Соңғы жаңалықтар

Жер жүзіне палуандықпен атын жайған… қазақтың Қажымұқаннан басқа кімі бар?

Күллі қазақ «күш атасы» ретінде қадір тұтқан Қажымұқан – ғибратты ғұмыр кешкен сан қырлы тұлға. 15 жасынан топқа түскен Қажекеңнің жасы 70-ке келгенше күресті тастамауының өзі – оның жаратылысы бөлек саңлақ спортшы екендігінің айғағы. Бір айта кетерлігі, 11-атасы Қарақыпшақ Қобыланды болып келетін Қажымұқанның дара бітімі бала жасынан-ақ байқалған.

Өзі құралпылас балалармен ойнап жүргенде әлдекімге жазатайым қолы тиіп кетсе, оңдырмайды екен. Соған байланыс­ты шағым айтып келген адамдарға әжесі Айсары: «Өгізге мініп ойнап жүреді де, ол зорығып жатып қалса, лақтай көтеріп, иығына салып, үйге әкеледі. Өгіз көтеріп ойнайтын бала менің ұрғанымды елең қыла ма?» – дейтін көрінеді. Толағайлық күш-қуат тумысынан дарыған Қажымұқан осылайша бала күнінен ерекшеленіп, 12-13 жасында 20-дағы жігіттің кейпіне енеді. Жоқшылық салдарынан еңбекке ерте араласуға мәжбүр болған ол Қызылжарда Масликов деген саудагерге жалданып, соның жұмысын істейді: малын бағады, шөбін шабады, жүгін тасиды. Бірде қыстыгүні шанамен шөп алып келе жатқан­да жеккен аты болдырып, алға аттап бас­пай, төрт аяқтап тұрып алады. Ыза кернеген шөпші бала қарға көмілген шананы артынан итеріп кеп жібергенде, ортаға жеккен ат шананың астына түсіп өледі. Оны таудай маяның үстіне тастай салып, екінші атты шананың артына бос байлаған Қажымұқан дәу шананы өзі сүйреп, ауылға жеткізеді. Қабырғасы әлі қатпаған қаршадай ғана баланың жойқын күші маңайдағы үлкен-кішіні түгелдей таң-тама­ша қалдырады. Қажымұқан 18 жа­сын­да Омбыға келіп, қалалық циркте өтіп жатқан күресті көреді. Сондай кезекті сайыстардың бірінде чемпионаттың күшті палуандарының бірі А.Злобин: «Көрер­мен­дер арасында күрескісі келетін адам бар ма?» – деп сұрайды. Ортаға Қажымұқан шығады. 18 минутқа созылған белдесуде орыстың кәсіпқой палуаны жасөспірім баланы әрең жеңеді. Осы белдесуден соң-ақ Қажымұқанның спорттағы үлкен жолы басталады. А.Злобин оған күрес мектебінде оқуға кеңес береді.
Оның ақылын құп алған Мұқан Петер­бургте «Ваня аға» деген атпен жұртшылық құрметіне бөленген  И.Лебе­девтің тәрбие­сін­де болып, француз күресі мен цирк өнерін ынты-шынтысымен беріле үйренеді, жалықпай жаттығады. Содан алты айдан кейін Одессаға барып, Ветлижинскийдің жекеменшік мектебіне түсіп, Еуропа мен Американың күрес түрлерін үйренеді. Күрес тәсілдерін жете меңгеріп, өз мүмкін­дігін іштей шамалаған Қажымұқан тұңғыш рет Киевте күреске түсіп, Иван Заикин секіл­ді екі-үш айтулы спортшыны жеңеді. Алайда орыстың атақ­ты палуаны Иван Поддубный­дан ұтылып қалады. Онымен артынша қай­та белдесіп, жеңіске жетеді. Бірақ шешуші белдесуде Поддубный басымдау түседі де, Қажымұ­қан жүлделі екінші орынды иеленеді. Поддубныймен өмірлік достығы осы сәттен басталған Қажымұқан ол туралы: «Ондай адамды жер жүзінен кездестірген емеспін. Адам десең – адам, палуан десең – палуан, арыс­тан десең – арыстан еді», – деп үнемі айтып өткен деседі.
Қажымұқанның күрес өнеріндегі жеңіс­ті жолы одан әрі қарай Париж, Лондон, Варшава, Гамбург, Стамбул, Рим, Прага, Ве­на, Мадрид, Одесса, Лодзь, Минск, Сим­­­феро­поль, Ялта, Орел, Вильнюс, Ков­на, Бағдат, Дамаск топырағында жалғасады және 1905 жылға дейін-ақ палуан әлемнің 24 елінде болып үлгереді. Бірқатар дерек­терге сүйенсек, күш жағынан алып қара­ған­да Қажымұқанның теңдесі болма­ған. «Оның алапат күшінен қарсылас палуан­дары­ның қорыққандығы соншалық, кейбірі тіпті чемпионаттан шығып қалуға мәжбүр болған. Сол себепті де Қажымұқан көбінесе шын күрестен аласталып, шартты күрестің маңында пайдаланылған. Оған көнбей, шындай бастаған жағдайда «күрестің ере­же­сін бұзды» деп, белдесуге қатысушылар тобынан шығарып отырған» деген де пікірлер бар. Осылайша, Қажымұ­қанның спорттық өмірбаянында әртүрлі жағдайлар кездеседі. Тіпті кейбір жекпе-жектері халқымыздың ұлы перзенті үшін шын мә­нін­дегі өмір мен өлім айқасына айналған. Мысалы, бұған палуанның Са­раки­ки, Георг тәрізді басқа да көптеген қарсыласымен жекпе-жектері дәлел бола алады. Әсілі, жақсының бағасын білу де – зор қасиет. Осы орайда, мейірбан хал­қымыз Қажымұ­қан­дай біртуар ұлын шексіз махаббатымен мейлінше аялай білген де. Ел-жұртының ыстық ықыласына тәнті бол­ған палуанның Ә.Тәжібаевқа: «Мен Қажымұқан болғалы қазақ думаны қасым­нан арылып көрген емес», – дегені бар.Дегенмен күні кеше ғана күллі Алаш жұрты аялаған Қажымұқанға бүгінгі қауымның қырғи қабақ танытып қоятыны қынжылтады. Мысалы, ол туралы «Қа­жымұ­­қан әлем чемпионы болмаған, тек халықаралық деңгейде күрескен» деп қызылкеңірдек болатындар да жетіп-артылады. Бұл ретте олардың Қажымұқан­ның әлемнің 60-қа жуық елінде күш сына­сып, алтын, күміс, қоласын қоса есепте­генде, барлығы 48 медальды олжалағанын, сондай-ақ көптеген дүниежүзілік бірінші­лікке қатысып, «Азия, Африка чемпионы», «Әлем чемпионы» атақтарын бірнеше дүркін жеңіп алғандығын «естен шығарып» алатындары өкінішті. Бірақ ел не десе, о десін, Қажымұқан – әріден айтсақ, шын мәнінде, «Жер жүзінің балуаны», беріден айтсақ, күллі «Қазақ даласының батыры». Енді бірегей тұлға өмірінің былайғы жұртқа беймәлім беттеріне үңіліп көрелік…

Дереккөз: alashainasy.kz

Қатысты жаңалықтар

МҰРАТ ӘЙТЕНОВ: «IKOMEK 109» ОРТАЛЫҒЫ ӨЗІНІҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫН КӨРСЕТТІ

azatmedia

ҚАЛА ӘКІМІ КҮНДІЗГІ СТАЦИОНАРЛАРДЫ АРАЛАДЫ

azatmedia

Коронавирусқа шалдыққандар саны 30 миллионнан асты

azatmedia