Соңғы жаңалықтар

ҚАЖЫМҰҚАНҒА ЖАСАЛҒАН ҚАСТАНДЫҚ

Өмірдің тар жол, тайғақ кешуін бір кісідей бастан өткерген көрнекті ғалым, техника ғылымдарының докторы, профессор Абай Тұрсынов Ленинград қаласының жоғары оқу орындарында ұзақ жыл ұстаздық етіп, бертінде Алматыға көшіп келген зейнеткер. Абай Тұрсыновтың айтуынша, Қажымұқанмен жақсы қарым-қатынаста болған ата-анасы бір жолы әйгілі балуанды төніп келген ажалдан аман сақтап қалыпты. Оған өзі тікелей куә болған. Сол туралы Әбекең былайша сыр шертеді:

– Байдың баласы деп қуғынды көп көрген әкем Әбдірахман кезінде Бұқара медресесінде оқыған, рабфакта тыңдаушы, қызыл әскер құрамында мұсылман отрядының мүшесі, Ленин­градтағы Эрмитаж бен Орыс музейінде шығыс тарихы мен мәдениеті бойынша кеңесші болған. Тәжікстанда кеңес өкіметін орнатуға қатысқан. Туған жері – Ташкент қаласының іргесіндегі Жаңажол ауданына қарасты Торқыс ауылы. Анам Жайсаң әйгілі әнші Жамал Омарованың шешесі Жаңылыспен апалы-сіңлілі. Мен Жамалмен бөлемін.

1928-1929 жылдардағы байларды тәркілеу кезінде еті тірі, көзі ашық әкем Тәжікстанға өтіп, Сталинабадта бас сауғалайды. НКВД қызметкерлері оның кім екенін (бір жансыз танып қойған) білгенмен, орыс, тәжік, өзбек, араб, қазақ тілдерін білетін адам ауадай қажет болғандықтан қамауға алмастан, әртүрлі қызметке пайдаланады. Екі жыл шекаралық алыс заставада бастық болады. Кейін Сталинабадқа барып, осында 1932 жылғы аштықтан жүздеп, мыңдап келген босқын қазақтарға көмектесетін қабылдау орнын ашады, қалаға жақын жерден қазақ ауылын ұйымдастырады. Біраз уақыт әке-шешем де сол ауылда тұрып, кейін Сталинабадқа көшеді. Қалада да, ауылда да үйлері болды. Мен 1933 жылы 23 қаңтарда Сталинабадтағы Орзоб өзенінің бойында өмірге келіппін. 1940 жылдан бастап үш жыл Алматыда тұрдық. Мұнда Жамал Омарованың күйеуі Есей жездем жұмыс, баспана беріп қамқорлық жасаған аса мейірімді, иманжүзді Біләл Ықсановпен бір аулада тұрып, оның кейін мемлекет қайраткері болған (біз Мұса дейтінбіз) Мұстақым деген ұлымен бірге өстік.

1943 жылы әкем соғыста болғандықтан,  әжем, анам, інім төртеуіміз атамекеніміз Жаңажол ауданына оралып, сонда 1951 жылы орыс орта мектебін медальмен бітірдім. Өзбекстан комсомолы орталық комитетінің жолдамасымен Мәскеудегі Су шаруашылығы институтына түстім. Оған сол кездегі Бүкілодақтық мақта шаруашылығы министрі Усман Юсупов та септігін тигізді. Өзбекстанда бірінші басшы болған, ферғаналық өзбек Усман біздің ағайын-туыстармен дос-жаран, қазақшаға судай еді. Институтты бітірген соң Красноярск ГЭС-інде екі жыл істеп, сол жерден Ленинградқа аспирантураға шақырылдым. Кандидаттық, докторлық қорғап, біржола қалып қойдым, сонда үйлендім. Кейін Алматыға қоныс аудардық.

Бұл есте қалғандарды алда баян ете­­тін жайларға қатысты болғандықтан ай­тып отырмын. Енді соларға келейін. Әкем Сталинабадтағы сырттан келетін гу­­манитарлық азық-түлік, киім-кешек, басқа да көмектерді қабылдап, алыс-жа­қын елді мекендерге полуторка жүк ма­ши­на­­­сымен жеткізіп тұрды. Сол кездегі мұ­­сылмандардан шыққан бірден-бір шопыр еді.

Әкемнің табысы мол, жетіспеушілік, жоқшылық дегенді білмейміз. 1938 жылы жазға салым бүкіл қалаға қазақтың Қа­жымұқан балуаны келе жатыр деген ха­бар тарады. Қазақ атаулы түгел құ­лақтанып, тәжіктерге кім екенін біл­ді­ретін мүмкіндік туғанына қуанды. Жал­пы, Тәжікстан кеңес өкіметі кеш орнаған республика-тын. Алыс таулы аудандарда кеңестік тәртіпті мойындамау, бағынбау, басмашылық, қарақшылық қырқыншы жылдарға дейін созылды. Сондықтан ба екен, айналада кімнің дос, кімнің жау еке­нін ажырату оңай емес-тін. Тәжіктер ортақ тіл табысып, қазақтарға жақсы қарады.

Көп кешікпей зарыға күткен цирк те келіп, базар алаңына шатыр тікті. Шағын вагондар тізіліп, үйретілген жануарларға (ат, түйе, аю, ешкі, ит) ашық қоралар жасалды. Тәжіктер музыкаға бейім, өнерлі, би десе кәрі демей, жас демей жанып кетеді. Цирк келді дегенде, ойын болатын күнге дейін ертелі-кеш кернейлетіп, сырнайлатып, ән шырқап, би билеген тәжігі, қазағы, өзбегі аралас халық қуанышында шек болмады.

Цирк ашылатын күні де солай болды. Бір кезде: «Ойын басталады», деген дауыс естілді. Жұрт тынышталды, ойын өтетін алаң мұқият тазартылды. Музыка ойнап, цирк алаңына оң қолын жоғары көтерген Қажымұқан шықты. Үстінде спорт костюмі. Ары-бері асықпай жүріп, жұртқа тағзым етті. Жаршы оның кім екенін, атақ-дәрежесін жариялап болысымен: «Ал, іштеріңізде дүние жүзіне белгілі балуанмен күш сынасамын дейтіндер бар ма, бар болса, ортаға шықсын!» – деп хабарлады. Сәлден соң ұлты белгісіз, бірақ, мұсылманша киінген біреу, одан кейін нақ сондай тағы біреу, тағы, тағылар шығып жатты. Қажымұқанға шақ келген ешқайсысы жоқ, әрине. Бәрінің жауырыны жер иіскеді, олардың алдын-ала дайындалған цирктің өз адамдары екенін кейін білдік.

Балуандар күресінен кейін алаңға өзге артистер шықты: гимнасткашылар, жонглерлер, үйретілген жануарлар деген­дей. Әсіресе, масқарапаздар­дың (клоун) өнеріне тәнті болып, төбелері көкке жет­кендердің екі езулері құлағында.

Үзілістен кейін алаңға қайта шыққан Қажымұқан біресе білектей темірді доғадай иіп, біресе екі пұттық тасты басынан айналдыра оңды-солды үйіріп, бұлшық еттерін ойнатып, талай тамашаға кенелтті. Онан соң бірнеше әртіс – бірі Қажымұқанның арқасына, бірі төсіне, бірі иығына жабыла мініп, аяғы ғана көрінген батыр алаңды айнала жүріп өтті.

Ең соңында алаңға қалың етіп ағаш үгіндісі төгілді. Оған Қажымұқан арқа­сы­мен жатып, тұла бойын көмкере тақ­тайлар мен тіреуіштер қойылды. Бұл батырдың бүгінгі соңғы «өнері». Қо­рабы адамға толы полуторка машина балуанның үстінен жүріп өтпек. Жұрт у-шу. Кейбіреулер көруге бата алмай, көз­дерін қолымен жабады. Кенет кер­ней­дің дауысы естілісімен, машина қас қаққанша балуанның үстімен өте шықты да, алаңның қарсы бетіне барып тоқтады. Демдерін ішінен алған көрермендер ба­луан аман ба, жоқ па, біле алмай дал.

О, ғажап! Төрт адам көтеріп әкелген тақтайлар мен тіреуіштерді жан-жаққа сарт-cұрт лақтырып, астынан Қажымұқан тұрды. Дін аман. Көрермендер ышқына айқайлап, көздеріне жас алғандар, теріс айналғандар қаншама. Керней-сырнайдың үні құлақты жарып барады. Қатты қорыққан мен бақырып жылап жібердім. Жанымда отырған Шынар әжем бетіме мұздай су бүркіп, есімді жиғызды.

Ойыннан кейін бүкіл қазақ цирк алаңына жақын жердегі біздің үйге жиналып, әне-міне дегенше бір баспақ, бір қойдың еті қазанға салынды. Үлкен бөлмеге мол дастарқан жайылды. Мені орталарына алған әкем, тағы бірнеше жасы үлкен ақсақал балуанды дәмге шақыруға бардық. Суға шайынып, киі­мін ауыстырған Қажекең иығына қа­зақы жібек шапанын жауып, басына тақия­сын, аяғына жылы шұлық киіп, ағаш орындықта дем алып отыр екен. Бізді көріп жылы жымиды да, үлкендермен жеке-жеке қол беріп амандасты. Мені жерден іліп алып жоғары көтерді де, маңдайымнан бір сипап, төмен түсірді. «Үйлеріңнің жақындығы жақсы екен», – деп баруға келісім берді. «Барша әртісті ертпейсіз бе?» – деген әкеме: «Қажеті жоқ, олар ертеңге дайындалады», – деді.

Үйге келдік. Аула толған қазақтар екі жарылып, балуан ортада келеді. Есік алдында қолын жуып, кең бөлмеге кірді.

Бір таңғалғаным, батыр тамақты аз жеді. Бастан ауыз тиген соң, бір құлағын маған кесіп беріп, жамбастың етінен бір кесіп аузына салды да, екеуін де қасындағы ақсақалға ұсынды. Ол да солай жасап, балуан сарқытынан басқаларға ұсынды. Дабыр-дұбыр, жиылған жұрт балуанның әңгімесін тыңдады. Әкем үй иесі ретінде дастарқан басындағыларды Қажекеңе таныстырып, көрші бөлмедегілер де естісін деп, қаттырақ сөйлеп отырды. Оның Қажымұқанмен бұрыннан таныс екені де аңғарылмай қалған жоқ. Қонақтардың қанша отырғанын білмеймін, ұйықтап кетіппін.

Ертеңіне болатын ойынға мені апар­ған жоқ. Ойын болды ма, жоқ па, оны да білмеймін. Цирктің қанша күн өнер көр­­сеткені де жадымда жоқ. Бірақ, цирк жа­былар қарсаңдағы көрініс есім­де. Әдет­тегі ойын бітіп, балуанның үсті­нен машина өтетін кез жеткенде бұрын­ғы­­дай емес, ештеңе болмайтынын біліп жай­барақат отырған жұрт кенет жай түс­кендей улап-шулап, дүрлікті де кетті. Ба­­­луанға қалқан болған «көпірдің» кілт шө­гіп, төмен түсуіне сол да жеткілікті еді. Қо­­­раптағы адамдар дереу секіріп-секіріп кет­ті. Көрермендер алаңға ұмтылды. Бұл екі арада «көпір» астынан өңі боп-боз болып, әзер көтерілген Қажымұқан машинаның жа­нына тәлтіректеп барды да, шопырды тік көтеріп алып, дөңгелектің астына атып ұрды. Бірнеше адам Қажымұқанды зембілге салып, алаңнан алып бара жатты…

Осы оқиғадан кейін барша қазақтың еңсесі түсіп, жабырқап, жасып жүрді. Әкем де үйден шықпай, машинаның артқы дөңгелектері мен моторын күні бойы шұқылайды да отырады. Мені ешқайда жібермейді. Гуманитарлық көмектер сап тыйылды. Анда-санда ұсқынсыз біреулер әкемнің жанына келіп, тұрып-тұрып қайтып кетеді.

Үш дөңгелекті велосипедім бар еді, соны мен де күніне бірнеше рет бұзып, бірнеше рет жөндеймін.

Бір жолы түн жарымда оянып кеттім. Ұйқым қашып, әлденеге елегізимін. Жанымда әкем де, шешем де жоқ. Бүйірдегі бөлмеден болар-болмас жарық байқалады. Жақын барып қарасам, есік пен төрдей болып спорт костюмін киген таудай адам созылып жатыр да, әкем оның аяғын уқалап отыр. Таудай адам Қажымұқан еді. Қорқып кетіп, анамның артына тығылдым. Жылы шырай беріп қасына шақырды, тізесіне отырғызды, басымнан сипады.

Анам шамды сөндіріп, тез жатып қалдық. Ертеңіне ұйқыдан оянған соң әкем ешкімге ештеңе айтпауымды ескертті. Өзі кешке қарай машина­ны апыл-ғұпыл жөндеді де, қараңғы тү­с­сімен Қажымұқанды қорапқа жат­қыз­ды. Үстіне азық-түлік салған қап, қор­­жын, басқа да бірдеңелер тиеп, ка­би­на­да жападан-жалғыз әлдеқайда түн­делетіп жүріп кетті. Бірнеше күннен кейін үйге оралды. Әкемнің аман-есен келгеніне, Қажымұқанның қауіп-қатерден құтылғанына шүкірлік еттік.

Осыдан кейін, неге екенін қайдам, қаладағы үйді тастап, қазақтар тұратын «Орджоникидзе» колхозына көшіп бардық. Едені тас, аңыраған суық үйге орналастық. Әкем Орзоб ГЭС-іне механик болып кірді. Ол жерде суық тиіп сырқаттанған соң, колхоз бастығына жұмысқа жарамсыз екі жүк машинасынан бір машина құрастырайын деп өтініш айтыпты. Бастық қарсы болмаған. Бұған кемі бір-бір жарым ай уақыт керек екен. Сондықтан, әкем анам мен мені пойызға отырғызып, Ташкенттің маңындағы ту­ған жері – Жаңажол ауданына жіберді. Онда туған-туыстарды армансыз аралап, бір айдан кейін Сталинабадқа аттану үшін Кауфманская стансасына бардық. Жанымызда – бізді шығарып салуға келген анамның шешесі Бусара мен туған інісі Қуанышбек нағашым. Бұл жерге пойыз кейде бес минут тоқтайды, кейде тоқтамай, баяу жүріспен өте шығады екен. Үлгерсең міндің, үлгермесең қалдың. Билет қолда болса да, көңіл алаң. Залда бізден басқа адам жоқ.

Кенет есік жақтан аяғына саптама етік, бұтына галифе шалбар, үстіне сырма көйлек киіп, белін жалпақ белдікпен буған зор денелі адам кіріп келе жатты. Залды көзімен шолып, бізді көрісімен, ентелей жүрді.

Жүрісі ширақ, жеңіл. Қажымұқан! Аяқ астынан мәре-сәре болдық та қалдық. Қуанышбек нағашым перронға шығып кетті. Қажымұқан анамның жанына отырып, бірдеңелерді айтып жатты. Мен оның тізесіне шықтым да, жырық-жырық құлақтарының біріне әзер ілініп тұрған оймақтай қызыл етті жайлап ұстап көрдім. Басын қозғаған сайын оймақтай ет діріл қағып қозғалады. Шоқпардай үлкен мұрны да түртіп қалсаң, түсіп қалатындай көрінеді.

Кенет есіктен көрінген Қуанышбек нағашым: «Пойыз келе жатыр!» деп да­уыстады. Асығып-аптығып сыртқа ұмтылдық. Екі буманы екі қолына ұстаған Қажымұқан перронға шыққан соң бірін әжеме, бірін нағашыма ұстата сап, по­йызды күтті. Баяулап пойыз таяла бергенде алдымен вагон ішіне мені доп­тай атып жіберді. Ізінше анамның мінуіне көмектесті. Онан соң орғып барып, пойыз жүрісіне ілесе алмай, кейін қала берген нағашым мен әжемнің қолындағы екі бума жүк пен жеңілдеу заттарды әкеп алдымызға тастады да: «Қош бол! Әбдірахманға сәлем айт!» – деп айқайлады. Дауысы тарғылданып, құмығып шықты. Көзінен жас ыршып кеткендей көрінді.

Бізді шығарып салған адамның кім екенін білген пойыздың жолсеріктері мен былайғы жолаушылар анам екеумізге елден ерек ілтипат білдіріп, Сталинабадқа жеткенше қас-қабағымызға қарап барды.

Пойызға отырған соң анам мені көпке дейін сөйлетпей, ананы-мынаны айтып қақпайлай берді. Тек Сырдариядан өткенде ғана шешіліп, Қажымұқанның құлақтары неге жырым-жырым дегеніме, ол жапон балуанының ісі деді. Онан соң кілемге үсті-басына сабын жағып шыққан судандық зәңгінің аузына шеңгелін салып, бас терісін сыпырып алғаны жайлы айтты. Бәрін білуге құмартқан мен:

– Сталинабадта оны не үшін өлтірмек болды? – дедім анама.

Барлығын да бұрыннан жақсы білетін анам:

– Ол жергілікті НКВД адамдарының ісі. Қажымұқанды жапон тыңшысы деп көзін жойып, біреулерге жағынғылары келген болса керек. Бірдеңе десе машина астына түсіп өлген өзі дей салу түк емес. Алайда, арам ойлары іске аспай, өздері ит болды. Сол қарғыс атқан күні батырды жаншып өлтіргісі келген шопырға алдымен қораптан секіріп-секіріп түскен – көбі қазақ – адамдар жол бермей, балуанды аман сақтап қалды, – деді.

Қастандық жасалған кештегі апақ-сапақ кезінде Қажымұқанды әлдебір сенімді адамдар көрші үйдің қорасы арқылы біздің үйге әкеліп жасырып, өздері «балуан қашып кетті» деген лақап таратып жібереді. Тіпті: «Амудария арқылы өз қолымызбен Ауғанстанға шығарып салдық» деген адамдар да табылып жатты.

Қажымұқан дүрбелең біткенше біздің үйде жатыпты. У-шу саябырлаған соң әкем Денау, Сұрхандария (Жиделібайсын), Қашқадария арқылы балуанды Самарқан жақтағы Жизақ өлкесіне апарып, сондағы азуы алты қарыс қыпшақ ағайындарының қолына тапсырады. Олардың бас көтерер азаматтары тездетіп Ташкентке жеткізеді. Сол жерде Қажекең сол маңайдағы ел-жұртты аралайды, қонақ болады. Сонда анам екеуміздің келгенімізді естіп, бізді іздеп тауыпты.

Қажымұқанға Сталинабадта жасалған қастандық сыры осындай. Ол туралы әлі күнге дейін айтылған-жазылған ештеңе білмеймін. Анам марқұм Мұратқан Тәнекеев деген кісі Қажымұқан туралы кітап жазарда Алматыдан әдейі іздеп келіп, біраз мағлұмат алды деуші еді. Кейін кітабы шыққанда жөнді ештеңе кездестіре алмадық. Себебін білмеймін. Не анам толық айтпады, не цензура жібермеді, бірдеңе деу қиын. Жалпы, Қажымұқан жөнінде дерек-мәліметтер жұтаң. Айтылатын сөздер бір-бірінен алыс емес, егіздің сыңарындай ұқсас. 51 медалінің бәрін сатып жіберді немесе жоғалып кетті дегенге кім иланады? Жұмбақ. Олардың бәрін жіктеп-саралау менің міндетіме жатпайды. Бұл жерде жетпегенді жеткізіп, толмағанды толтыра қояйын дейтін де ниетім жоқ. Көзім көріп, куә болған, өзім білетін нәрсені ғана ортаға салғанды жөн көрдім. Ішімде кетпесін, жұртшылық біле жүрсін деп…

Жазып алған Зәкір АСАБАЕВ.
АЛМАТЫ.

Қатысты жаңалықтар

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНА КВЕСТ-САЯХАТ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

azatmedia

ҚАЛА ӘКІМІ КҮНДІЗГІ СТАЦИОНАРЛАРДЫ АРАЛАДЫ

azatmedia

РҰҚСАТ ЕТІЛГЕН КƏСІПКЕРЛІК СУБЪЕКТІЛЕРДІҢ САНИТАРЛЫҚ САПАСЫНА МОНИТОРИНГ ЖҮРГІЗІЛДІ

azatmedia