Баяғыда атақты Шоң би Баянауылда қайтыс болып, сүйегін былғарыға тігіп, бұрынғының жолымен Түркістанға апарыпты. Сонда Əзіреті қожалар: «Сүйекті Арқаға қойып үш жылдан соң алып келсеңдер еді, елдеріңнің құты екен. Құт шайқалады ғой» деген екен. Шоң би қой жылы өлген екен, келесі жылы «Қумешін» деген жұт болыпты.
Шоңның өз немересі Төк баласы Бажықай, Ақын баласы Айман өмірінде қарақасқа кедей болып құйрығы жылтырап, қартайып өліпті. Бұлардың барлығы Шоң өлген жылы туған балалар екен. Бұл аңызды Мəшһүр Жүсіп жазып қалдырған.
Сол қасиетті Түркістанға 1989 жылы сонау жылдары Эрмитажға сұраусыз əкетілген қара қазан қайтарылды. Марқұм Өзбекəлі Жəнібеков күш салмаса бұл қазанның қайтарылуы неғайбыл еді. Қара қазан Əзіреті сұлтанға қайтарылысымен көп ұзамай еліміз Тəуелсіздік алды. Қара қазанмен бірге елімізге құт келді. Өйткені бұл киелі қара қазан елдігіміздің бір символы еді, құты еді.
Əзірге қара қазан қақпақсыз тұр. Қақпақсыз тұрғандықтан жемқор деген тексіз иттерден ұят кетіп, елдің ырыс несібесін сол өзіміз қолына билік берген жамандар ұрлап тауысуға айналды. Ел ішінен бір шебер шығып, қара қазанға қарағайдан қиып, келісті қақпақ істеп жапса, ұры қары тиылар ма еді, қайтер еді…Баянауылда тұрған Қажымұқан көтерген алып қызғылт тас та — академиктер елінің бір символы еді. Өткенде Баянауылға бір финпол келіп қызмет бабын пайдаланып, Қажымұқан атамыздан қалған жалғыз жəдігерді тік көтеріп алып кетіпті дегенде қынжылғаным рас еді. Бұл туралы реніш білдіріп, ФБ жаздым да. Тіпті осы жазда бұл не деген сұраусыз жатқан дүние деп, Баянауылға барғым да келген. Бүгін міне, Жанаргүл қарындасымыз арнайы журналистік зерттеу жасап, бұл істің анығына жетіпті. Қажымұқан тасы орнында екен! Бұған əрине, бек қуаныштымыз. Қыз басымен осындай істің ақ қарасына жеткен Жанаргүл сені аруақтар алқасын!
Патша келіп қиылып сұраса да қимайтын, берілмейтін құнды дүниелер болады. Көлденең келген көк атты қайдағы бір алаяқтардың бас-басына ат басындай алтыннан бағалы ескінің көздерін өңгертіп жібере берсе, елдіктен не құн қалады?
Сондықтан елдіктің нышандары көздің қарашығындай қорғалуы тиіс.
Айтпақшы, келер 1921 жылы Қажымұқанның осынау тасты көтергеніне аттай жүз жыл толады. Бұл оқиғаны қазақша күрестен Баянауылда республикалық турнир өткізіп атап өту керек. Палуандардың ішінен осынау тарихи тасты «əуп» деп көтерер Қажымұқандай ер шықса, кəні…
Ерлан Төлеутай,
Фейсбуктегі парақшасынан.