Өркениет өркен жайған бүгінгі өскелең дәуірдегі өрелі жаңалықтардың бірі, тіпті бірі болғанда бірегейі ғаламтор техникасы. Қазіргі таңда осы техника біздің күллі тұрмыс-тіршілігімізге дендеп енді. Бұл күндері ғылым-техника, мәдени-ағарту, емдеу-денсаулық сақтау, сауда-финанс қатарлы сан алуан қызмет өтеу түрлерінің әрі тез, әрі өнімді, әрі икемді жақсы жүрілуін компьютерсіз, компьютерлер өзара тұтасқан ғаламторсыз көз алдыңызға елестетуіңіз қиын. Әлемді дүр сілкіндірген жаһандану үрдісінің өзі ақпарат технологиясы яғни ғаламтор арқылы жүріліп жатқан ықпалы күшті үлкен құбылыс. Адам баласы ұзақ уақыт қолданып келген дәстүрлі қарапайым ақпарат тәсілі қазіргі электронды ми жүйесімен басқарылатын қарқыны тез ақпараттанған қоғамға, ғаламтор дүниесіне құшағын айқара ашқалы ол адам баласының ой еңбегімен дене еңбегін барынша жеңілдетіп, электронды тетіктер арқылы айлық алыс жерден қас қағым сәтте ақпарат алатын ғажайып мүмкіндіктерге ие етіп, адамдарды сан қилы әурешіліктерден жеңілдете бастағандығы айдан анық жағдай.
Ғаламтор – сіз бен біз үшін айтқанда не қажеттің бәрі табылатын қазыналы қамба. Оның бізге үйретер өнегесі, берер берешегі санап тауысқысыз. Қазіргі дамыған дәуірге дұрыс сәйкестенгісі келген адамға бұл технология ауадай қажет. Оның қызмет аяасы ғаламат кең, не керектің бәрі бар. Тек тілін толық меңгеріп, керек дерекке тінтуірмен дұрыс мақсатта ойдағыдай ене білсеңіз болғаны. Қысқасы әлемді уысына алған ғаламтор біз үшін адамзат ақыл парасатының телегей теңізінен емін-еркін сусындайтын бүкілдей жаңа жүйе қалыптастырып берді. Егер сіз ғаламторға шықсаңыз төрткіл дүние ашсаңыз – алақаныңызда, жұмсаңыз – жұдырығыңызда тұрғандай әлемнің қай қиырында, нендей уақиға болып жатқанынан дер кезінде хабардар болып отырасыз.
Күнделікті тұрмыста ғаламторды дұрыс мақсатта істете білсеңіз оның пайдасы ұшан-теңіз. Сіз ғаламтор арқылы тексті, хат-хабарды, құжаттарды, суреттер мен дыбыс-кескін материалдарды қабылдап алуыңызға не танысыңызға жолдап жіберуіңізге, күн сайын емес, сағат сайын, сәт сайын жүзеге асыруға әбден болады. Көптеген адамдар, әсіресе ғаламтор қолдауншылары, ғаламтордың адамзаттың ең үлкен қолжетістігі екендігімен келісері анық. Ол, қалтқысыз ақпарат көзі болуымен қатар, адамдарға қажет біліммен сусындауға, қиюы келмес мәселелердің шешімін табуға көмектеседі. Әлемдік тордың жан-жақты, білімді, көзқарасымыз кең болып, көптеген қызықты дүниелерді үйренуімізге себебі мол.
Оған қоса, ғаламтордың тағы бір артықшылығы – мемлекеттер мен құрлықтар арасындағы шекараны жойып, адамдарға араларындағы қашықтыққа қарамастан бір-бірімен араласуға, сөйлесуге мүмкіндік беруінде. Тіпті, әлемдік тор арқылы әлемнің екі бұрышындағы адамдар достасып та жатады. Танымдық бағдарламаларды көру, жаңа ақпарат алу, білімімізді толықытыру, шетел тілдерін үйрену арқылы ғаламторда уақытымызды тиімді әрі пайдалы өткізуге болады. Кей адамдар ғаламтор арқылы мамандық алып, жұмысқа орналасып жатады. Бұлардан бөлек, ғаламторды жолын білгендер табыс көзі ретінде қолдана алатыны да жасырын емес. Дегенмен, ХХІ ғасырдың байланыс құралдары – интернет пен ұялы телефон қолданысы ақпаратты жылдам алу және оны қажетті нысанға сапалы жеткізудегі адамзат үшін жасалған тек пайдалы игі жаңалық десек, қатты қателеседі екенбіз. Таяқтың екі ұшы бар секілді, бұл арада да олар екі түрлі мақсат мен мүддеге құрылған. Біз соның жақсы жағын көріп, ІТ технология жетістіктерін тиімді пайдалануға тырысамыз. Ғаламторды дұрыс мақсатта пайдалана білмегенге ол айықпас алапат дертке айналары даусыз екені тағы бар. Қазіргі уақытта өте аз сандағы тектеп-тежеуден тысқары қалған жастар, әсіресе жасөспірімдер компьютер мен ғаламтордағы жасанды, ғажайып, қияли әлемге кіріп алып, шынайы дүниеден мүлде қол үзіп, мәңгүрттенуге қарай бет бұруда екені жалған емес. Осындай жасанды, қияли әлемдегі өмір өсер ұрпақтың дене тұлғасы мен ақыл-есі даму тұрғысынан ақаусыз өсіп жетілуіне кері әсерін тигізетін орасан зор құбыжық құбылысқа айналды. Әрине, ғаламтордың пайдасы мол екендігі даусыз. Алайда оның зияны да аз емес. Ғаламтордың зиян жайлы сөз болғанды ең бірінші қозғалатын тақырып – ғаламторға тәуелділік. Ал бұл аңыздан алынған термин емес. Ғаламтор қолданушыларының 10%-ы ғаламторға тәуелді екендігі ғылыммен дәлелденген. Тіпті, олардың бірқатары ғаламторды үй, тағам, су іспетті өмірлік маңызды дүние деп есептейді. Оңтүстік Корея, Қытай, және Тайваньда ғаламторға тәуелділікті ұлттық деңгейдегі мәселе ретінде қарастырады. Десе де ғаламтордың зияны тек мұнымен шектелмейді. Компьютер мониторының алдында ұзақ уақыт отырудың өзі көздің көруіне теріс әсер етсе, компьютер алдында дұрыс қалыпта отырмағанның салдарынан қимыл-тірек аппаратына зиян келтіреді.
Адам психикасына кері әсер ететін ақапараттарды да ғаламтордың зиянды жағына қоса аламыз. Ғаламтор арқылы алаяқтар жеке тұлға жайлы мәлімет алып, оны өз мақсатына қолдануы мүмкін. Сонымен қатар, әлемдік тор арқылы компьютер жүйесіне зақым келтіріп, зиянын тигізетін вирустар тарайды. Әрине, ғаламтордың пайдасы мен зияны да жетерлік. Ал егер әр әрекетіңізді ақылға сала отырып жасасаңыз, ғаламтордың зиянын көрмессіз деген пікірдеміз. Ғаламтордың зияны жайлы сөз қозғалғанда жат ағымдардың жастарды ғаламтор арқылы арбауына тоқталмай кете алмадық. Деструктивті діни ағымдардың жақтастары кeз келген бағыт бойынша, соның ішіндe ғаламтор арқылы да жастарымыздың санасын улап, қоғамымызға іріткі салып бағуда. Қоғамға дендей eнген әлеуметтiк жeлінің пайдасымен қоса зияны да бар. Мысалы, деструктивті діни ағымның жeтегінде кеткендердің 88% пайызына осы әлеуметтік желі әсер еткені белгілі. Таяу Шығыста белең алған лаңкестік әрекеттeрімен танылған «ДАИШ» халықаралық террористік ұйымы әлeуметтік медиа және ғаламторлық тeхнологиялық қосымшаларды пайдалану арқылы өзге елдерден келген содырлармен қатарын көбейтті.
Әлем бойынша ұйымдарға қосылушылардың 80% – дан астамы – ғаламтор арқылы арбалғандар. Деструктивті діни ағымдардың жастарды арбау әрекеттері осы ғаламтор ресурстары арқылы, соның ішінде әлеуметтік желілерде жүзеге асырылуда. Деструктивті діни ағымды ұстанушылардың басым көпшілігін жастар құрайды. Олар діни ағымдарға рухани азық іздеп кіріп жатқаны да қаперден шықпауы керек. Әсіресе олардың негізгі нысанасы әлеуметтік жағдайы мен дүниеге деген көзқарасы толық қалыптаспаған жастар болып табылады және діни сауаты жоқ, жұмыссыз жастарды еліктіріп т.б қатарына тартады. Интернет кеңістігін өз мақсаттарына тиімді пайдалануда, олардың қызметi өздерінің идеологиясын белсенді түрде насихаттауға, жаңа мүшелердi өз қатарларына тартуға, жақтастарын теориялық және практикалық тұрғыдан оқытуға және өздерiне қарсы шыққан желі қолданушыларына қарсы ақпараттық күрес жүргізуге, жалған ұрандарымен дінді бұрмалап, жастарға ықпал етудің түрлі жолдарын жасап бағуда. Деструктивті діни ағымға ерушілердің діни сенімі мен ұстанымдары біздің қоғам мен мемлекетке қарсы және агрессиялық сипатта екені белгілі. Адам бойында қалыптасқан көзқарастық агрессия түбінде іс-қимылға айналуы әбден мүмкін екені анық. Бұған елімізідің бірнеше аймағында орын алған террорлық оқиғалар дәлел. Радикалды ағымдар көбінесе «Facebook», «Вконтакте», «Одноклассники», «Instagram», «Telegram», «Tik-tok» әлеуметтік желілерін жастар арасында кең қолданысқа ие. Экстремистер әлеуметтік желілерде күндіз-түні жастарды аңдып, олардың өмірлік көзқарастары мен дүниетанымдарын зерттеп, өз айла-тәсілдерімен саналарын сан түрлі жолмен арбауға тырысып бағады.
Деструктивті діни ағым өкілдері жас өспірімдердің назарын аудару мақсатында түрлі форматта контент жасауда. Әсіресе, жасөспірімдер арасында танымал болған «Tik-tok» әлеуметтік желісінде өз насихаттарын жүргізуде. Қорыта айтқанда, ғаламторды теріс мақсатқа пайдаланып, бұрыс ақпараттар аласыз ба, әлде пайдалы ақпараттар тауып, оны кәдеңізге жаратасыз ба, оны өз қалауыңыз біледі. Интернет – бұл сізге қалаған ақпаратыңызды табуға жағдай жасайтын үлкен ақпарат алаңы. Пайдаланушының ерік-жігеріне келіп тірелетін құмарлықтың ғажабымен бірге зардабы да қатар жүреді. Өзіне керегін алып, уақытын үнемдей білетіндер ғана бұл дертпен күресе біледі. Дайын асқа дәмеленбей, өз мақсатына жетуді, жеңіспен бірге жеңіліс қатар жүретін өмірді сүруді ғаламтордан абзал көрсек қана өзімізді тәуелсіз мемлекетіміздің болашағы деп есептей аламыз. Төрт бұрышты қораптың ішіндегі әлемде емес, шынайылықта өмір сүрген абзал екенін ұмытпағанымыз жөн болар.
М.Салиходжаев, дінтанушы маман, Түркістан қаласы.