге де аймақтарымен ынтымақтастық орнатылады.

Басқосуда инфрақұрылымды жүйелеу, экологиялық белсенді және балалар туризмін дамыту, гидтермен тығыз байланыста жұмыс жүргізу және оларды оқыту, ақпараттық-танымдық кітаптар шығару, жобаларды туризм саласының өкілдерімен кеңесе жүзеге асыру жөнінде ұсыныс-пікірлер ортаға салынып, алаңдатқан сауалдарға жауаптар берілді.

Жиынды ұйымдастырушылар барлық айтылған сындар, көтерілген мәселелер ескерусіз қалмайтынын және облыстың туризм саласын дамытуда бірлесіп нәтижелі іс атқарылатынын жеткізді. 

Қатысты жаңалықтар

ҚАМҚОРЛЫҚСЫЗ ҚАЛҒАНДАР БАСПАНАСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ

azatmedia

ШАЛҒАЙ АУЫЛДАҒЫ КӨШПЕЛІ ҚАБЫЛДАУ

azatmedia

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА «АУЫЛ АМАНАТЫ» БАҒДАРЛАМАСЫНА ҚОСЫМША АУЫЛДЫҚ ОКРУГТЕР ҚОСЫЛАДЫ

azatmedia