Қазақ халқының ұлттық құндылықтары мен салт-дәстүрлері сан ғасырлар бойы қалыптасқан жүйе болып есептеледі. Ата-бабаларымыз кез-келген көтерілген мәселеге ерекше зейін қойып қарап, шешімін табу барысында жан-жақты қарастырып, оның жағымды және жағымсыз, пайдалы және зиянды жақтарын жіктеп, саралау жұмыстарын жүргізетін болған.
Қазақ халқы атадан қалған мұра мен мирастың маңыздылығын, дәстүр мен сенімнің, ырым мен нақылдың, ілім мен білімнің құндылығын түсініп, оны өз баласының бойына дарытып, ұрпақтарға өсиет етіп қалдыруға ерекше көңіл бөлген. Ананың жатырында жатқан күнінен бастап баланың дұрыс азамат, жауапкершілігі бар тұлға, елін қорғайтын, ата-анасын сыйлап өсер ұрпақтың туылуына жағдай жасайды. Бала туылған сәттен азан шақырып атын қойып, оның ел болашағын қалыптастыратын, ұлтының тірегі болатын азамат болып өсуін қадағалайды. Ата-бабамыздан қалған дәстүрлердің мәні мен мағынасы адамгершілігі мол, жан-жақты тұлғаны қалыптастыруға бағытталған.
Қазақ жұртының ұлт болып қалыптасып, аталған құндылықтардың сақталуында негізгі рөлді ойнаған – қазақ ойшылдарының мұралары. Қазақ ойшылдары халқына жанашыр, жастардың тәрбиесі мен біліміне, ойы мен санасының дамуына көңіл бөлген, ұлты үшін қызмет еткен тұлғалар. Қазақ ойшылдарының халық мұрасындағы дін, фольклор, әдебиет, музыка, өнер, қоғамдық және әлеуметтік , философия және тағы басқа қозғаған тақырыптары әлі күнге дейін өзінің маңыздылығы мен өзектілігін жоймаған.
Ислам дінінің бастапқыда соғыс арқылы таралғандығы белгілі. Ислам діні мен қазақ ұлтының сол уақыттағы діни көзқарасы ұқсас болды деп сипаттап көрсетеміз. Араб әскерлерінің Қытай әскерлерімен соғыс нәтижесіндегі жеңісі ислам дінінің Орта Азия жерлеріне таралуының және орнығуының бастауы болды. Қазақстан территориясының Оңтүстігінен бастап тарала бастаған Ислам дінін алғаш болып Түргеш қағанаты қабылдап, кейіннен Қарахан мемлекті мемлекеттік дінге айналдырды. Қазақ халқының адамгершілік-рухани сенімі Ислам дінін қабылдауда еш қиындық туындамаған болатын, себебі ата-баба дәстүрі мен Исламның негізгі пастулаттарының басты құндылықтары мен берер өнегесі, пайдасы бір болып табылады.
Қазіргі таңда еліміз «зайырлы» мемлекет болып есептеледі. Қазақстан Республикасының 2011 жылы қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңнамасында Исламның Ханафи мазхабы мен Христиандықтың Православие бағытының Қазақстан тарихындағы рөлінің ерекшелігі туралы аталып өткен.
Қазақ халқының қалыптасу тарихында мұсылманшылдықтың рөлі ерекше. Еліміздің тұғырын қалаған Керей мен Жәнібектен бастап, Тәуке ханның «Жеті жарғысы» Ислам заңдарына сүйене отырып құралған болатын. Ислам қабылдағаннан кейін де салт-дәстүрлеріміз өзінің өзектілігін жоғалтпады, діндегі құқықтық талаптар дәстүрлеріміздің маңыздылығын көрсетті, яғни көптеген салттарымыз бен ырымдарымызға, наным-сенімдерімізге дін оң көзқараспен қарады. Бұл дегеніміз қазақ жұртының ақылдылығы мен ойының тереңдігін көрсетеді.
Қазіргі таңда қарастыратын болсақ, қазақи дәстүр мен исламның байланысқаны соншалықты, кейбір дәстүрлеріміздің, сенімдеріміз бен нанымдарымыздың ортасында анық сызық жүргізе алмаймыз. Олар өзара бірігіп, ерекше қасиетті және құнды формаға ие болған. Матуриди ақидасының сенімдік өзектері халқымызбен жеңіл қабылданып, бір болып кетті. «Қазақ» деп атағанда, адамды бірден Исламның Ханафи мазхабымен байланыстыратынымыз анық.
Қазақ ақындар мен жазушыларға, ойшылдар мен философтарға, елім деген азаматтарға бай ұлт. Қазақ ойшылдары үнемі елдің бірлігі мен болашағы үшін қызмет жасады. Халқының көзі ашық, көкірегі ояу болғанын қалап, жастарының тура жолдан таймауды, білім мен ғылымға ғашық етіп тәрбиелеуден мақсат еткен ойшылдарымыз осы жолда сарпылмас еңбек етіп, өте құнды мәліметтерді мұра етіп қалдырды. Ақын-жазушыларымыз адамдық пен адамгершіліктің, шындық пен ақиқаттың, еліне деген махаббат пен білімге деген құштырлықтың маңыздылығын ашық көрсетті.
Имам Матуриди Исламдық өзге мазхабтармен таласқа түскен тақырыптарының ең негізгісі ақыл ойдың қолданылуы болды. Имам дінді, шариғатты, Құранды талқылап-түсіндіруде ақыл-ойдың маңыздылығына тоқталады. Имам Матуриди «Китабу-т Таухид» атты еңбегінде ақыл-ойдың маңыздылығына тоқталып өтеді. Құран аяттарын, хадистерді, дін негіздерін түсінуде ақыл-ойды қолдануға қарсы болып табылатын топтарға өз қарсылығы ретінде «Китабу-т Таухидте» ақылды қолданбау, ақылмен сараламауды шайтанның істері ретінде сипаттаған болатын. Бұл жерден Имам Матуридидің «ақыл-ойдың» құндылығын көрсетіп, оның дәрежесін көтеріп, өз орнын көрсеткендігін байқаймыз.
Қазақ діни ойшылдарының ақыл-ойға байланысты көзқарастары белгілі. Абай атамыз өзінің қара сөздерінде, өлеңдерінде «білімдінің көзі ашық, көкірегі ояу» екендігін үнемі алға тартып, қазақ жұртының, қазақ жастарының да сондай болғанын қалаған еді. Абай Құнанбайұлы ақыл арқылы дүниені танып, оң мен солды ажыратуға шақырады. Хәкім Абай өзінің он жетінші қара сөзінде қайрат, ақыл, жүрек, өз дауларының шешімін сұрап ғылымға келіп жүгінген уақытта, ғылымның ақыл туралы айтқаны «ақылды» қолданудың мақсаты мен маңыздылығын көрсетеді. Ақыл өзінің осы дүниеде де, ахиретте де ненің пайдалы екендігін, ненің зиянды, зарарлы екендігін, оның барлығын өзінің білетіндігін алға тартады. Қайрат, ақыл, жүректің рөлдерін, олардың пайдасы мен қалай қызмет етулерін түсіндіру барысында, ақылға оның айтқанының бәрі рас екендігін алға тартып былай дейді: «…Жаратқан тәңіріні де сен танытасың, жаралған екі дүниенің жайын да сен білесің…». Бұл жолдарда Абай атамыздың ақылды ақидадағы қолданысымен түсіндіретіндігін көреміз.
«Сіз Әменту биллаһи кәма һуә би исмайһи уа сифатиһи дедіңіз. Ол есім аллалар һәмма ол алла тағаланың фиғыл ғазимләрінің аттары, олардың мағынасын біл һәм сегіз сифат затиялары не деген сөз кәміл үйрен…».
Шәкәрім Құдайбердіұлы «Мұсылмандық шарты еңбегінде»: «… біздің тіршілігіміздей дүниемен емес, біздің құдіретіміздей қол аяқ, яки қарумен емес, біздің біліміміздей ойменен, көзіменен яки біреуден ұғып емес, ақыры өзінің ешнәрсеге ұқсамағаны сықылды сипаттары да өзгенің сипатына ұқсамайды»-деген. Алла тағаланың сипаттарын білмек бөлімінде Жаратушының өздігінен бар, оны ешкім жаратпаған және ол әуелден бар екендігін айтады.
Мәшһүр Жүсіп Көпеев Алланың сипаттарын қара сөзбен емес, жырлап жеткізеді.
«Мекенін бір алланың ешкім білмес»
Сипаты сегіз болған, бірі – кәләм,
Сөйлейді құдіретімен Алла Тағалам
Сөйлеуі біздей тілмен, жақпен емес»- дей келе, Алланы жерде деп те, көкте деп те айта алмайтындығымызды ескертеді. Алланың субути сипаттарын жырлай келе, оның Кәләм (сөйлеуші) сипаты мен адамның сөйлегені мүлде екі түрлі ұғым екенін, ол біз секілді жақты қолданып сөйлемейтіндігін, естуші, білуші, бірақ Алланың өзіне тән сипатында екендігін, яғни оның басы, қолы мен көзі жоқ екендігін керемет жеткізе білген.
Ақыл – адам баласына Алла тарапынан берілген ерекше сый. Адамзатты басқа тірі тіршілік иелерінен айыратын белгісі, ол – ақыл. Абай атамыз ақылдың құдіреттілігін жете түсіндіріп, оның артықшылығын, ақылдың басты мақсатын ашып көрсетеді. Қара сөздерінің көп бөлігінде ақылдың құлшылықтағы орнын ерекше атап өтеді. Ойшыл баланы оқытып, оған білім берген уақытта, ол білімнің құлшылықты түсініп, тануға жеткілікті және сол білімнің таза болу қажеттілігін көрсетеді.
Көріп тұрғанымыздай қазақ жұртының ғұлама дін ойшылдары Матуриди ақидасын өз еңбектерінде айқын етіп түсіндіре білген. Арабша хат танымаған қазақ жұртына Ислам дінінің сенім негіздерін жеңіл етіп, қара сөз бен қара өлеңге тиек ете отырып түсіндіруге тырысқан, сол үшін еңбек еткен. Әр қазақ осы ғұламаларымыздың еңбектерімен таныс болуы керек. Қазақтың білімі мен болашағы үшін терін төккен, айдың жарығында «жұртымның ақылы артып, көңілі кеңейсе» екен деген ниетте тоқтамай қызмет еткен ойшылдарымыздың үмітін ақтау біздің қолымызда.
Д. Тұрсынбай, Теолог маман, Түркістан қаласы.