Соңғы жаңалықтар

Қажымұқанның біз білмейтін ұрпақтары Францияда тұрады

Күш атасы – Қажымұқан атамыздың өмірінде төрт рет үйленгені белгілі. Ал бесіншісі…Францияда француз әйелінен туған ұрпақтары бар екен. Ол туралы сәл кейін.

Қажекеңнің бірінші әйелі – Бәтима. 16 жастағы Бәтимаға 1909 жылы үйленген. Бәтиманың шын есімі – Надежда Николаевна Чепковская. Циркте аттың құлағында ойнайтын биші болған. Некелері Омбы мешітінде қиылып, мұсылманша есім алған. 1966 жылы қайтыс болған. Бәтимадан 1910 жылы Қажекеңнің Халиоллла деген ұлы туады. Одан жеті немересі тарайды.

Екінші әйелі – Ырысты Тынымбайқызы. Ырыстыға 1925 жылы үйленген. Одан үш қызы тарайды.

Үшінші әйелі – Мүнәйім. Оған 1938 жылы үйленген. Мүнәйімнен 1939 жылы Айдархан деген баласы туады.

Төртінші әйелі – Айшагүлден 1948 жылы елге белгілі жаттықтырушы болған Жанәбіл деген баласы туады. Қажымұқан ол кезде 77 жаста болған. Жанәбілдің баласы – белгілі композитор, әнші Бақытжан Қажымұқанов .

Балуан атамыздың басқа да әйелдері болды ма, біз білмейтін ұрпақтары бар деген сұраққа, марқұм қажымұқантанушы Қалиәкпар Әміржановтың былай дегені бар:

«Әрине, палуан ағамыз жас болды, мас та болуы мүмкін. Өз көзімізбен оқығанымызды, өз құлағымызбен естігенімізді несіне жасырамыз. 1960 жылы Қызылордаға Москва циркі келіп, ондағы Николаев деген палуан өзін Қажымұқанның баласымын деп жариялағанда, халық нөпірі отыз күндей цирктің алдын бермейді. Бұл қазақ халқының батыры Қажымұқан Мұңайтпасовқа деген құрмет, үлкен ілтипат болатын. 2005 жылы маусым айында Омбыдағы цирктің директорының орынбасары болып істейтін, өзі бала кезінен цирктің аренасында қызмет істеген Евгений Юрьевичпен кездестім. Оның айтқаны:

– 1960 жылдары болу керек. Бізге бір айдай жыл сайын келіп-кетіп білек күшімен (силовик) ойын көрсетіп жүрген Герасимов: «Мен Қажымұқанның баласымын, осы Омбы облысында тұратын менің ағайындарым бар деп, Шарлақ, Русская поляна, Дробышев (Нововаршавка) аудандарына сұранып, апталап барып тұратын. Бұл әңгімені сол жылдары елге (Омбы облысына) амандық-саулық білуге барып жүргенде мен де естігенмін. Жайықбай деген менің жолдасым: – Еңгезердей бір орыстың жігіті келіп, шешемнің айтуы бойынша, менің шын әкем Қажымұқан деп әдейі іздеп келдім дегеннен кейін, ел болып қарсы алдық, мал сойып, Қажымұқан аруағына ас бердік деген еді.

Ал енді «Караван» газетінің 2009 жылғы №15, 10 сәуірдегі санында Қажымұқанның Айдарханнан туған немересі Шаттық:

– «1996 г. мы к своему удивлению получили приглашения из Франции, где как выяснилось у Кажымукана остались дети от жены француженки. Они пригласили нас приехать, но отец (Айдархан), как член партии наотрез отказался ехать «к буржуям» и больше мы связь с ними не поддерживали» дейді. Қажекеңнің балаларымыз деп жүрген азаматтар мүмкін жалған да болар, бірақ Қажымұқан деген атының өзі жалғыз қазақ халқының мақтанышы емес, басқа да ұлттардың өкілдері бұл есімді мақтан етіп, атын шығару үшін пайдаланған ғой деген де ой келеді. Онда тұрған не бар? Француз императоры Наполеонның неменелері Ресейдегі II Николайдың, Кеңес Одағын басқарған Сталиннің шөберелері Еуропа, Азияда еміс-еміс табылып жатқан жоқ па? Біздің Қажымұқанның олардан кем болмағаны байқалып-ақ тұр».

Төреғали Тәшен, qamshy.kz.

Қатысты жаңалықтар

АУДАНДЫҚ ТӘЖІРИБЕЛІК СЕМИНАР ӨТТІ

azatmedia

Кәсіпкер балық шаруашылығын дамытуды қолға алды

azatmedia

БӘЙДІБЕК: ТҮСІНДІРУ ЖИЫНЫ ӨТТІ

azatmedia