Біз өмір сүріп жатқан технологиялық ғасыр, ақпараттық-коммуникациялық төңкеріс ғасыры дейміз, сондай-ақ спутниктер, бағдарламалар және жаһандану ғасыры немесе ғаламтор дәуірі деп әртүрлі атаулар берудеміз. Бұл дәуірдің өткен ғасырлардан мүлде ерекше екендігі айдан анық.
Тұнғыш президентіміз Н.Ә. Назарбаев айтқандай, неге әлемге әйгілі ірі дамыған он мемлекеттің тізімінде бірде-бір мұсылман елі жоқ. Бәлкім, бұл мұсылман әлемі нақты жауап таба алмай келе жатқан сұрақтардың бірі болар? Күн сайын Батыс елдері мен Азия елдерінде жарық көріп жатқан таңқаларлық ғылыми жаңалықтар мен жетістіктер, ислам әлемін ерекше толғандырады. Ғылыми төңкеріс дәуірінде мұсылман елдері өздерінің қаншалықты артта қалып жатқанын аңғара бастады.
Ал, сонау VIII-XIV ғасырларда араб елдерімен қатар, Ислам діні тараған басқа да аймақтарда философия, медицина, эстетика, математика, астрономия тәрізді көптеген ғылым салалары қауырт дамығаны тарихтан белгілі. Бұл құбылыс «Ислам Ренессансы» деген атауға ие болған еді. Осынау орта ғасырларда ғылымның ерекше дамуына Шығыстың, араб елдерінің, оның ішінде Орта Азия ғалымдары әл-Фарабидің, Әбу Әли ибн Синаның, Әбу Рушдтың, Бирунидің, Махмұт Қашқаридың, Жүйнекидің және тағы да басқа ғұламалардың сіңірген еңбегі өте ерекше екенін атап өткен жөн. Кезінде Ислам шығысы әлемнің түкпір-түкпірінен білім алғысы келетіндер жиналған әлемдік ғылымның орталығы болғанын бәрі біледі. Осылайша мұсылмандар ғылымның барлық саласын жоғары деңгейде дамытып, өркениеттің дамуына барынша үлес қосты. Діни ғылымдар мен басқа ғылымдар үйлесімділік тапты. Білім-ғылымның арқасында мұсылман елдері әлемдегі ең күшті мемлекетке айналды.
Сонымен, бүгінгі таңда мұсылмандар елдерінің артта қалуының себебі неде? Осыған байланысты бүгінгі ғылыми еңбектер мен баспасөз беттеріндегі мақалаларға назар аударсақ. Біріншіден, ХІV ғасырдан бастап Ислам ғылымының құлдырау кезеңі басталды, ал бұлай болуына тарихшылар әртүрлі болжам жасаған. ХІV ғасырдан кейін Ислам ғылымының көптеген еңбектері латын тіліне аударылып, жалғасын Батыс Еуропа елдерінде тапты. Олардың ішінде музыка, философия, оптика, геометрия, астрономия, медицина туралы ілімдері кең тараған еді.
Екіншіден, Ислам діні ғылымды екіге бөлді. «Діни (шариғат) ғылым және дүниелік (зайырлы) ғылым» деп нақты айырып келген. Осы уақытқа дейін Ислам елдері діни білімдерге басымдық беріп, зайырлы ғылымдарды шектеді. Бұл мәселені мұсылман ғұламалардың еңбектеріндегі пікірлерді зерттеген адам ғылымдарды екіге бөлетінін көреді: шариғаттық ілімдер – тәфсир, хадис, фикһ, т.б. Шариғаттық емес ілімдер – философия, оптика, геометрия, астрономия, медицина, т.б. жай ғана оқуға көмекші құрал ретінде қарастырылды. Сонымен қатар олардың арасында дәреже, құндылық және артықшылық жағынан үлкен айырмашылық беріп келген.
Үшіншіден, XXI-ғасырдағы ғылыми-техникалық прогрестегі артта қалудың ауқымын нақты түсіну үшін төменде көрсетілген дамыған мемлекеттердің ғылыми зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (бұдан кейін ҒЗТКЖ) жыл сайын қанша қаражат жұмсағанынан аңғаруға болады. Мысалы: АҚШ-476,5 млрд. доллар, Жапония-170,5 млрд. доллар, Қытай-370,6 млрд. доллар, Германия-109,8 млрд. доллар, Оңтүстік Корея-73,2 млрд. доллар, Франция- 60,8 млрд. доллар.
Енді өздерін ислам өркениетінің негізгі дамыған мемлекеттері ретінде көрсететін алты жетекші мұсылман мемлекеттері (Түркия, Мысыр, БАЭ, Пәкістан, Индонезия, Иран) ҒЗТКЖ-на жалпы алғанда жылына 42,7 миллиард долларға жуық қаражат жұмсаса, Оңтүстік Кореяның өзі ҒЗТКЖ-на 73,2 млрд доллар жұмсайды екен.
Сондай-ақ, Батыс және Азия ғалымдары Венера, Марс планеталарының жер қыртысы мен климатын соңғы ровермен (планета бетінде қозғалатын марсаход) ұзақ уақыттан бері зерттеп жатқанда, кейбір мұсылман елдерінде әлі күнге дейін Жердің тегіс немесе шар тәрізді екеніне байланысты бітпейтін дау-дамай жүргізілуде. Сонымен қатар, бұл пікір-таластар қарапайым мұсылмандар арасында ғана емес, қазіргі дін ғұламалары тарапынан да қызу талқылануда.
Ал қазіргі таңда, өкінішке орай мұсылмандардың шариғат ілімдеріне ғана көңіл бөліп, жаратылыстану ғылымдарын дамытуда кенже қалып жатқаны жасырын емес. Шариғат ілімдерін ғана оқып, әлемнің жаратылыс құпияларын ашатын жаратылыстану білімдеріне мән бермеу мұсылмандар үшін жат, әрі өте қатерлі. Ислам дінінің көркейіп дамуы үшін шариғи білімдер қаншалықты қажет болса, жаратылыстану ғылымдарынсыз оны жүзеге асыру тіптен мүмкін емес. Неге десеңіз ол екеуін бір-бірінен бөліп-жаруға болмайды.
Діни ғылым арқылы біз Жаратушыны танимыз, ғибадатты дұрыс жасау жолдарын үйренеміз. Бұған дінді және шариғатты зерттеуге қатысты барлық ілім салалары жатады. Мысалы Құран ілімдері, сүннет және хадис ілімдері, ақида, фиқһ және оның негіздері, ахлақ, шариғатқа, дінге қатысты ғылымдар. Сонымен қатар, бұл бөлімге осы ғылымдарды үйрену үшін қолданылатын қосымша араб тілі мен әдебиеті, тарих т.б. секілді ғылым салалары да кіреді. Ал зайырлы ғылымдар дегеніміз адам өз өмірін жақсартуға, елін-жерін көркейтуге, қоршаған ортаны зерттеуге, ғаламды тануға арналған ғылымдарды жатқыза аламыз. Бұған медицина, геометрия, астрономия, химия, физика, география, биология, жер бетін және өсімдіктерді, жан-жануарларды зерттеуге арналған ғылым салалары жатады.
Бүгінгі таңда бұл екеуінің арасын бөліп тастау мұсылман мемлекеттерінің дамуы көшінен артта қалуына әкеліп соқтыруда. Орта ғасырларда Ислам діні осы зайырлы жаратылыстану секілді ғылымдар дамыған уақыттарда әлемді мойындатты, орта ғасырдың ең күшті дамыған мемлекеттеріне айналды, атақ-даңқтың шегіне жетті. Осы зайырлы ғылымдары дұрыс жолға қойылмай, зерттелмей қалған кездерде дамымай, артта қалды. Бұған тарихтың өзі куә. Сондықтан екі ғылымды да қатар алып жүру – адамзат баласының негізгі міндеті.
А.Дүйсен, теолог маманы, Түркістан қаласы.